Шипажайға кімдер барады?

0 14

Елордада әлеуметтік қамқорлыққа алынған азаматтарға санаторлық-курорттық емдеуге тіркеу жүргізіліп жатыр. Осы бағытта Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде.Кеше сәуір, мамыр және маусым айларына жазылу басталды. Осы айларда 1710 азаматқа жолдама қарастырылған. Та­ңертеңнен бері 1483 адам, оның ішінде 825 зейнеткер, 435 мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 191 мүмкіндігі шектеулі балалар және 32 соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар тіркелді.
– Біз санаторлық-курорттық емдеуге баруға құқы бар азаматтарды тоқсан сайын, рет-ретімен тіркейміз. Бұл, біріншіден, азаматтардың уақытын алмайды, ұзақ кезекке тұруына мәжбүрлемейді. Әркім қалаған мерзіміне қарай, алдын ала БАҚ арқылы хабарланған кезеңде келіп тіркелетін болады. Жалпы, елордада 95 мың соғыс және еңбек ардагерлері, жасына қарай шыққан зейнеткерлер тұрады. Сонымен қатар 27 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оның ішінде 5970 мүмкіндігі шектеулі балалар тіркелген. Біздің басты міндетіміз – осындай ерекше тұлғаларға мінсіз қызмет көрсету, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина.
Тағы бір айтарымыз, қала тұрғындары санаторлық-курорттық емдеуге электронды цифрлы қолтаңбасы (ЭЦП) арқылы да тіркеле алады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды