САМБОНЫҢ САҢЛАҒЫ

0 215

Көзінде оты бар қыз

Сәуле Ғабдуллина. Бұл есім спортсүйер қауымға жақсы таныс. Өткен ғасырдың соңында, яғни, 90-шы жылдардың басында қара бұлтты қақ жарып шыққан күн нұрындай жарқыраған бұл қарындасымыз қазақ спортына өшпестей қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Нақтырақ айтсақ, Сәуленің пешенесіне бас­қа­сын айтпағанда, самбо күресінен қазақ қыз­да­ры арасынан тұңғыш әлем чемпионы болу жа­зылған. Бұл бақ екінің бірінің басына қона бермейді. Өйткені, Сәуле күрес күрткесін ки­ген­ жыл­да­ры «жуан жіңішкерген, жіңішке үзі­лей­ін деп тұрған» көкөзек заман болатын.

Бұрынғы Кеңес Одағы дейтін шой балғасы мен темір орағы айқасқан алып империя ойда жоқта төңкеріліп қап, темір жіппен байланған экономикалық тор бырт-бырт үзіліп, тұрымтай тұсына, құрқылтай құтына қашып жатқанда, біздің Сәуле айналайын спортты тастап кет­пе­ді.­ Басқалар сияқты дорба арқалап, сауда қуып кет­кен­де ғой, қазаққа қайдағы алтын медаль?..

Хош, сонымен… әңгімені әуелден бастайық. Сәуле Жаңбырбайқызының туған жері – бұ­рын­ғы­ Торғай облысы Аманкелді ауданының Бүй­рек­тал ауылы. Әкесі қарапайым шаруаның адамы, анасы жеті құрсақ көтерген: екеуі – ұл, бесеуі – қыз. Бұл отбасы 1977 жылы Арқалық қаласына қоныс аударады. Дәл сол жылы Сәуле мектеп табалдырығын аттайды. Қалада қайдағы қазақша оқу, мектеп те жоқ. Қысқасы, амалсыз орысша оқуға мәжбүр.

Бір қызығы, тұлымшағы желбіреп, қара көзі мөлдіреп, жарлауда өскен жас талдың боз шы­­бы­­ғын­дай­ бү­р жарып, екпіндей өсіп келе жатқан бұл қыздың бозалаң шағында «ба­лу­ан­ болсам» деген ой үш ұйықтаса, түсіне кір­ме­ген.­ Сондықтан болар, әбден буыны бекіп, қа­быр­ға­сы­ қатайғанда, яки 16 жасында күрес кілеміне кі­ріп­ көр­ген. Оның өзінде дзюдо үйірмесіне.

Жаттықтырушы Хамза Ержанов дейтін ағай. Мамандығы дәрігер. Сөйте тұра балаларды ба­лу­ан­дыққа баулиды. Ақша табу үшін емес, жү­рек­ қа­лауы­ бойынша. Сәулеге күрестің әл­іп­пе­сін­ үйреткен осы адам. Бірақ біздің қызда ал­ғаш­қы жылдары күреске деген ынта һәм ықылас бола қоймаған. Тиіп-қашып келеді, кетеді.

Бірақ Сәуленің бойындағы ерекше талант­ты­ аң­ғар­ған­ Хам­за­ қыз­ды қолынан жетек­теп,­ кү­рес­тің­ кәсіби маманы, танымал жаттықтырушы Бейсен Әубәкіровке алып келеді. «Бейсеке, мы­на­ қыз жақсы балуан болады». Бейсекең төң­ке­рі­ліп­ ұзақ қарады. Айтқаны: «Көзінде оты бар ек­ен».­ «Жасың нешеде?». «Он алты­да­мын…» Бей­се­кең­ ба­сын шайқады: «Тым кеш­ ем­ес­ пе!».­ Осы­мен­ сөз­ тә­мәм. Аңтарылып тұрған қыз­ға­ «Ки­ ки­мо­ноң­ды!» деген бұйрық түсірді.

Жеңіске бастаған жол

Жалпы Торғай – жақсы балуандар көп­ шық­­қан­ өлке. Тек қана самбо күре­сі­нің­ саңлақтарын са­на­сақ,­ әл­ем­ бі­рін­ші­лі­гі­нің жүл­дегері Қар­лы­ғаш­ Әжі­­мо­ва, студенттер арасында әлем чем­пи­оны Жұлдыз Аймағамбетова, самбодан сту­дент­тер арасында өткен әлем бі­рін­­ші­лі­гі­нің күміс жүлдегері, қазақша күрестен елі­міз­дің­ бір­не­ше дүркін «Түйе балуаны» Мұ­рат­ Кинтонов, Азияның екі дүркін чемпионы Айдар­ Нығ­ме­тов деп кете береді. Бұл сапқа Сәу­ле­ Жаң­быр­бай­қы­зын қосып қойыңыз. Бұлардың барлығын ұштаған, күрес өнеріне баулыған жо­ға­ры­да­ғы­ Бей­се­кең, яки Бейсен бапкер.

Сәуленің алғашқы жарысы – 1989 жы­лы­­ дзю­­до­­дан Орал қаласында өткен ел бірін­ші­лі­гі. Салмағы – 52 келі. Жүйелі жаттығу бас­та­­­ға­­ны­­на­ ары кетсе бес-ақ ай. Бірақ кілемге жұ­­ты­­нып шықты. Қарсыласы – атақты Айсара Керімбекова. Соқыр жеребе солай түскен. Ай­са­ра­ның атағы дәуірлеп тұрған шақ. Ұтылды. Бі­рақ өкінген жоқ. Жығылсаң, түйеден жығыл!

Жарыстан соң бапкерлер ақылдаса отырып:­ «Айсарамен бір салмақта жұлқысып жүргенше, «байлаулы бұқадан оңаша бұзау артық» Сәу­ле­ самбоға ауыссын» деп шешеді. Расын­да­, сам­­бо­дан Сәуленің бағы жанды. Шу де­ген­де­ өз­ сал­ма­ғын­да (56 келі) Қазақстанды бағындырды. Бұл 1990 жыл болатын. Осы жылы Пермь өлкесінің орталығы Краснокамск қаласында 1971-1973 жылы туғандар арасында «Еңбек резервтері» ерікті спорт қоғамының біріншілігі жалауын көтерді. Қазақстан атынан жарысқа Сәуле барып қатысты.

Нәтиже жаман емес, ел қоржы­ны­на қола медаль түсірді.

Сәуле келесі 1991 жылы тағы да ел бірін­ші­лі­гін­­де топ жарды. Осы екпінмен атойлаған біздің қыз 1997 жылға дейін 56 келіде Қазақстанда жалғыз өзі «патшалық» құрды. Алдына жан баласын түсірмеді. Балуан қызға әлемдік жа­рыс­тар­ға қатысатын даңғыл жол ашылды. 1991 жылы самбодан Минск қаласында өткен әлем біріншілігінде украин һәм беларусь қыздарын ұтып, ресейліктен ұтылып, қола медаль алды. Бұл жетістігін 1993 жылы тағы қайталады. Әлем чемпионаты Омбы қаласында өткен еді. Қола үшін шайқаста тегі омбылық қазақ қызы Алла Есейовамен жолы түйісті.

Біздің Сәуле күресті бастағанына төрт жыл толмай жатып әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдесін қанжығалап тастады. 1994 жылы отау құрды. Кешікпей ұлды болды. Күресті жыл жарымдай доғарды. 1995 жылы дауылдатып­ қай­та­ ор­ал­ды.­ Кел­се,­ Таш­кент қаласында сам­­­бо­­­дан­ Азия чем­пио­на­ты өтеді деп құрама дүр­­лі­­гіп жатыр. Бас бапкер Бауыржан Жана­лин­­ чем­­­пио­­­­нат­­қа­ қа­ты­са­тын балуандарды әлде­қа­шан­ сұ­­рып­­тап, тапсырыс беріп қойған. Сәулеге ор­ын жоқ. Енді не істеу керек? Шауып Қырғыз ағ­айын­дар­ға барды: «Сіздерге алтын медаль ке­рек пе?» Қырғыздар: «Ойбай, сол үшін өлей­ік­ деп­ жа­тыр­мыз». Сәуле: «Өлмей-ақ қой­­ың­­дар,­ тек­ ме­ні­ ті­зім­де­ріңе қосып жібере са­­лың­­дар!» Ала қалпақты ағайындар қолдарын қу­сы­рып, «Құп тақсыр!» деді.

Осылай Сәуле Жаңбырбайқызы 1995 жы­лы­ Азия чемпионатына қырғыздардың атынан­ күресті. Финалда Қазақстан чемпионы Мағ­ри­па Әбішовамен жолықты. Сәулеге алтын керек. Қызғыздарға уәде беріп қойған. Амал жоқ, ұтуға тура келді. Сәуле самбодан Азия чем­пио­ны! Осы екпінмен әлем біріншілігіне бар­ды. Одан үшінші рет қола медаль алды. 1996 жылы Азия біріншілігін тағы ұтып, екі дүркін Азия чемпионы атанды.

Әлем чемпионы

Шіркін, енді бір ырғыса әлемді ба­ғын­ды­рып қалар. Үш рет есік алдынан қайтты емес пе. Өт­кен­ жылы (1995) самбодан Қазақстан бір­ін­ші­лі­гі өтіп, осы жарыс үстінде Айсара Ке­рім­­бе­­ко­­ва­ сал­­та­­нат­­ты түрде спорттық жо­лы­на нүкте қойған-тын. Онымен қоймай Ай­са­ра апасы күллі көрерменнің алдына сіңлісі Сәу­ле­ні шақырып: «Қымбатты сіңлім, менің дәу­ре­нім тәмәм. Ендігі қазақтың үміт артар қы­зы­ сен,­ сондықтан өзім көп жыл күреске киген күр­те­шем­ді­ саған сыйлаймын, жолың болсын» де­ге­ні бар…

Апасының ақ жарма тілегі «қабыл болғай» деп Сәуле күртешені киіп алды. 1996 жылы күзде самбодан әлем біріншілігі Жапонияда өтетін болды. Оған салып ұрып Сәуле барды. «Я, Алла» деп кілемге шықты. Ә дегенде жер­гі­лік­ті жердің балуаны жапон қызын ай­қын­ ба­сым­дық­пен жеңді. Екінші айналымда ресейлік балуан қызға тап келді. Осыны жеңсе, жолы ашы­ла­рын­ жақ­сы білетін Сәуле аянбай айқасты. Барын салды. Соңғы сәтке дейін екеуі тең шапты. Уақыттың бітуіне 30 секунд қалғанда Сәуле орыс қыздың шыңғыртып қолын қайырды. Оған да жан керек екен, шырылдап қоя берді. Төреші Сәуленің қолын көтерді.

Негізгі қарсыласын шаң қаптырған біздің қыз­ финалға жетті. Шешуші сында оны украина­ үмі­ті И.Матиевская күтіп тұрды. Тағы бір сұ­ра­пыл­ шай­қас басталды. Қазақтың қайсар қы­зы­ на­мыс­ты қолдан бермеді. Қарсыласын оң­тайы­ кел­ген­де­ ты­пыр­латып басып қалды. За­ры­на­ кір­ген бүркіттің құрсауына іліккен түл­кі­дей­ ук­раин­ қызы тұмсығы жер иіскеп жатты да қалды. Сәуле – әлем чемпионы! Қазақ қыздарынан шық­қан тұңғыш әлем чемпионы. Әрі осы бі­рін­ші­ліктен Қазақстан құрамасы жалғыз алтын алды. Ол да Сәуленің еншісінде. Қалай десек те, бұл қыз қазақтың спорт тарихында өшпестей із қалдырды.

****

Чемпион қызды торғайлық жерлестері той жасап қарсы алды. Арқалық қаласынан пәтер берді, жеңіл автокөлік мінгізді. Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. Келесі жылы Торғай тарады. Айрандай ұйып отырған ел тарыдай шашырады. Торғай тарап жатқанда Сәуле самбодағы жетістігін тәмәмдап, дзюдоға ауысты. Кәнігі балуан бірден дзюдодан Қазақстан чемпионы атанды. Бұл 1997 жыл болатын. Алда Шығыс Азия ойыдары. Оған тыңғылықты дайындалды. Бірақ бара алмады.­ Себебі, үкіметте ақша жоқ.

2000 жылы Астана қаласына қоныс аударды. Келген бетте жасөспірімдерге арналған «Астана батыр» спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасты. Бұдан былай спорттық жолын доғарып, бапкерлікпен айналысты. Қазір Сәуле тәрбиелеген шәкірттердің алды әлемдік жарыстардан олжа салып жүр. Бұлардың ішінде жастар арасында самбодан әлемнің екі дүркін жеңімпазы Динара Ысқақова бар.
Біздің кейіпкеріміз қазір самбо күресінен Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін лайықты атқарып жүр. Сондай-ақ еліміздің спорт басшылары еңбегін ескеріп «Қазақстан спортына еңбегі сіңген қайраткер» (2004) атағын берді. Құдайға шүкір, бас қалаға бауыр басып, ел қатарлы тірлік етіп жатыр.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − nineteen =