Самат Қабдулин: СПОРТПЕН АЙНАЛЫСУДЫ ӘДЕТКЕ АЙНАЛДЫРҒАНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

0 136

ZAH_1449

Самат Қабдулин, Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы

Астанада қала халқын бұқаралық спорт шараларына тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ туризмді дамыту жолға қойылып келеді. Әсіресе, елордалықтардың белсенді демалысын ұйымдастыруға барынша көңіл бөліне бастады. Өткен бейсенбіде елорда тұрғындарымен болған тікелей тілдесу барысында қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қабдулин осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгімеледі.

Мирагүл:

– Бас қаладағы спорт нысан­дары тек қана ел­ор­да­мыздың сәні мен салтанатын айшықтап қана қоймай, ха­лық­аралық спорт аренасына айналып отырғаны анық. Таяу келе­шекте қандай жарыстар ұйым­дастыруды жоспарлап отырсыздар?

– «Астана Арена» стадионында Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары өткізіліп тұрады. Мәселен, 13 қазанда Қазақстан мен Чехия құрамалары арасындағы матчты тамашалауға болады. Ал «Сарыарқа» велотрегінде 10-12 қазан аралығында дзюдодан «Гран при-2014» халықаралық жарысы өткізіледі.

Найля:

– Астанада қазақ күресінен жаттығулар болып тұра ма? Болса, ол туралы толыққанды ақпаратты кімнен және қайдан біле аламын?

– Қазақ күресінен оқу-жаттығу бас қаладағы Гете көшесі, 10 мекенжайы бойынша орналасқан Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы колледжінің спорт
залында өткізіледі. Жаттық­тырушы Естек Ерланмен
8-701-212- 53-46 телефон нөмірі арқылы хабар­ласуыңызға болады. Басқа да мәселелер бойынша біздің басқарманың www.sport.astana.kz сайтынан қосымша ақпараттар ала аласыз.

Күміс:

Қызым алты жаста, әне-міне мектепке барады. Оған қандай спорт түрімен айналысқан дұрыс?

– Қыз балаға көркем гимнастика, спорттық би, мәнерлеп сырғанаумен айналысқан жарасымды, ал ұл балалар көбіне спорт үйірмелеріне сегіз-тоғыз жастан бастап қабылданады. Жүзуге, спорттық гимнастикаға оларды жеті жастан да қабылдайды.

Дидар:

– Елбасы тапсырмасы бойынша еліміздегі бар­лық спорт нысандары бос тұрмауға тиіс. Астанада осы мә­селе қалай шешіліп жатыр?

– Қазіргі уақытта елордалық спорт нысандарында біздің басқармаға қарасты спорт мек­тептері мен клубтардың тәр­бие­ленушілері жаттығады. Осы орайда, Мемлекет басшысы бұ­қаралық спортты дамыту, оның ішінде спорт нысандарын қа­ра­пайым халық үшін қолжетімді ету жөнінде нақты тапсырмалар бергені анық. Бұл бағытта Астанада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.  Мәселен, «Алау» мұз ай­дыны сарайы, «Сарыарқа» ве­лотрегі және «Астана Арена» ста­дионы кәсіпқой спортшылармен қатар, қарапайым тұрғындар үшін қызмет көрсетіп келеді.

Алмас Хайдар:

Қайырлы күн, Самат Амангелдіұлы?! Қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы қыз­меткерлерінің алдындағы бас­ты міндет не деп есептейсіз?

– Бастысы, елордалық туризм және спортты дамыту, халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайын­дау, саламатты өмір салтын қа­лыптастыру және т.б.

Негізгі мақсатымыз – елордалық спортшылардың жоғары жетіс­тіктерге қол жеткізуіне жағдай туғызып, мүмкіндік жасау. Бұл орайда атқарылған шаралар мен атап өтуге тұрарлық табыстарымыз баршылық. Біз бұқаралық спорт шараларына барынша назар аударып отырмыз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Астанаға әр жақтан келіп қоныстанып жатқан әртүрлі, әр қырлы дарынды спортшыларды танып, қатарымызға тарту. Екіншіден, жекелеген еңбек ұжымдарында, әсіресе, жасөспірімдер арасында дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыруға ниеттіміз. Үшін­шіден, Елбасы атап көрсеткен «Астана халқының денсаулығы шымыр болуы керек» деген талабы тек дәрігерге қойылған міндеттеме емес. Денсаулықты шынықтыруға әр адамның өзінен бастап, қо­ғамда жан-жақты мүмкіндіктер жасауға тиіспіз. Міне, осындай ша­ралардың арқасында болашақта Астана қаласының нағыз сайыс­кер, сайдың тасындай іріктелген спортшылары өсіп қалыптасады.

Жанат:

– Самат Амангелдіұлы, қазіргі жастар спортқа қан­шалықты жақын?

– Астанада спортпен жүйелі түрде айналысатындардың дені – он сегіз жасқа дейінгі балалар. Олар жалпы халықтың жартысын, нақтырақ айтсақ, 56,6 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда қалада 100-ден аса спорт түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Тек, әркім оны өз қалауымен таңдай алады.

Құралай:

– Еліміздің бас қаласы – Астанада параолимпиадалық ойын­дарға спортшы дайындау қаншалықты деңгейде қолға алынған?

– Астана қаласында мүм­кі­дігі шектеулі жандар үшін Қа­зақстанда алғашқы боп ашылған «Қайсар» спорт клубы жұмыс істейді. Онда 13 спорт түрінен 320 адам жаттығады.

Қанат Балғабайұлы:

– Балалар мен жас­өс­пі­рімдер спорт мектеп­терінің суда жүзу үйірмесіне қай жастан бастап беруге болады?

– Жалпы, спорт мектептерінің балалар жеті жастан бастап қа­был­данады. Елордамызда жаңа мек­тептердің пайдалануға берілуіне байланысты спорт залдары мен алаңдар да көбейіп отыр. Мәселен, қаламыздың Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарында қысы-жазы спортпен айналысуға болатын спорт алаңдары бар. Олар тұрғындардың игілігіне де пайдаланылады.

Рыспек Оралов:

– Биыл Алматы қаласындағы Қазақ ұлт­­тық университетін туризм мамандығы бойынша үздік дип­ломмен бітірдім. Сіздерде жұ­мысқа орналаса аламын ба?

– 2013 жылғы 13 наурызда қа­былданған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік қызмет туралы» заңында көр­сетілген талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметке үміткерлер конкурстық негізде қабылданады. Алайда, қа­зіргі кезде біздің басқармада штат толық, бос орын жоқ.

Айбек:

– Сәлеметсіз бе?! Астаналықтардың басым бөлігі салауатты өмір салтын ұстанады дегенді естідім. Елорда тұрғындары спорттың қандай түрімен көбірек айналысады?

– Иә, әлеуметтанушылардың соңғы зерттеулері бойынша Астана қаласының әрбір төртінші тұрғыны спортпен айналысады. Көпшілігі жүзуге барса, әрбір бесінші елордалық бокс, күрес секілді жекпе-жек түрлерін таңдайды екен. Ал, спорттың ең бұқаралық түріне айналған футболға деген ынта-ықылас алабөтен. Одан әрі хоккей, мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика, спорттық бимен шұғылданушылар қатары да жыл өткен сайын артып келеді. Жалпы, бұл ретте елорда басшылығы қалалықтар дене тәрбиесімен шұғылдануды айнымас әдетке айналдыруы үшін барынша қолайлы жағдай туғызып отыр. Сондай-ақ, қазір кешкі самалмен қыдырыстап жүргендерді күнде кездестіретін болдық. Мұның бәрі астаналықтардың ауырмаудың жолын іздеп, спортқа ден қоя бастағанын аңғартады.

Зухра:

– Мен тоғыз жасымнан билеймін. Қазір он жетідемін. Жеке би үйірмесін ашқым келеді. Бұл мүмкін бе?

– Спорттық би бойынша секция ашу үшін спорттық орта кәсіби немесе жоғары біліміңіз болуы тиіс. Содан кейін ғана қалған құжаттарды рәсімдеуіңізге болады.

Дайындаған: Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 9 =