«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сан қырлы дарын

0 325

«Тектіден текті туады» деген нақылды қазақ бекер айтпаған. Бұл жайында мыңдаған мысал келтіруге болады. Жә, сөзді көп созба­йық. Бүгін біз алпыс бес деген белеске шығып отырған, белгілі ақын, аудармашы, сценарист және кинорежиссер, бір сөзбен айтқанда, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген елшіл азамат Бақыт Ғафу (Қайырбеков) туралы айтсақ дейміз.

Біз ол кісі туралы сөз қоз­ғағанда, ойымызға алдымен қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбеков түседі. Ба­қыт аға – Ғафекең секілді тектінің тұяғы. Бала күнімде Ғафу атаны екі-үш рет көрдім. Менің көкеммен жақын сыйлас еді. Елге келген сайын сол үйге бас сұқпай кетпейтін. Осындай аузымен құс тістеген жүйріктен жаралған Бақыттың жаман болуға қақы жоқ секілді.
Біз сөз етіп отырған кейіпкердің есімін «өмірі баянды, бақытты болсын» деп әжесі «Бақыт» қойыпты. Ақын сол кісінің бауырында өседі. Қазақы дәстүрді бойына сіңірген кейуананың тәрбиесін алады. Әжесі айтқан аңыз-ертегілерді ұйып тыңдайды. Сабаққа да сол кісі жетектеп апарады. Ағаның алғашқы өлеңі де әжесіне арналған. Оның тарихы да қызық. Әжесі қатты ауырып жатады. Бірде сүйікті немересін қасына шақырып, көзі мөлтілдеп жасқа толған күйі маңдайынан иіскеп, басынан сипайды. Осы қимас сәтті сезінген немересі де толқып кетеді. Әкесінің бөлмесіне барып, бір жапырақ қағазға әжесі жайлы ойларын шумақтап түсіре бастайды. Міне, осы күннен бастап өлең жазуға ден қояды.
Б.Қайырбеков 1975 жылы Мәскеудегі М.Горкий атындағы Әдебиет институтын тә­мамдайды. Бұдан әлемге та­нылған талай талантты ақын-жазушылар қанат қақты. Онда қазақтың маңдайалды қаламгерлері де оқыған. Осындай әдебиеттің алтын ұясы атанған ордада білім алған ақынның таланты ұштала түседі. 1978 жылы «Күзгі сыр­ласу» деген алғашқы кітабы жарық көрді. Көзі қарақты оқырман жас ақынның жыр жинағын жылы қабылдайды. Сөйтіп, бір шаңырақта екі ақын поэзия әлеміне сапар шекті. Ғафу атамыз қазақ тілінде ауыз­дығымен алысқан тұлпардай құйғытып жыр төксе, баласы Бақыт орыс тілінде таңғы шықтай мөлдіретіп өлең өрді. Қайырбековтің бүгінге дейін оннан астам поэзиялық кітаптары басылды.
Бақыт ағаның көркем әдебиетке қосқан тағы бір еңбегін ерекшелеп айтуға болады. Ол – аудармашылық өнері. Ақынның XV-XX ғасырлардағы жыраулар поэзиясы, яғни, Асан қайғы, Бұқар, Ақтамберді жыраулардың толғауларын ұлттық құнарын сақтап, орыс тіліне жетік аударды. Сондай-ақ, Абдолла Жұмағалиев, Мұқағали Мақатаев, Есенғали Раушанов, Оразақын Асқар және т.б. ақындардың жыр жинақтарын тамаша тәржімалады. Әкесі Ғафу Қайырбековтің эпикалық сарындағы поэзиясын орыс оқырмандарына сол күйінде жеткізді. Ол кісі тек өлең ғана аударып қойған жоқ. Қазақтың құйқалы қара сөзіне түрен салды. Ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» тарихи еңбегін орысшаға аударуы құбылыс десек болады. Оны оқырмандар жоғары бағалады. Сонымен қатар Қойшығара Салғарин, Сайын Мұратбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Әміржан Әлпейісов, Тұрсын Жұртбаев секілді сөз зергерлерінің прозалық шығармаларын аударды.
Осы таяуда автордың өзі қазақтың байырғы дәстүрінен ой тартқан «Ұлттық салт-дәстүрлер» атты бірегей кітап шығарды.
Б.Қайырбеков – деректі фильм­ді түсірудің қапысыз шебері. Сексенінші жылдардың аяқ кезінде ол Мәскеудегі ВГИК жанындағы сценарий және режиссерлік жоғары курсын бітіреді. Содан бесаспап маман болып қалыптасады. Бір өзі сценарий авторы болып, әрі режиссер жұмысын атқара береді. Оның фильмдері Румыния, Қытай, Иран, Венгрия, Германиядағы халықаралық кинофестивальдерде қатарластарынан қара үзіп келген.
Ең алғашқы деректі фильмі «Мен саған сәбимін!» деп аталады. Бұл әкесіне арналған. Фильмде Ғафу ақынның туған жері, жерлестері, замандастарының бейнелері шынайы бедерленген. Бір ғажабы, кинода Ғафу атамыз қыран дауысымен сөзін өзі жазған, музыкасын Шәмші Қалдаяқов шығарған «Ана туралы жыр» әнін орындайды.
Бұдан бөлек, автордың қазақтардың мұсылмандыққа дейінгі салт-дәстүрлері» серия­сынан «Ай толғанда» триптихі және «Сүндет» фильмінде көшпенді жұрттың дүниеге келген сәтінен бастап бақи дүниеге өтердегі соңғы сағатына дейін қолданатын салт-жоралғылар туралы әңгімелейді.
Әсіресе, режиссердің «Әлемнің 9-шы территориясы» атты 100 сериялық туған елді тануға арналған деректі туындысын ерекшелеп айтуға болады. Мұнда жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын мемлекеттің тарихы, табиғаты, онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Бүгінде бұл фильмнің 30-дан астам сериясы түсірілген.
Сондай-ақ, автордың жеке тұлғалар жайындағы деректі шығармалары да бір төбе. Айталық, Абай атамызға ар­наған «Махаббат сәулесі», Құр­манғазы жайында «Кісен ашқан», Әбіш Кекілбаев туралы «Ұлан-ғайыр» секілді бас-
аяғы жиырмаға жуық халқымыздың ардақты азаматтарының өмір жолын суреттеген фильмдер түсірген.
Осыдан үш жыл бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Дешті Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты деректі фильм көрерменге жол тартты. Сол туындының авторы әрі режиссері – Бақыт ағамыз. Фильмнің бірінші бөлімінде қыпшақтар мен армяндар арасындағы байланыс сөз болады. Екінші бөлімде қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Кодекс Куманикс» атты құнды кітап туралы айтылады. Оны Венеция кітап­ханасына 1362 жылы Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақы­ны Франческа Петрарка сыйлаған. Қысқасы, режиссер қазіргі күнге дейін 80-нен астам деректі фильм түсірген.
Бүгінде Бақыт Қайырбеков – Шәкен Айманов іргесін қалаған «Қазақфильм киносту­диясы» компаниясының президенті. Еліміздегі кино өн­ді­рі­сінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген айтулы азамат.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды