САЛЫҚТЫҢ САЛМАҒЫ АРТТЫ

0 167

original

Ағымдағы жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлкіне қатысты Салық кодексіне өзгертулер енгізілгені белгілі. Осы ретте мүлік, жер, көлік салығына қатысты жаңа өзгерістермен бөліссек.

Мүлік салығы
2014 жылдан бастап тұрғын үй және саяжайларға салық ставкасын есептеу барысында қолданылатын базалық салық ставкасы өзгерді. Яғни, әр шаршы метр үшін 30 000 теңгеден 60 000 теңгеге ұлғайды. Осыған байланысты мүлік салығының сомасы алғашқы жылға есептелген салық сомасынан көбірек болады.
Сонымен қатар, жеке тұлғалардың мүлік салығының сомасын анықтайтын ставкалар қайта қаралды. Мәселен, өткен жылы мүлік салығының сомасы – 1 300 теңге болса, биыл – 2 600 теңге. Бұдан бөлек, өзгерістерге сәйкес мүлік салығы аяқталмаған (әділет органдарында тіркелмеген) құрылыс объектілері бойынша да есептеледі. Мұндай объектілердің құны бір шаршы метрдің базалық ставкасы және жалпы алаңын негізге ала отырып жүзеге асырылады.

Жер салығы
Салық кодексінің 387-бабына бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, әр түрлі нысандарды салу үшін бөлінген, пайдаланылмаған жер телімдеріне, тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жер телімдерін қосқанда, жер салығының 10 есе ұлғайтылған салық ставкалары салынады. Бұл ретте, мақсатсыз пайдаланылған немесе ҚР заңдылығын бұзған жер иелерін анықтау тәртібі ҚР Үкіметімен тағайындалады. Мұндай жер телімдері бойынша салық органдарына ақпаратты жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган жолдайтын болады. Жер салығының базалық ставкасын 10 есе ұлғайту міндеттемесі аталған нормадан екі жыл мерзім аса, яғни, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап туатынын атап өту қажет.

Көлік құралдарының салығы
Көлік құралдарының салығы бойынша негізгі толықтырулар Салық кодексінің 365 және 367 – баптарын қамтыды. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың кейбір санаты үшін көлік қозғалтқышының көлемі 4000 текше см асатын, сондай-ақ 2013 жылдың 31 желтоқсан айынан кейін уәкілетті органда тіркелген (қайта тіркелген) жеңіл автокөлік құралдары үшін жеңілдіктердің күші жойылды.
Бұдан былай жеңіл көлік құралдарының жаңа ставкалары қозғалтқышының көлемі 3000 текше см асатын, жаңадан әкелінген (жасалған немесе жинақталған), Қазақстанда 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін шығарылған немесе Қазақстанның аумағына 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін кіргізілген автокөлік иелерінің барлығына қатысты. Яғни, биылдан бастап жеңіл көліктерге жаңа салық ставкалары бойынша салық салынады. Атап айтқанда: қозғалтқышының көлемі 3000-нан 3200 текше см– 35 АЕК. 3200-ден 3500 – 46 АЕК, 3500 ден 4000 – 66 АЕК, 4000-нан 5000 – 130 АЕК, 5000 текше см асса – 200 АЕК. Бұл ретте салық сомасы двигательдің аталған көлемінен асып түскен әрбір бірлік үшін 7 теңгеге ұлғайтылады.
Ал, ел аумағында бұрыннан пайдаланылған көлік құралдарына салықты есептеу және төлеу ескі ставкалар бойынша сақталады. Мәселен, Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін әкелінген двигателінің көлемі 3500 текше см құрайтын жеңіл көлік құралына 2014 жылға есептелген көлік салығы – 31 280 теңгені құрайды. Двигателінің көлемі тап осындай, алайда Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін әкелінген жеңіл көлік құралына 2014 жылға есептелген көлік салығы – 87 292 теңге.

Дайындаған
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − one =