Самурайды сұлатқан соққы

0 91

Кәсіпқой бокстан WBA дәрежесі бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин кезекті кездесуін жеңіспен аяқтады. 

Қарсыласы – жапониялық Нобу­хиро Ишида небары үш раундқа шыдас берді. Ишида, негізі, кәсіпқой бокста бәсі бар боксшы. Алғашқы кез­де­су­ле­рі­­нен-ақ әлем назарын өзіне бұр­ған былғары қолғап шебері 2011 жылы өз карьерасының ең жұлдызды сәтін бастан өткерді десек, артық айтқанымыз емес. Атап айтқанда, ол осы жылы бірде-бір рет жеңіліп көрмеген америкалық Джеймс Кирклэндті бір раунд ішінде үш рет естен тандырып, небары 3 минутқа созылған кездесуін жеңіспен аяқ­таған болатын. Бүгінге дейін нокауттың ащы дәмін татып көр­меген жапондық кездесу алдында тілшілерге берген сұхба­тын­да: «Егер Головкиннен жеңіл­сем, спортпен қош айтысамын»,­ – деген екен. Өзіне сонша сенімді болғанына қарамастан ол үшінші раундта ауыр соққы алып, алғаш рет рингте естен тана жеңіліс тапты.

Бұл кездесу біздің Геннадий­дің­ чемпиондық титу­лын­ қор­ғап­ қалу­ үшін өткізген жетінші жекпе-жегі. Ишиданың алдын­­да ол ­АҚШ­ боксшысы­ Габриэль Росадо­ны­ тізе бүктір­ген­ бола­тын.­ Росадоның жат­тықтыру­­шы­­­ла­­­ры рингке ақ орамал лақты­рып,­ араша түспегенде Гена оны да­ тәлтіректетіп жіберетіні сөзсіз еді. Ал, бұл жолы бапкер­лер­­ нокауттың алдын алып үл­гер­­ме­­ді.

Бірінші раунд әдеттегідей аң­дыс­пен басталды. Бірақ, Гена­ның аңду әдісі басқаша. Ол күтпеген жерден ауыр соққылар дарытып, састыра сынап бағатыны бар. Бұл жолы да солай істеді. Жиі-жиі жептің астына алып, ара қашықтықты өзіне тиімді алшақтықта әдемі сақтай білді. Екінші раундта Головкин қаһарына мініп, қос қолымен сілтеген соққыларын діттеген жеріне дарыта білді. Раунд аяғына таман есеңгіреп барып, ес жиған Ишида гонг алдында тағы бір ауыр соққы жіберіп алған оң қапталдан. Осыдан кейін-ақ оның ойыны оңға баспады. Үшінші раунд басталысымен өз қарқынын үдете түскен Геннадий ақыры оң қолымен құлаштай ұрып, жапондықты төрешілердің столына сұлатып түсірді.

Қазақстанның абыройын асқақтатып, кәсіпқой бокста бабы келісіп, бағы жанып жүрген Головкин жыл басынан бергі екінші кездесуін де сәтті аяқтап, чемпион атағын абыроймен қорғап қалды.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =