Салғырттықтан карантинге қайтып оралуымыз мүмкін

0 43

Эпидемиологиялық жағдай мен өтініш білдірушілер санының артуын ескере отырып, коронавирустың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі қалалық шұғыл әрекет ету штабында бірқатар мәселелер қаралды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Төменде қала басшысының мәлімдемесін толық жарияладық.

«Бірінші. COVID-19 инфекция­сын жұқтырғандар үшін қосымша 400 провизорлық орын ашылды. Оның ішінде, стационарлар базасында инфаркт, инсульт, қант диабеті бар (КВИ-ға күдігі бар) адамдарға арналған жеке орындар анықталды. Бұған дейін пневмония мен ОРВИ бар емделушілер үшін жеке корпус­тар ашылған болатын. Оларды коронавирусқа қосымша тексереді. Бұл инфекцияны ертерек анықтауға мүмкіндік берді.
Екінші. Қалалық және жекеменшік емханалардың бас дәрігерлерімен, стационарлардың, талдау орталықтарының басшыларымен және қаланың бас санитарлық дәрігерімен онлайн-кездесуден кейін коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларын емдеу үшін телемедицинаға көшу туралы шешім қабылданды. Медицина қызметкерлері бейнеқоңыраулар және басқа да байланыс арналары арқылы тұрғындардың денсаулық жағда­йын қадағалайды, коронавирустың симптомсыз тасымалдаушыларына барлық мәселелер бойынша кеңес береді. Науқастарда симптомдар пайда болған жағдайда олар ауруханаға жатқызылады.
Үшінші. Шетелден ұшып келген әуежолаушыларды оқшаулау тәжірибесі жалғасады. «Рамада Плаза» қонақүйінде медстационарға жабдықталған нөмірлер дайындалды. Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыздан бастап қалаға кіру және шығу жабылды, қалалық штаб барлық әуежолау­шыларын тексеру туралы шешім қабылдады. Бұл қалаға инфекция жұқтырғандарды жібермеуге мүмкіндік берді.
Төртінші. Ұйымдар қызметкерлерді қашықтан жұмыс жасау режиміне барынша көшіруі қажет.
Қызметі рұқсат етілген ұйым­дар санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын бақылауы керек. COVID-19 жұқтырғандардың жартысы – әртүрлі ұжымдар. Күн сайын әкімдіктің мобильді тобы полиция қызметкерлерімен, санитарлық дәрігерлермен, волонтерлермен бірлесіп рейдтер жүргізіп жатыр. Тәртіп бұзушылық болған жағдайда нысандар жабылады.
Бесінші. Қала тұрғындары санитария нормаларын қатаң сақтауы қажет. Маска киіп (әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде), мүмкіндігінше адам көп жиналатын орындарға бармай, антисептик пайдаланып, арақашықтық сақтаған жөн. Отбасылық жиындар мен қонаққа барудан, үлкен топпен жиналудан бас тарту қажет. Сақтық шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және жақындарыңызды қауіпсіз ете аласыз. Қалада отбасылық ошақтар тіркеліп отыр, яғни бір отбасының барлық мүшелері індетті жұқтырған.
Қалада (адамдар көп жиналатын жерлерде) инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында тұрақты түрде дезинфекциялық жұмыстар жүргіземіз. Бұдан басқа, емханалар мен ауруханалар аумағында дезинфекциялық тоннельдер мен тепловизорлардың санын көбейтеміз.
Дәрігерлердің айтуынша, нау­қастардың жағдайы өте ауыр. Өкінішке қарай, тұрғындар медицина қызметкерлері айтып жатқан ережелерді сақтамайды, өзін-өзі емдеумен айналысып, медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. COVID-19 өздігімен емдеуге болмайды, індет өте қауіпті.
Санитарлық нормаларды сақтамау қатаң карантин режиміне оралуға әкелуі мүмкін».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 20 =