«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Салықтың ұлы – халықтың ұлы

0 226

Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Жезкиік» ақын атанып, шығармашылық пен ­лауазымды мемлекеттік қызметті ұштастыра білген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Тұғырлы тұлғаны ұлықтау шаралары елордадан басталып, қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын барлық кітапханаларда Кәкімбек ағаның мерейтойына арналған кітап көрмесі ашылды. Тиісті шаралар әлі де жалғасады. Атап айтқанда, Бөгенбай батыр даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы тұрған үйіне ескерткіш тақтасын орнату жоспарланып отыр.

IMG_3202

«ОҚУШЫЛАР КОМИТЕТІНЕН» ОБЛЫС БАСШЫЛЫҒЫНА ДЕЙІН

Болар бала екенін мектеп жасында-ақ танытты. Оқуда да, спортта да, драма және домбыра үйірмелерінде де озат оқушылардың қатарынан көрінді. Оқу орнында өтетін концерттерді жүргізу де соған тапсырылатын. Қазақшаға да, орысшаға да жүйрік еді.

Тоғызыншы сыныпта оқығанда қарым-қабілетін байқаған мектеп директоры Мұсахан Қанапиянов (белгілі ақын, аудармашы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бақытжан Қанапияновтың әкесі) жасөспірім Кәкімбекке «Ер жеткенде кім болсаң да басшылық жұмыстан қаша алмайсыз» деп болашағын болжағандай «Оқушылар комитетін» басқаруға қолқа салды. Бас тарта алмады. Бұл қазіргі өлшемге салғанда мектеп президенті дегенге келеді. Сөйтіп «алтын ұясынан» түлеп ұшқанша аталмыш комитет тізгінін ұстады.

«Кейін ойласам шахта басқарсам да, партком мен горкомның, обкомның хатшысы болсам да Мұсахан аға берген сабақтар бойыма табиғи түрінде сіңген екен деп ойлаймын» деп жазды Кәкімбек Салықов «Сырымбетте мектебім» атты естелігінде. Иә, ел басқаруға ұстазы баулып, тағдырдың өзі таңдады. Оның үстіне азамат болып қалыптасуына өскен ортасы, көрген тәрбиесі әсерін тигізді. Казгородок орта мектебінің директоры Нұржан Әуелбеков болып, аудандық тұтынушылар кооперациясын Балахмет Хайыров басқарды. Кәкімбек Салықов бұл кісілердің кіндігінен тараған көрнекті мемлекет қайраткерлері Еркін Әуелбеков пен Қажахмет Балахметовпен қатар өсті.

Ал ақындық бала күнгі арманы еді. Мектептің қабырға газетіне өлеңдерді бұрқыратып жазып жататын. 1949 жылы бір өлеңі «Қазақстан пионері» газетінде де жарқ ете қалды. Әкесінің ағасы, халық ақыны Молдахмет Тырбиев ақындығына риза болатын еді. Осы кісі Біржан салдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың өлеңдерін, Орынбай, Арыстан, Шөже сияқты ақындардың шығармаларын жатқа айтатын. Кәкімбек одан Үкілі Ыбырайдың әндерін, сол кезде әлі ақталмаған Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауын» үйренді.

ҚАНЫШ ЖҰЛДЫЗДАЙ ҚОЛ БҰЛҒАДЫ

Мамандық таңдауға келгенде де Молдахмет ағасының айтуымен техникалық оқуға түсті. Ақын боламын деп Алматыдағы ­ҚазМУ-дің журналистика факультетіне барайын деп тұрғанда соның сөзін тыңдады.

«Сен онсыз да ақынсың ғой. Халық ақыны атанып, ел тілегін ақтап жүрмін ғой, сонда мен қай оқуды бітірді дейсің. Ақынға оқу керегі жоқ, өмірге араласу керек, ол іштен оқып туады, анасының ақ сүтімен берілген нәсібі бар. Саған ақындықты еш адам үйреткен жоқ қой, оған бес жылыңды шығындама. Сен, Кәкімбек қалқам, үміт күткен өз баламсың, ақылың жетсе Қаныштың оқуына бар. Көкшенің толып жатқан таулары әрі-сәрі, анау Жалғызтауда, мына тұрған Сырымбет пен Айыртауда ештеңе жоқ дейсің бе? Соғыстан жүдеп шыққан ел жаңа ғана есін жинап келеді, сен ер жігіт боламын десең, Абай айтқандай, атаңның емес, Отаныңның баласы болуға тырыс. Қаныштың оқуына бар, жол ақысын өзім төлеймін» деген Молдахмет ағасының сөзіне тоқтады. Сол кезде қастарында болған ауыл ақсақалы Тоқыш Рысбеков: «Алла саған Қаныштың өнерінің жалғасын берсін» деп батасын берді.

Орта мектепті күміс медальмен бітірген Кәкімбек Мәскеудің түсті металл және алтын институтының кен барлау факультетіне құжаттарын тапсырды. Жолы болып, оқуға түсіп кетті. «Қаныш Сәтбаев жарқын жұлдыздай алыстан қол бұлғап, дем беріп тұрғандай тә­уекелге шақырды» деп жазды ол кейін естелігінде.

Бір сыныпта оқып, бір партада отырған Шота Уәлиханов Мәскеу­дің архитектура институтына түсті. Тағы бір сыныптасы Айша Біркенова Кәкімбек таңдаған жоғары оқу орынның металлургия факультетіне түсіп, бітірді. Шота кейіннен белгілі сәулетші болып, Алматыдағы «Тәуелсіздік» монументін тұрғызды, Елтаңбамыздың авторларының бірі ретінде ел тарихына есімі алтын әріптермен жазылды. Ал Айша ғылым кандидаты атанды.

ЖЕЗҚАЗҒАННАН БАСТАЛҒАН ҰЛЫ ЖОЛ

Ал Кәкімбек Салықов институтты бітіргеннен кейін Қаныш салған жолмен Жезқазғанға қыз­метке келді. Мұнда кен мастері болып еңбек жолын бастап, учаске бастығы, шахтаның бас инженерінің орынбасары, «Покро-15» шахтасының бас инженері, осы шахта директоры болды. Біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен жоғарыдағы басшылықтың көзіне түсіп, Жезқазған тау-кен-металлургиялық комбинатының партком хатшысына дейін көтерілді. Кейіннен Жезқазған қалалық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Сол уақытта қалада көптеген маңызды нысандар бой көтерді. Алпауыт өндіріс ошағы Жезқазған мыс қорыту зауыты жұмысын бастады. Осының бәріне Кәкімбек Салықов үлкен үлес қосты. Облыс құрылғанда облыстық комитеттің екінші хатшысы қызметіне тағайындалып, жаңа облыстың аяққа тұруына бар білім-білігін арнады.

Жезқазған жерінде тұп-тура жиырма жыл қызмет істеді. Одан соң КОКП Орталық комитетінде инспектор болды. 1984 жылы Өзбекстанға қараған Қарақалпақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгенде сол өңір халқының тұрмысын жақсартуға бар күшін салды. Әсіресе, Арал теңізінің тартылуы мәселесімен шындап айналысты. Одақ көлемінде Аралды құтқаруға қатысты екі қаулының қабылдануына себі тиді. Кеңес Одағы Жоғарғы кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің төралқа мүшесі кезінде де бұл проблеманы назардан тыс қалдырмады. Арал мәселесі жөніндегі Ұлттық кеңестің бас сарапшысы, Қазақстанның «Экология» халықтық академиясының академигі атанды. ҚазКСР Жоғарғы кеңесіне де үш мәрте депутат болып сайланды.

ҚОС КЕМЕНІҢ АҚЫНЫ

Ақындығы мен композиторлығы – бөлек әңгіме. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ поэзиясына заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке жыл келгендей жаңалық сезіндірген тегеурінді толқын келді. Кәкімбек Салықов солардың арасында әдебиеттегі өзінің орнын жоғалтпады.

«Кәкімбек Салықовты мен алғашқы өлең жазып, баспасөзде көріне бастаған кезінен білдім. Бірақ басшы партия қызметінде жүрген адамның ақындығы ет пен терінің арасындағы орынтақтың желігі ме деген күдік те болды ойымда. Алғашқы шыққан екі жинағын («Сыр», «Жезкиік») алып оқығаннан кейін ғана ол күдігім сейілді. Ол кенші-инженер мамандығы мен ақындығын тең ұстап, екі кәсіпті туыстырған жанымен ақын екен» деп жазды бұл туралы академик Серік Қирабаев.

Енді бір академик Мұхаметжан Қаратаев Кәкімбек Салықовтың халық ауыз әдебиеті дәстүрі мен жазба әдебиеттің жаңалықтарын меңгеруіне қарап, оны «Қос кеменің ақыны» деп атап кетті. Шындығында, Кәкімбек лирик әрі эпик ақын еді. Оның елу шақты кітабы жарық көрді. Соның ішінде «Тәттімбет», «Кенесарының соңғы сөзі», «Қарақалпақ», «Домбыра», «Қырандар» поэмалары – шоқтығы биік туындылар. Ол қаламына Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Тайжан Қалмағамбетов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Бәйкен Әшімов сынды тұлғаларды арқау етті. Әдеби аудармамен де айналысып, Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, басқа да ақындардың өлеңдерін қазақшалады. Өзінің де өлеңдері бірнеше тілге аударылып, кітап болып шықты.

Өлеңдері әнге де айналды. Қазір 500 жырына ән жазылғаны айтылып жүр. Соның ішінде «Жезкиік» әнінің орны ерек. Бұл өлеңге екі композитор – Нұрғиса Тілендиев пен Жақсыгелді Сейілов музыка жазды. Өлеңдеріне Базарбай Жұманиязов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Шәміл Әбілтай, Жағыпар Әлімханов, т. б. белгілі композиторлар ән тудырды.

Кәкімбек Салықовтың өзінің де композиторлығы болды. Әндерін орындаушы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов көп әндері елге әлі жетпегенін айтады. Көктемде тұлғаның мерейтойына орай үлкен концерт өткізу жоспарланып отыр. Тың туындыларын сонда естиміз деп ойлаймын.

ЕЛОРДАНЫҢ ЖЫРШЫСЫ

Кәкімбек Салықов өмірінің соңғы жылдары елордада тұрды. Ежелгі Есіл жұртын, Қараөткел-­Ақмоланың төңірегін, осында өмір сүрген тарихи тұлғаларды, жаңа астана келбетін ол сияқты жырлаған ақын да кемде-кем. Мәселен, бас қаланың 15 жылдығына орай «Астана – елдің ажары» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітабында елорда көркіне көрік қосып тұрған «Қазақ елі» монументін, Бейбітшілік және келісім сарайын, «Әзірет Сұлтан» мешітін, «Астана Опера» театрын, Ақорданы, «Хан Шатырды», «Мәңгілік ел» қақпасын астананың жеті кереметіне теңеп, өлеңдерін өріп шыққан. Әбіш Кекілбайұлы, Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Юрий Пя, Айман Мұсақожаева сынды бас қаламыздың абыройын асырған тұлғалардың еңбегін жырмен кестеледі. Қызы Майра Кәкімбекқызының айтуынша, биылғы мерейтойына орай да елордаға арналған кітабы шығарылмақ.

Кәкімбек Салықов 2013 жылдың қараша айында, 82 жасқа қараған шағында бас қалада өмірден өтті. Ұлттық пантеонға қоюға болар еді. Алайда әлдебір себеппен сүйегі елордадағы Нұрғиса Тілендиев даңғылы бойындағы зиратқа қойылды. Басына менмұндалап тұратын ескерткіш орнатылды. Енді еңселі ескерткішін қаланың көрнекті жеріне қойып, елорданың бір көшесіне атын беру керек деп есептейміз.

 ЕСІМІН НАСИХАТТАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУ КЕРЕК

Көрнекті тұлға 1995 жылы «Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық қоры» қоғамдық қорының құрылуына мұрындық болып, өмірден өткенше осы ұйымды басқарды. Қаныш Имантайұлының 100 жылдық мерейтойынан бастап, атақты академиктің аты мен еңбегінің насихатталуына өлшеусіз үлес қосты. Енді осы қор Кәкімбек Салықовтың есімін елдің есінде қалдыруға атсалысуы тиіс деп есептейміз. Бұл ұйым қол қусырып отырған да жоқ екен.

– Өткен жылдың жазында елордада Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші ашылғанын білесіздер. Қазір оның маңайында қосымша жұмыстар жүріп жатыр, қасына граниттен төрт тас қойып жатырмыз. Оның біріне біртуар академик туралы ақын Кәкімбек Салықовтың мынадай сөздерін: «Бұл алып тұлғаны бүкіл әлем жұрты біледі. Қаныш Имантайұлы шын мәніндегі бақ жұлдызы ерте жанған еренғайып тұлға. Оның есімі «Сәтбаев» атты аспан жұлдызына беріліп, ешқашан ұмытылмастай белгі тапты» деп жазу ойымызда бар. Бұйырса, биылғы 12 сәуір күні ресми түрде ашамыз. Әрине, Кәкімбек ағамыздың орны ерекше. Кәкімбек ағамыздың көптомдығын да басып шығару Мәдениет және спорт министрлігінен қолдау табуы керек. Ағамызды әрдайым еске алып, еңбектерін насихаттау парызымыз, – дейді «Қ.Сәтбаев халықаралық қоры» қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды