Санамызды қоқыстан тазартайық!

0 53

«Тазалық мәселесін ұлттық құндылықтар қатарына шығару керек! Мемлекеттік тұрғыдан шұғыл түрде тазалықты сақтау, бақылау, реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігі білініп отыр. Үкімет басшысы Асқар Маминнен осы мәселені қарап, Үкіметтің тиісті құрылымдары арқылы өз құзыреттері шеңберінде іс-шаралар кешенін жедел қабылдауды сұраймыз» деп Нұртөре Жүсіп және бір топ сенатор сауал жолдады.Қазақстанда көрікті жер көп. Арқадан – Атырауға, Алатаудан – Ақтауға, Аралдан Алтайға дейін кең жазира жеріміз бар. «Жер шоқтығы» атанған келісті Көкшетау, ұлылығын жақпар тасқа жасырған Ұлытау, қазыналы Қаратау, айбарлы Алатау, басына бұлт қонған Мұзтау… «Жер жәннаты» – Жетісу… Толып жатыр. «Бурабайдың» бір өзі – Швейцариядан несі кем? Осы «Бурабайдың» жалпыұлттық курорт атанғанына биыл 100 жыл толады. Бұл – ерекше қорғауға жататын табиғи аймақ. Ал осы Бурабайға барғанда біз не көреміз? Қаптаған қоқыс… Шашылған заттар… Пластикалық бөтелке, умаждалған пакеттер… Көлдің суы лас… Қандай керемет демалыс аймағы! Қадірін неге білмейміз? Мусордан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. Бурабайда демалушылар тастаған тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс­тар туралы әлеуметтік желіде таралған бейнеролик – соның дәлелі. Бұл қалай?
Жалпы, тек қана Бурабай емес, Қазақстанның кез келген өңіріне барсаңыз – не көп, қоқыс көп. Тастайтын да өзіміз, ластайтын да өзіміз! Бұл неден? Туған табиғатымызды аялап күте алмайтындай басымызға не күн туды?
Соншама ластайтындай, осыншама қорлайтындай туған жеріміздің не жазығы бар? Жер – біздікі! Ел – біздікі! Қазақстанға шетелден алғаш оралған ақсақал ұшақтан түсе салып, туған жерді сүйгені естеріңізде бар ма? Туған жерге деген осындай іңкәрлік неге жоқ бізде? Жапония­да дені сау, ұлтын сүйетін, ұлттық құндылықтарын қадірлейтін, мемлекетін қастерлейтін қоғам өкілін тәрбиелеп шығаруға бала жастан мән береді екен. Табиғатты жаны сүйетін азамат етіп тәрбиелеу басты мақсат екен! Қазақ халқы – осы мемлекеттің иесі. Біз бәріне жауапты ұлтпыз.
Ұлттық санамызды өзгертейік! Табиғатты таза ұстау үшін жанымызды таза ұстайық! Жаппай тазалық мәдениетін қалыптастыра­йық! Даламыз да, қаламыз да таза болсын! Көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің бір өлеңі бар:
О! Туған жер шүкірсің!
Топырағыңа киелі!
Бір есуас түкірсе –
Ол бетіме тиеді!
Біз есуас ел емеспіз ғой!
Туған жерімізді анамыздай ардақтау өзімізге байланыс­ты! Ұлттық намысымыз қайда? Қазақтың атына да, затына да кір келтірмеу жағын неге ойламаймыз?
Халықаралық тұрғыда Канаданың тәжірибесін бас­шылыққа алу керек. Қазақ­станның ауасы, суы, жері, флорасы мен фаунасы тікелей мемлекет қамқорлығында болуы тиіс. Канада экономикасының бәсекеге қабілетті болуы – ең алдымен, табиғи ресурстарды – жерді, жер қойнауын, орманды, суды, даланы – барынша тиімді пайдалану арқылы жүзеге асып отыр. Әсіресе, экологиялық стандартты қатаң сақтайды. Ірі компанияларда Экологиялық дағды кодексі енгізілген. Үкіметтік емес экологиялық ұйымдар көп. Халыққа экологиялық білім беруге баса мән беріледі. Соның арқасында қоршаған ортаны қорғаудың сапалық стандарты жасалған.
Олар керемет табиғат байлығын келешек ұрпақ еншісіне қалдырудың барлық амалдарын қарастырған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 2 =