Сандық медиамен санасу керек

2 296

Елордада Tika Turkey, «ҚазАқпарат» АҚ және «Медиа дамыту қорының» бірлескен жобасы аясында журналистерге арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту курсы өтті. Әлеуметтік желілермен оңтайлы жұмыс пен цифрлық медиаұсыныс тақырыптары қамтыған біліктілікті арттыру оқуын TRT Istanbul Radiosu цифрлық медиада контентті басқару маманы Хале Айдомуш жүргізді. Халқымыздың қонақкәде дәстүрін пайдалана отырып, жаңа медиаға қатысты әңгіме өрбіттік.– Сандық медиа не себепті маңызды және журналистер неліктен оған бейімделуі тиіс?
– Мұны алдымен ғаламтордың пайда болуымен байланыстыруымыз керек. Жаңа технологиялардың жетілуімен адамдардың өздері де сол жаңалықты жеткізушісі болуына да жол ашылды. 1989 жылы Tim Berners-Lee WWW негізін қалады. Ағылшынша айтқанда, World Wide Web. Ғаламтордың кең таралуына ықпал етіп, өзінің барлық өнертабыстарын тегін таратты. Осыдан кейін дүниежүзінің халқы жаңа әлемнің есігін ашты. Өзіне керек жаңалықтарды әлеуметтік желілер арқылы хабардар болып, оны әдетіне айналдырды. Өзекті мәселелер алдымен сандық медиада жарияланады. Одан кейін дәстүрлі әдіске қарағанда жаңалық жасау пішіндері де өзгеріп, халықты таң қалдыруда. Газет-журнал сирек оқылса да, БАҚ орны бар. Меніңше, жаңа үрдісті тиімді пайдалана білудің уақыты жетті.
– Сандық басқарудың да құпиясы бар болар?
– Жалпы жаңалық жеткізгіңіз келген мақсатты аудитория жеңіл жіктеледі. Бұл ашық дереккөздерді дұрыс пайдалануға, маңызды жаңалықтар жасауға мүмкіндік береді. Мысалға алсақ, «Z» буыны 13-19 жастағыларды қамтиды. Бұлар Facebook-ты аз қолданады, бірақ Twitter-де белсенді. Snapchat пен Instagram-ды белсенді қолданады. Youtube-те жиі видео көреді. Инфлюенсерлердің ықпалы сезіледі. Кез келген ақпарат көзіне көз тоқтатып назар аударатын мезеті орташа алғанда 8 секундтан аспайды. Сол себепті осы мезет ішінде ұсынған жаңалығыңызды тартымды етіп, үйіріп алып кетуіңіз керек.
Y – буыны – 20-35 жас аралығындағылар. 87 пайызы Facebook қолданады. Электронды пошталарын жиі тексереді. Замандастарының көзқарастарына мән береді. Интеллектуалды мазмұнды ақпараттарды ұнатады. Бірақ бір брендке байланып тұрмайды, қаламаса басқасына ауысып дереккөздерін тез алмастырады.
X – буына 36-49 жастағы қалыптасқан адамдар деуге болады. Біздің зерттеуімізше, жартысы әлеуметтік желілерді белсенді қолданады, білу үшін ұзын-сонар мәтін оқиды, көбі – жас ата-ана. ТВ көрермендері деуге болады. 55-тен асқандардың бәрі үйренген әдетін жиі ауыстырмайды, Брендке адалдықтары жоғары, технологияны балаларынан үйреніп, қарапайым интерфейстерді жиі қолданады. Бұдан шығатын қорытынды мысалға алынған әр буынның талғамына сай ақпарат жасап жеткізе білу керек. Бүгінгі трендтің минимализмге негізделген дизайн екенін де ескеру керек.
– Енді әлеуметтік желілердің мүмкіндіктеріне шолу жасауға бола ма?
– Сіздің елде Facebook қолданушылар саны басым екен. Оның күнделікті белсенді қолданушы саны – 1.59 миллиард. Интернет қолданушыларының 60 пайызы Facebookте тіркелген.
Ал әлемдік трендке қарасақ, твиттер алдыңғы орында. Айлық белсенді қолданушы саны: 326 миллион. Күндік белсенді қолданушы саны: 100 миллион, күнделікті жазылатын твит саны: 500 миллион, мобильді құрылғылармен қолданушылар саны 80 пайызды құрайды. Желінің қолданушылардың 79 пайы­зы – АҚШ сыртында. Егер ең алғашқы tweet 2006 жылы жасаса, 3 жылдан соң-ақ аталған платформада жасалған tweet саны 1 миллиардқа жетті. Әр секундта жазылатын tweet саны – 6000. Бұл дегеніміз – әр минутта 350 мың tweet жазылады деген сөз. Яғни күн сайын 500 миллион tweet, жылда шамамен 200 млрд tweet. Демек, жаңалық тартудың бір көзі ретінде мұның болашағы зор.
INSTAGRAM-да да хабар тарата білу керек. Бір айлық қолданушы саны 1 миллиардқа жуық. Бір күндік актив қолданушы саны – 500 миллион. «Like» батырмасы күніне орташа есеппен 4.2 миллиард рет басылады. Мұндағы жарияланымдар Facebook-қа қарағанда 23 пайызға ықпалдастыққа ие.
– «Instagram» қазақстандықтар үшін онша жаңалық емес. Дегенмен, оның ақпарат берудегі орнын түсіну үшін неге мән беру керек?
– Кемінде күніне 3 жарияланым, 8 сағатта бір рет ақпарат жариялап отыру керек. Жарияланым сағаттарын білудің де маңызы зор. Таңғы мезгілде, түскі үзілісте 12-13, 17-19 арасында, кешкі сегізден он бірге дейін «өлі уақыт» деп айтылады. Бұл кезде адамдар өз шаруасымен айналысып, әлеуметтік желілерге кірмейді десе болады. Сонымен бірге түнгі оннан үштің арасында да көбіміз желіде белсенді боламыз.
Тартымдылығын артыру үшін қысқа, субтитрлы & шаршы пішіндегі видеолар, видео үшін сәйкес мұқаба суреттер, белгілі бір фокус бар және Instagram өлшемдеріне сәйкес суреттер салуға болады.
Кез келген жаңалық немесе оқиғаны Instagram жарияланымына айналдыру да сіздің тапқырлығыңыз­ға байланысты. Кемінде 6 сторис болу керек. Оқиғаға байланысты, геолокация, gif, анкета, сұрақ-жауап және т.б. Instagram құралдарын қолдану маңызды. Осыны толық меңгерсеңіз, сіз Instagram «қаһарманына» айналып шыға келесіз.
Журналистер үшін подкаст қолданылымы да соңғы жаңалықтардың бірі. Podcast секторы уақыт өткен сайын дамып, ірі ақпарат агенттіктері подкаст қолдануға көшуді бастады. Тарихына үңілсек, 1993 жылдардағы онлайн радиолар подкасттың «атасы» саналады. 2003 жылы ашық дереккөзді радиохабарлар басталды, артынша 2004 жылы İpod+Broadcasting бірігіп Podcasting пайда болды. Жаңалықты жеткізуі өте қарпайым. Кез келген смартфон мен кез келген дыбыс редакторлау бағдарламасы болса жеткілікті.
Неліктен оңтайлы дегенде үлкен қалаларда кептелістен жалыққанда, басқа жұмыс­тармен айналыса отырып қосымша жаңа бір ақпаратты тыңдау үшін қолайлы. Радиодан айырмашылығы, қалаған уақытта тыңдай аласыз.
Әлемдік дерекке сүйенсек, қазіргі күні халықтың 40 пайызы хабарды подкасттан тыңдап отыр. Ең алғашқы Youtube видеосы 2005 жылы жүктелді. – Әлемнің ең үлкен екінші іздеу жүйесі. Google мен Facebook-тан кейінгі ең көп кірілетін 3-ші сайт бола тұрып, әр минут сайын 400 сағаттық видео жүктеледі. Бір күнде жүктелетін видеоны көру үшін 82 жыл экран алдында тапжылмай отыру керек.
– Журналистер дизайн трендтеріне қалай ілесе алады?
– Ол үшін отандық және халықаралық баспасөз құралдарының дизайндарын жіті бақылау керек. Сандық медиа туралы жылдық есептерді оқу да маңызды. (Мысалы: We are social). Креативті жаңалық жасау техникаларын меңгеру керек болар. Бұл қажеттілік десе де болады. Хабар таратушы ұйымдардың оқырмандарымен ықпалдастығы, сұрақтарына жауап беруі, пікір алмасуына мән берілуі тиіс. Яғни, Online құралдар арқылы тұтынушалармен «адами» дәрежеде байланыс орнату. Корреспонденттің барған жерлері, көрген фильмдер, пікірлеріне дейін маңызды. Оны ұтымды пайдалансақ, бүгінгі күннің көшіне тез ілесесіз.
Әлеуметтік желілерде жарияланым жасаған кезде, сіз берген қызықты ақпараттан кейін сізді іздеп зерттейтін оқырман немесе көрермен қатары көбейетінін есте сақтаңыз.

  1. Аяулым :

    Өте қызық мақала!

  2. Алина :

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + six =