Салиқалы ой, салмақты пікір алаңы

0 277

25 қыркүйек. Бейбітшілік және келісім сарайы.Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының отырысы өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтауын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді.
-Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі тиімді сұхбат алаңы ретінде қалыптасты. Алғашқы съезд өткен 2003 жылғы қыркүйектен бергі он жыл ішінде үлкен тәжірибе жиналды. Біздің бұл қадамымызды әлемдік қауымдастық түгел мойындап отыр, – деді Қайрат Мәми отырысты ашарда сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ, ол съездің керемет пікірсайыс алаңына айналуымен бірге ниеттес, ойы мен іс-қимылдары бір адамдарды біріктіріп, одан әрі жүйелі жалғасуына жол ашқандығын да тілге тиек етті.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бас мүфтиі Ерлан қажы Малғажыұлы: «біз өркениетті ғаламда тыныштықты сақтай отырып, дінді, мәдениетті кең ауқымға алып шықтық. Бұл – бүгінгі заманғы адамзаттың қол жеткізіп отырған үлкен жетістігі. Діндер арасындағы ашық сұхбатты дамыту – шын мәнінде, қисапсыз еңбек пен асқан жауапкершілік. Біз осы құндылықтарды дер кезінде дәріптеп, қадір қасиетін ұғына білдік» деген пікір айтты.
Сонымен қатар съезд Хатшылығы отырысында Ресейдің еуропа бөлігі мұсылман діні басқармасы президиумының және Ресей муфтилері кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдинов, Кавказ мұсылмандар басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Гаджи Аллашүкір Паша-Заде, Рим католик архиепархииі архиепископы Әулие Мария Томаш Пэта, және де басқа адамдар ой-пікір, ұсыныстарын білдірді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының келесі отырысы 2014 жылдың 17-18 қыркүйегінде өтетін болып белгіленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 1 =