«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сандық сапаға көшкен емхана

0 268

Еліміздің «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты адам өмірінің барлық салаларын қамти отырып, әрбір азаматтың өмір деңгейін жоғарылатудың бір жолы ретінде оң өзгерістерге жол ашпақ. Айгүл Қасымова басқаратын №8 қалалық емхана – денсаулық сақтау саласын цифрландыруды алғашқылардың бірі болып қолға алған мемлекеттік мекеменің бірі.

Бүгінгі күнде емханада тіркелген 70760 адамның медициналық карталары сандық сапаға ауыстырылып, электронды «Денсаулық паспортына» толық көшірілген. Емхананың барлық кабинеттерінде компьютер орнатылып, учаскелік дәрігерлер мен медбикелер кешенді бағдарламаға сай жұмысын тиімді ұйымдастырып отыр.

– Осыдан он шақты жыл бұрын емхана жұмысын цифрландыруға кіріскен болатынбыз. Дегенмен алғашқы талпынысымыз діттеген мақсатымызға бірден жеткізе қоймады. Оның бір ұшы қаржыға тірелсе, екінші жағынан бағдарламалардың олқылығы көп болды. Статистикаға, мәліметтерді қорытуға арналған бағдарлама емханаішілік жұмыстарға, дәрігерлер мен емделушілердің арасын байланыстырып, олардың өзара әрекетін үйлестіре алмады. Қазіргі қолданылатын кешенді бағдарлама, біріншіден, дәрігерге қолайлы. Ол өзінің учаскесіне тіркелген адамдардың хал-жағда­йына, олардың емханадан тысқарыда болып жатқан денсаулығына қатысты өзгерістерге мониторинг жасай алады. Өзіне қарас­ты тіркеуде тұрған адамның денсаулығы күрт төмендеп, жедел жәрдем шақырды ма, не болмаса ауруханада емделді ме, басқа да оқыс оқиғаға тап келді ме? Мұның бәрін дәрігер өз модулі арқылы емделушілердің барлық қимыл-қозғалысын, емделу қорытындыларын бақылап отырады. Дәрігер учаскесіндегілердің толық тізімін көре алады, оны топ-тобымен жасына қарай, тағы басқа сипаттарымен іріктей алады. Осы тізім арқылы скринингтен өтуге тиісті тұрғындарды анықтап, басқа да кезектегі ем-шаралардың кестесін түзеп, хабарласа алады, – деп емхананың бас дәрігері жұмыс барысымен таныс­тырды.


Ал науқастар тұрғысында бұл жаңалық несімен қолайлы деген сұрақтың да мәнін түсіндік. Әдеттегідей, денсаулығымыз сыр беріп, нашар сезінсек, өзіміздің мекенжайдағы тіркелген емханамызға келіп, жалпы тәжірибедегі дәрігерге көрінеміз. Ол өз кезегінде ауруымызға сәйкес салалық мамандарға жолдама беріп, бағыттайды. Сол жолдамамен тіркеу орнына қайта барып, қаралатын дәрігерге тағы кезекке жазыламыз. Дәл осы тұста сандық сапаға көшудің оңтайлылығын байқауға болады. Цифрландырудың арқасында емхананың кабинеттерін аралайтын, кезекке тұратын уақытымыз қысқарады. Тұрғындар өз дә­рі­герінің кабинетінде отырып, тиісті маманға тек­серілетін күні мен сағатын анықтап алады. Маман дәрігерлерге тексеріліп болған соң, олардың нұсқауын алып, тағы да терапевке келмейді. Өйткені барлық жазбалар учаскелік дәрігерлердің модулінде көрініп тұрады. Диагнозы анықталып, әрі қарай емдеу процесін жалғастыра береді. Диспансерлік есепте тұрғандар да кезекті тексеруден өтіп, қан тапсырып, талдау жасату қажет болса, оның да нәтижесін алу үшін табанымыздан тозбаймыз. Зертхананың талдамаларымен бірінші болып дәрігеріңіз танысып, тиісті нұсқауын бірден ала алады.
Әрине, әркім денсаулығын өзі қадағалағаны жөн. Дегенмен балаларға екпе салу, скринингтен өту, жылына бір рет флюорографиядан өту, тағы басқа ем-шараларды ертерек еске салып, уақытын көрсетіп отыруға да осы бағдарламалар арқылы қол жеткізуге болады екен. Мобильді қосымшалар арқылы да емделуші мен дәрігердің байланысуына болады. Сандық сапаға көшуден көш бастап тұрған елордалық №8 қалалық емхананың жұмысы жақсы бағаланып, ұжымға «Алтын шипагер» жүлдесі табыс етілді. Бұл көшбастаушы емхананың көп жылдардан бергі жаңа қызмет көрсету үлгісін енгізіп, оң нәтижеге қол жеткізгені үшін беріліп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды