©2020 Астана Ақшамы
Самурайды сұлатқан соққы
Кәсіпқой бокстан WBA дәрежесі бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин кезекті кездесуін жеңіспен аяқтады.
Қарсыласы – жапониялық Нобухиро Ишида небары үш раундқа шыдас берді. Ишида, негізі, кәсіпқой бокста бәсі бар боксшы. Алғашқы кездесулерінен-ақ әлем назарын өзіне бұрған былғары қолғап шебері 2011 жылы өз карьерасының ең жұлдызды сәтін бастан өткерді десек, артық айтқанымыз емес. Атап айтқанда, ол осы жылы бірде-бір рет жеңіліп көрмеген америкалық Джеймс Кирклэндті бір раунд ішінде үш рет естен тандырып, небары 3 минутқа созылған кездесуін жеңіспен аяқтаған болатын. Бүгінге дейін нокауттың ащы дәмін татып көрмеген жапондық кездесу алдында тілшілерге берген сұхбатында: «Егер Головкиннен жеңілсем, спортпен қош айтысамын», – деген екен. Өзіне сонша сенімді болғанына қарамастан ол үшінші раундта ауыр соққы алып, алғаш рет рингте естен тана жеңіліс тапты.
Бұл кездесу біздің Геннадийдің чемпиондық титулын қорғап қалу үшін өткізген жетінші жекпе-жегі. Ишиданың алдында ол АҚШ боксшысы Габриэль Росадоны тізе бүктірген болатын. Росадоның жаттықтырушылары рингке ақ орамал лақтырып, араша түспегенде Гена оны да тәлтіректетіп жіберетіні сөзсіз еді. Ал, бұл жолы бапкерлер нокауттың алдын алып үлгермеді.
Бірінші раунд әдеттегідей аңдыспен басталды. Бірақ, Генаның аңду әдісі басқаша. Ол күтпеген жерден ауыр соққылар дарытып, састыра сынап бағатыны бар. Бұл жолы да солай істеді. Жиі-жиі жептің астына алып, ара қашықтықты өзіне тиімді алшақтықта әдемі сақтай білді. Екінші раундта Головкин қаһарына мініп, қос қолымен сілтеген соққыларын діттеген жеріне дарыта білді. Раунд аяғына таман есеңгіреп барып, ес жиған Ишида гонг алдында тағы бір ауыр соққы жіберіп алған оң қапталдан. Осыдан кейін-ақ оның ойыны оңға баспады. Үшінші раунд басталысымен өз қарқынын үдете түскен Геннадий ақыры оң қолымен құлаштай ұрып, жапондықты төрешілердің столына сұлатып түсірді.
Қазақстанның абыройын асқақтатып, кәсіпқой бокста бабы келісіп, бағы жанып жүрген Головкин жыл басынан бергі екінші кездесуін де сәтті аяқтап, чемпион атағын абыроймен қорғап қалды.
Ербол ЖАНАТ