«САМҰРЫҚ-2015» САЙЫСЫ

0 182

DSC_0963

Астанада Қазақстан кубогы жолындағы «Самұрық-2015» қысқы ралли-спринт жарысының екінші кезеңі өтті. «Жағалау» тұрғын-үй кешені мен «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы маңында өткен сайыстың алғашқы кезеңі 16-18 қаңтар күндері Теміртау қаласында ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірінен 82 спортшыдан құралған «Стандарт» деңгейіндегі 41 және 32 спортшыдан тұратын «ICE PRO» дәрежесіндегі 16 экипаж қатысқан еді. Ал елордадағы алғашқы сайыста 75 экипаж бақ сынасты.

Ралли жарысының екінші кезеңіндегі жеңімпазға кубок пен ақшалай сыйлық ұсынылды. 2006 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан бұл сайыстың қысқы маусымы төрт кезеңнен тұрады. Ал маусым аяқталар тұста жеңімпазға «Самұрық» ралли-спринтінің абсолютті чемпионы деген атақпен қоса ауыспалы кубок беріледі.

Биылғы сайысқа Астана қаласынан бөлек, Кереку, Көкшетау, Қызылжар, Теміртау, сондай-ақ, көрші Ресейден де қатысуға ниет білдірушілер табылды. Осы маусымның үшінші және төртінші кезеңдері де Астанада өтеді деп жоспарланып отыр. Ралли-спринт жарысына өзін һәм өзінің жеке көлігін сынағысы келген әр адам қатысуға құқылы.

Екінші кезеңдегі «Толық іске қосу» қорытындысы бо­йынша астаналық С.Омаров пен Р.Жубасов экипажына ешкім тең келмеді. Екінші, үшінші орындарға Ә.Қодаров-П.Шумилов және В.Сапожников-Б.Мачкалян жұптары тұрақтады. Ал «Артқы бөлікті іске қосу» бойынша В.Казаков-Н.Филимонов, Д.Жолдыбаев-Б.Байпақов, А.Кусковский-Д.Кусковскийлер үш орынды бөлісіп алды. Сонымен қатар, «Алдыңғы бөлікті іске қосудан» Д.Аксенов- Я.Аксенова жұбы бірінші келсе, С.Подолянюк-Д.Лой экипажы екінші келді. М.Канторов-И.Кожихов экипажы – үшінші.

Командалық есеп бойынша, астаналық «Franceauto» үздік деп танылды. Екінші, үшінші орындарда – «PRP.KZ» және «Кокшетау Максимальный размах».

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + thirteen =