«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сан қырлы сайыпқыран

0 290

Жер жәннаты – Жетісудың бір бүйіріндегі Қаратал деген табиғаты ғажайып өлкеден қанат қағып, қазақтың қара сөз айдынына өз өрнегімен қайық салған жүйрік журналист, қарымды қаламгер Жанат Елшібек жайында қалам ұстаған игі жақсылардың дені ақтарылып сыр толғапты. Әрине, белгілі сөз зергерлерінен асырып бірдеңе айту да қиын, дегенмен ардақты азаматтың сан қырлы сайыпқыран қасиетін шама-шарқымызша зерделеп көрсек дейміз.

Ол – журналист. Иә, Жанат ағамыз тумысынан солай жаратылған. Өйткені сөз өнері – адамға әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын қасиет. Егер ондай тылсым күш болмаса, университет емес, екі академия бітірсеңіз де түк шықпайды. Біздің кейіпкеріміз бала жасынан кітап жастанып өседі. Кітапқа құштар жанның жазуға деген ынтасы ерте оянады. Соны байқаған анасы: «Балам, сен де көрген-білгеніңді қағазға түсіріп көр. Күнделік жазып үйрен. Мектебің туралы, ауылдағы жақсы істер жайында Алматыға, пионер газетіне хабар-ошар жазып жібер…» деп ақыл-кеңес береді. Зерделі бала ана сөзін жерге тастамай, өзі оқып жүрген мектеп не болмаса туған ауылында қандай жаңалық бар, соның бәрін түгін қалдырмай мөлдіретіп ақ қағазға түсіріп, алысы-жақыны бар редакцияларға «бомбалауды» бастайды. Сөйтіп, ағамыздың тырнақалды дүниесі, ол 6-сыныпта оқып жүргенде, «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде жарық көреді. Он екі жасар жеткіншектің қуанышында шек болмайды. Одан әрі жазуға құштарлана түседі. Қаламы ұштала келе мөлтек әңгімелер, этюдтер, суреттемелер жазуға жаттығады. Қысқасы, мектеп кезінен қаршадай баланың аты шығып, Қаратал ғана емес, өзі қатарлы балалар басылымына қалам сілтеп жүрген жеткіншектерге танылып үлгереді. Туған ауылындағы орта мектепті күміс медальмен бітірген бозбала екі қоржынға газетке шыққан дүниелерін сықап толтырып, арман қуып Алматыға келеді. Бір қызығы, ағамыз сол кездегі еліміздің маңдайындағы бірегей университеттің жалғыз журналистика факультетіне емес, Абай атындағы педагогикалық институттың филология фа­культетіне оқуға түседі. Жоғары оқу ордасының соңғы курсында жүргенде, сол кезде аты паровоздай дүрілдеп тұрған, қазақ журналистикасының ұстаханасына айналған әйгілі қаламгер Шерхан Мұртаза басқарып отырған «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетіне қызметке орналасады. Алға­шында әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі бо­лып он жылға жуық жур­налистік көріктің ыстық-суы­ғынан өтеді. Күн құрғатпай шығатын жастар газетінің белді журналисіне айналады. Табиғат таңғажайыптары мен қарапайым еңбек адамдары туралы таңғы шықтай мөлдіретіп жазған очерктері мен эсселерін жұрт қызығып оқиды. Жұлдызы жарқырай жанған жігітті аттай қалап, бас басылым «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») жұмысқа шақырады. Міне, осы жерде ағамыз қырық жылға жуық табан аудармай еңбек етеді. Байқасақ, журналист-жазушының екі көрнекті басылымда айшықты ізі жатыр. Баспасөз майданында аузы дуалы ағаларымен қатар жүріп, өнеге алды. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Әбіш Кекілбайұлы секілді қазақ руханиятының алыптарынан тағылым түйді. Өзі де сол биікке көтерілді. Ол журналис­тика қазанында қайнай жүріп, «Студенттік меридиандар», «Алтын ұя», «Алтын діңгек», «Жастықтың жанартаулары», «Арыңды жасыңнан сақта», «Жан сұлулығы» атты очерктері мен эсселері топтастырылған бірнеше кітаптары жарық көр­ді. Қазақстан Журналистер одағы­ның үш мәрте лауреаты атанды.
Ол – жауапты хатшы. Біле білсеңіз, газеттің жауапты хатшысы деген редакцияның жарым ырысы ғой, шіркін! Бейнелеп айтқанда, оның бөлмесі басылымның бас штабы саналады. Әрине, қазір жауапты хатшының жұмысы көп өзгерген. Қолға қарындаш алып, ақ қағазды бояп отырмайды. Газет шығатын күні түнімен баспаханада кезекшімен бірге жортып, қорғасынның уын жұтпайды. Бәрі де компьютерлендірілген. Қолдың ұшымен жұмыс істейді. Басылымды безендірумен дизайнер-верстальщиктер айналысады. Ал Жанат ағаның дәуіріндегі жауапты хатшылардың бәсі мен бағасы бөлек еді ғой. Басылымды көркемдеудің өзі өнер. Асқан біліктілікті талап етеді. Кез келген мақаланың жарау аттай жұтынып тұруы жауапты хатшыға байланыс­ты. Сондықтан оның қадірін білетін бас редакторлар жазуы мен суретшілік, байқағыштық қабілеті бар журналистерді қызға құда түскендей айттырады. Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасайды. Он жылдай еңбек еткен жас­тар газетінен бүгінгі «Егемен Қазақстанға» сол кездегі газеттің бас редакторы Сапар Байжанов Жанат Елшібекті бас басылымға аттай қалап шақырған. Осыдан-ақ кейіпкеріміздің шеберлігін біле беріңіз. Ол кісінің қолы тиген газеттің бейнесі әп-сәтте жаңа киім киген арудай құлпырып шыға келеді. Соған риза болған журналистің ұстазы Сейдахмет Бердіқұлов шәкірті туралы: «Қазақ баспасөзінің «Лит. газета» үлгісіндегі жаңашыл макетшісі, газетіміздің бас сәулетшісі» деп жоғары баға берген.
Ол – жазушы. Ж.Елшібектің баспасөз майданында бір сапта жүрген әріптестерінен өзге­шелігі – жазушылығы. Әрине, суреткерлік – екі адам­ның бірі­не бұйыра бермес бақ. Ол кісі өмір бойы газеттің ыстық-суығын тартып жүрсе де, көркем шығармаға да қалам тербеген. Оның туындыларында бүгінгі күннің толғақты мәселелері барынша шынайы өрнектелген. Айталық, оқырмандардың жылы бағасын алған «Жетім жұрт», «Қош бол, теңіз…» повестерінде туған жер тағдыры, бүгінгі ауыл бейнесі нәзік шеберлікпен бейнеленген. Әсіресе, «Қош бол, теңіз…» повесінде Балқаш балықшыларының қым-қуыт тіршілігі мен экологиялық жағдайы мұңды баяндалады. Мұндағы кейіпкерлер – жаны таза, періште пейілді балалар. Шаһарда туып, ауылға каникулға келген Мәліктің болмысы да ерекше. Арманшыл баланың суретшілік талантының ерте оянуы, теңізге деген құштарлығы оқырманды сан сауал ойға қалдырады. Повесте теңіз тіршілігі, теңіз адамдарының өмірінде ешқандай қоспа жоқ. Ұтымды штрих, кестелі тіл, нанымды көріністер автордың өзгеше қолтаңбасын көрсетеді. Шығармада артық оқиға, нанымсыз деталь кездеспейді. Ал «Жазылмайтын жара» повесінде кешегі сұм соғыстың азабын тартқан балалардың қаяусыз көңілінде қалған балалық шақтары сыршылдықпен кестеленген. Табиғат таң­ғажайыптары хақындағы бір шоғыр әңгілемерін оқи бастасаңыз, қант қиығындай ери жөнеледі. Қалың қара­ғайдың арасында жүріп, таза ауа жұтқандай тәтті бір күй кешесіз. Көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков: «Жазушыға керегі екі нәрсе – суретшілік талант, екіншісі – әдемі көркем тіл. Бірі болмаса, бірі жоқ. Көп жағдайда соның біреуінің жоқтығын мо­йындамай, қаншамыз ұзақ әуре боламыз. Жанатта, Құдайға шүкір, екеуі де бар» деп жазыпты қаламгердің шығармашылығы жайында жазған мақаласында. Аузы дуалы ағамыздың көзі түскен суреткер олқы болмасы анық.
Ол – танымгер. Жанат ағамыз – қазақ журналисти­касындағы танымдық жанрдың көкжиегін кеңейткен қаламгер. Осы жанрды арналы айдынға айналдырған ізашар деп айтуға болады. Өзі қызмет еткен басылымдардан айдар ашып, тұрақты жүргізіп отырған танымдық беттері ұзақ жылдар бойы оқырмандарды біліктілік пен білгірлікке тәрбиелеп келді. Бүгінге дейін оның құрастыруымен 2000-нан аса кроссворд жарық көрген. Біле білсек, сөзжұмбақтың түрлері де көп екен. Айтылуы да, жазылуы да тосын дүниелерді қазақы ұғыммен байланыстырып, тамаша еңбектер жазды. Әсіресе, осы бағыттағы «Зерек» кітабы көп адамдардың қолынан түспеген дүниеге айналды. Танымдық жинақ «Кроссвордтар», «Чайнвордтар», «Криптограммалар», «Анаграммалар», «Стрелкограммалар» «Ребус­тар», «Ой-жұмбақтар», «Викториналар» және «Білгенге маржан» деп аталған бөлімдерден тұрады. Осы жинақта қазақ тілінде құрастырылған ең үлкен кроссворд та кірген. Оның аты «Жұмыр жер» деп аталады. Алып кроссвордқа үш жүзден астам сөз-термин қамтылған. Мұның барлығы Жанат ағаның білім жолындағы талмай ізденісі мен ұзақты күнде қаншама кітап қопарып, сарылып отырған еңбекқорлығы деп білемін.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды