Салғырттық сан соқтырмасын

0 20

Індет қажытқаннан сақтық шараларына салғырт қарайтындар көбейді. Осындай қиын кезеңді бастан кешіріп жатқан елді Мемлекет басшысы сабырға және сақ болуға шақырды. Себебі бұл – тек бір Қазақстанның басындағы ғана емес, бүкіл әлем елдері душар болып отырған жағдай. Ал індетті тоқтатудың жалғыз жолы – вакцинация. Сондықтан Президент екпе салу науқанына түсіністікпен қарау керектігін айтты.

Енді бүгежіктейтін ештеңе қалған жоқ, батыл қадамдар жасап, осы күрделі кезеңнен қалай да шығу керек. Себебі дерттің наурыздың басынан бері асқынуы былтырғы ең ауыр кезеңдегі ахуалға теңестірілді. Елде індеттің өршуі барлық адамдарды белсенді иммундау қажеттілігін көрсетіп отыр. Қазақстанда 1 ақпан мен 31 наурыз арасында 134 мыңнан аса адам вакцинаның бір дозасын, 38 мыңнан аса адам екінші дозаны алған. Елдегі екпе егу науқаны жоспар бойынша келе жатқанмен, бұл көрсеткіш Еуропа елдері, АҚШ, Израильден әлдеқайда төмен екендігі айтылып, бұған депутаттар Денсаулық сақтау министрлігі басшылығын айып­тады. Мәселен, Қазақстан екі айдай уақытта 173 мыңнан аса доза салғанда, Италия, Германия бір күнде 120-150 мың адамға екпе егіп жатыр. Ал Ұлыбритания күніне орта есеппен 300 мың, АҚШ күніне бір миллионнан аса адамға екпе салады. Қазір Қазақстандағы халықтың шамамен 0,8 пайызы ғана екпенің бір дозасын болса да алған. Ал Ұлыбританияда халықтың 33 пайызы, АҚШ-та 28 пайызы екпе алды. Сондықтан салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанда екпе салу науқаны ұзақ жүргізіліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінің профессоры, биофизика саласы бойынша PhD Дана Ақылбекова Қазақстанда мұндай жылдамдықпен халыққа екпе салу 3-4 жылға созылуы мүмкін екенін айтады. Ал коронавирус мутацияланып жатқан кезде екпені асықпай күтетін уақыт жоқ. Өйткені вирус екпеге де бейімделіп, оған төтеп беретін өте төзімді болып кетуі мүмкін.
Вакцинация жоспарға сай жүрсе, ол бастапқы кезеңдегі дәрігерлер мен педагогтардың есебінен болып отыр. Алайда жалпы халықтың ішінде оған сенбейтіндер де, осыдан басқа жол жоқ екенін түсініп, салғызуға дайындар да бар. Әлеуметтік желіде елдің назарында жүрген қоғам белсенділерінің, кейбір журналистердің екпе алып жатқан суретімен бірге салған посттары да бір оқығанда адамға оң әсер еткенмен, көптің көкейінде күдік басым. Ел ішінде екпе 1-2 жыл толық сынақтан өтпейінше, қауіпті болуы мүмкін деген күмәнді ойлар айтылып қалады. Ал басым бөлігі сенетінін айтып, екпені алғаш болып салдырып та жатыр. Осы ретте медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев мемлекеттік түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүрмеуінен халық арасында екпеге деген күдік көбейді деп санайды. Ол екпе егу пандемияны тоқтатудың, 50 жастан асқандар мен созылмалы ауруы бар адамдардың өмірін сақтаудың бірден-бір жолы деп біледі.
Мемлекет басшысымен кездесуде А.Цой ел аумағында анықталған мутацияланған штамдарды ескере отырып, жаңа эпидемиологиялық болжамдарын мәлім етті. Оның айтуынша, енді пессимистік сценарий бойынша биыл сәуір-маусымда науқастар саны шамамен 370 мыңға жетеді, 190 мың адамды ауруханаға жатқызу керек болады екен. Ал реалистік сценарий бойынша аталған аралықта шамамен 250 мың науқас, оптимистік сценариймен шамамен 140 мың адам тіркеледі. Бұл болжамдар Денсаулық сақтау министрлігінің елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға тұрақты жүргізетін мониторингі нәтижесінде шығарылады. Соның негізінде медициналық ұйымдар коронавирус инфекциясына қатысты жағдайға дайындалады. Осыған байланысты шектеу шаралары республикалық, жергілікті және өңірлік деңгейде де жүйелі түрде қабылданады.
Әлемде де қазір ахуал жақсы емес. Франция 3 сәуірден бастап бір айға жалпыұлттық карантин енгізіп жатыр. Бұл туралы ел президенті Эмманюэль Макрон телеүндеу арқылы халыққа жариялады. Оның айтуынша, бұған вирус­тың британдық штамына қатысты аурудың кенеттен артып кетуі себеп болып отыр. Жалпыұлттық карантин күнде кешкі 19.00-ден басталады және адамдардың тұратын жерінен 10 км алыс кетуіне тыйым салынады. Бұл ереже барлық 77 департаментте жүзеге асырылады. 5 сәуірден бастап кемінде 3 аптаға дейін мектептер мен балабақшалар жабылады. Студенттер сабақтарына аптасына бір рет барып қана қатысады.
Мәскеуде екпе алғаннан кейін мыңға жуық адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл – барлық екпе алғандардың оннан бір бөлігі. Олардың 76 пайызы ауруды жеңіл және симптомсыз түрде өткеріп жатқаны айтылады. Ресей астанасында жаппай вакцинация былтыр 4 желтоқсанда басталған еді.
Швеция үкіметі елдегі локдаун шарттарын кем дегенде 3 мамырға дейін созбақ. Елдің премьер-министрі Стефан Лёвен ахуалды «өте күрделі» деп бағалады. Қазіргі таңда ел эпидемиологиялық қауіптің анағұрлым қауіпті үшінші деңгейіне өтті. Бұл деңгейде жабық мекемелерде өткізілетін қоғамдық шараларға орындыққа отырып қатысатын қатысушылар санын 50 адамнан асырмау талабы енгізіледі. Ал ашық алаңдардағы адамдар саны 100-ден аспауы керек.

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + thirteen =