Салиқалы ойлар сарапталды

0 109

Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық медициналық холдингта» және Ұлттық академиялық кітапханада Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын насихаттау мақсатында мектеп мұғалімдерімен, оқушыларымен, кітапхана және медицина саласының қызметкерлерімен кездесу өтті.

Әуелгі кездесу «Ұлттық медициналық холдингта» болды. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитеті төрағасының орынбасары Серік Сайынов жиынға қатысушыларға Елбасы жолдауын таныстырып, өзекті әңгіме өрбітті. Кездесуге жауапты Есіл ауданы әкімдігіне қарасты Әлеуметтік сала және ішкі саясат бөлімінің бастығы Арайлым Тілеуханқызы орайлы сәтті пайдаланып, көкейдегі сұрақтарға кезек беріңіздер деген ой тастап отырды. Бірінші сауал мынау болды: «ЭКСПО-2017» кезінде қоғамдық тәртіп сақшылары қалай қызмет атқарады? Олар қоғамда қауіпсіздікті қамтамасыз ете ала ма?».Бұған Серік Сайынов жауап берді. Оның айтуынақарағанда, дәл қазіргі таңда біздің сақшылар бұл жұмысқа дайын деп айту қиын. Бірақ, осы мақсатта арнайы жаттығулар жүргізіліп, мамандар дайындықтан өтеді. Тіпті, мемлекеттік деңгейде атқарылатын істер қатарына жатқызуға болады мұны. Сондықтан, шет елдерден келетін 5 миллионға жуық қонақтың алдында елді ұятқа қалдырмау үшін, алдағы 4 жылда бұрын-соңды болмаған қарқынмен жұмыстар атқарылады. Межелі уақытқа дейін сақшылар сақадай сай болады. Бұдан кейін де біраз сұрақ қойылып, әркім өзін толғандырған мәселеге жауап тапты. Байыпты басқосуды Республикалық диагностикалық орталық директоры Нұржан Отарбаев қорытындылап, Елбасы тапсырмаларының абыроймен жүзеге асатынына сенім білдірді.

Ұлттық академиялық кітапханадағы жүздесуде де зал лық толы болды. Бұл жерде СерікСайыновпен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Ішкі аудит және бақылау департаментінің директоры Әнуар Сыдықов баяндама жасады. Көпшілік атынан айтылған алғашқы сөз сауалдан көрі өкпеге жақындау естілді. Мұғалімдердің бірі: «Биылғы Жолдауда Елбасымыз «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп жазыпты. Ендеше Жолдауға қолдауды осыдан неге бастамайсыздар? Орысша баяндамаңыздың не қажеті бар? Бұл жерде бәрі қазақ!» – деп базына білдірді. Әнуар Сыдықов өз кезегінде: «дұрыс айттыңыз, сөзіңізге келісемін», – деп құптайтынын білдірді. Одан әрі Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген маманға осы салада ши шыққан кей мәселелер жайлы сауалдар қаптап кетті: «Австрияданәкелінген 722 сиыр ауру болып шықты, бұған қалай жол берілді? Болашақта елімізге әкелінетін асыл тұқымды малдар ауру тұқымды болмас үшін не істеп жатырсыздар? Азық-түлік бағдарламасы бойынша қандай істер атқарылуда? Ауылдан жастар қалаға ағылуда, Министрлік тарапынан мұның алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?». Сұрақтардың бірі де жауапсыз қалған жоқ, бірақ бәрі бірдей тұшымды болды деу қиын. Себебі, біз әлі Жолдауды насихаттаумен, халыққа түсіндірумен, түсіндіргенде де цитаттар келтірумен келе жатырмыз.Осындай жиын генерал С.Қ.Нұрмағанбетов атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінде де болып өтті. Оған мектеп шәкірттері мен мұғалімдері атсалысты.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 10 =