©2020 Астана Ақшамы
САЛТАНАТТЫҢ КҮЙСАНДЫҒЫ
Орган – сазды аспаптардың падишасы, көлемі жағынан ең үлкені және аса күрделісі. Әлемдегі ең үлкен аспап Американың Филадельфиясындағы Macy’s Lord & Taylor сауда үйінде тұр. Оның салмағы 287 тонна екен. Бұл органды 1904 жылы Сент-Луисте өткен бүкіләлемдік көрмеге арнап жасалған. Ал, Еуропадағы ең үлкен органды Пассау қаласындағы әулие Стефан рим-католик кафедралды соборынан көруге болады.
Оны бір жерден екінші жерге көшіру оңай емес. Органды шеберлер белгілі бір орынға шақтап жасайды. Егер скрипканың дауысын күшейтіп, дыбысын құбылтатын резонаторы – корпусы болса, органның пернелерінен шығып, тұрбаларынан төгілген үнді мың құбылтатын нәрсе – кеңістік. Яғни, орган орналасқан орынның акустикасы жақсы болуы шарт. Өзге музыкалық аспаптардың құдіреті жетпеген дыбысты әуелетіп әкетіп, кеңістікте жаңғыртып, тылсымның есігін ашқандай әсер қалдыратын орган біздің елімізде діни мақсатта емес, зиялы өмірімізде концерттік аспап ретінде қолданылады. Сондай неміс шеберлерінің қолынан шыққан Hugo Mayer фирмасының органы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде орналасқан. Осы органның алғашқы орындаушысы, аталмыш университеттің аға оқытушысы Салтанат Әбілханова ерекше өнері туралы былай дейді:
– Органда ойнау – өте ғажап нәрсе! Әр пернені басқан сайын өнер құдіреті баурап, қолтығыңа қанат біткендей алысқа самғатып алып кетеді. Мүмкін, осы аспапты қалауымның басты себебі содан болар. Тыңдаушысын да, орындаушысын да елітіп әкететін орган сазын еуропалықтар «жаратқанның үні» деп атайды.
Салтанат Қызылорда қаласында туып-өскен. Құдіретті үнді бала кезінде алғаш рет Евгения Лисицинаның күйтабағынан естиді. Сұлу сазға еліткен Салтанат мамасынан бұл қандай музыка деп сұрайды. Жас қыз органның не екенін елестете алмайтын. Бірақ оның үні жанында сайрап тұратын. Ол қалалық музыка мектебінің пианино класын үздік бітіріп шығып, Алматы консерваториясына жолдама алады. Бірақ, өзі оташы дәрігер болуды армандайтын Салтанат жолайырықта ойға кетеді. Алайда, анасы мен ұстаздарының ықпалымен консерваторияға түседі. Түспес бұрын анасына тек органда ойнайтын болсам ғана оқимын деп шарт қояды. Оқуға түскен жылы анасы кенеттен қайтыс болады. Анасының қазасына қатты қайғырады. Органның пернелерін басқан сайын көкірегі қарс айырылып, көз жасы парлап кететін. Жүрегіндегі сағыныш-құсасы сыртқа лықсығанда орган да Салтанатпен бірге жылап тұрғандай сезінетін. Салтанат әлі күнге дейін егер органда ойнамасам, анамның қайғысын жеңе алмас па едім деп ойлайды. Органда ойнаған жылдар артта қалып, консерваторияны тәмамдап, жұмыс бабымен Астанаға келді. Орган үнінен алыстаған сайын жақынын жоғалтқандай сезімде жүретін. Жылдар өте келе енді органда ойнамайтын шығармын деп күдерін де үзген.
Әлі есінде, 2005 жылы 4 сәуірде Астанаға орган орнатқалы сегіз бірдей маман келгенде өз көзіне өзі сенбейді. Содан бірнеше ай өткенде орган залы ашылды. Ашылу салтанатында ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғабит Несіпбаев немістің белгілі органшысы Лео Кремер өнер көрсетті. Әрі қарай концерттер жалғасып, Салтанат көптен бері жоғалтқанын тапқандай жаны жадырап сала берді. Органда ойнау өнерін дамытып жатқан Салтанаттың соңынан шәкірттері ерді. Концерттік бағдарламаларды жібермейтін көрермендері де көбейіп келеді. Тіпті, Салтанатқа хабарласып, қашан орган музыкасының кеші болады деп сұрап та жатады. Бір сөзбен айтқанда, орган үні астаналықтардың да жүрегіне жол тапты.
Салтанаттың концерттік кештерінің ерекшелігі бар. Ол белгілі бір шығарманы орындамас бұрын оның тарихын айтып, ерекшеліктерін түсіндіреді. Сондай керемет кештердің сәнін келтіретін, әрине, Салтанаттың өзі және өнері.
Айгүл УАЙСОВА