Сан қырлы символизм

0 11

Ұлттық музейде «Сан қырлы символизм» атты топтық көрме ашылды.Көрмеге елімізге белгілі қылқалам шеберлері – ­Сембіғали Смағұлов, ­Сержан Баширов, Зейнелхан Мұхамеджан, Ералы Оспанов, Садыр Кәрібай және Оразбек Есенбаевтың заманауи бейнелеу және сәндік өнер, кескіндеме мен графика, этно-авангардтың зергерлік артефактілері қойылды.
Бұл суретшілерді бейнелеу өнерін пір тұтатын адамдар жақсы біледі. Әрқайсысының өз қолтаңбасы, өз жолы бар. Қазіргі қазақтың бейнелеу өнерін әлемге танытып, абыро­йын асырып жүрген – осы шеберлер.
Мәдени шараның ашы­луында музей басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде осындай танымал тұлғалардың басын қосып, шығармаларын топтас­тырып, мазмұнды көрме ұйымдастыруды мақсат тұтқандығын айтты.
«Символика» ана тілімізде «астар», «тұспал» деген мағынаны білдіреді. Символизмнің мәдени салалары заманауи өнер әлемінде кеңінен танылған. Бұл үлгілердің көркемдік түрлерімен суретшілер ата-баба өмірін, оның тарихы мен философиясын өзге қырынан бейнелеген. Әр шебердің жеке стилі, плас­тикалық тілі, оны жеткізу әдісі де басқаша.
«Ұлттық музейде көрме өткізуді көптен бері ойлап жүргенбіз. Бір символдың өзі бір кітаптың мазмұнын арқалап тұратын кездер болады. Осы туындыларымыз келушілерге аз да болса рухани азық береді үміттенеміз» деді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Зейнелхан Мұхамеджан.
Көрме 28 ақпанға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды