Сәлем – сөздің анасы

0 2  996

Жұмыс бабымен көп жүреміз. Түрлі адамдармен кездесіп те жатамыз.  Сондай сәтті күндердің бірінде таксиге отырғам. Жүргізушінің қалта телефоны шыр етті. Отыздардың шамасындағы жігіт тұтқаны құлағына тақай бере: «Ассалаумағалейкүм» деп жауап қатқанда,  ішім жылып сала берді.

Амандасудың өзі адамгершілік пен әдептіліктің бір белгісі екені бесенеден белгілі. Сондықтан да болар, қазекем «Сәлем – сөздің атасы» дейді.
Ақ сақалды ата мен ақ жаулықты ананы, жалпы үлкенді сыйлап, алдынан қия өтпейтін біздің халық сәлемдесуге ерекше мән берген. Көнекөз қариялардың айтуынша, кездескенде атты адам – жаяуға, жүріп келе жатқан жан – отырғанға, жасы кіші өзінен үлкенге сәлем беруі керек екен. Бұл – кішіпейілдіктің, ал кішіпейілділік кісіліктің көркі болса керек.
Өкінішке қарай, соңғы кездері ұрпағымыз дұрыс сәлемдесуден қалып барады. Жастар жағы көбіне бір-бірімен иық қағыстырып, немесе жоғары көтерген қолдарын қағыстырып, кейде жай ғана «қалайсың?» деп жүре амандасады. Әсіресе, қалалықтар, бір аулада тұрып, күнде дидарласып жүргендердің өзі бір-бірімен кездескенде танымайтын адамдай өте шығады. Ал, мына жігіттің амандығы түзу екен. Әңгімеге тарттым.
– Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өстік қой. Қалаға келгенімізге көп бола қойған жоқ, – деді өзін Жомарт деп таныстырған жүргізуші.
– Сонда қанша жылдан бері қалада тұрасыз? – деймін ғой.
– Жеті жылға жуықтапты…
Әрине, аз уақыт емес. Бәзбіреулер құсап қалаға тез арада үйреніп алып, заманауи жаргондарды жапсырмай, қанына сіңген қазақылығын, қарапайымдылығын сақтап қалған Жомартты тағы да «тергеуге» алдым.
– Бұлайша сәлемдесуді біз үлкендерден үнемі еститінбіз. Енді, міне өзіміз де үлкейіп қалдық. Бізден көргенін кейбіреулер де қайталап жүр.
Сөзінің жаны бар. Кейбіреулер ғана. Ойға қалдым. Жалпы, сәлемдесу – мұсылмандықтың нышаны болса, «Ассалаумағалейкүм» деген сөз «Алланың нұры жаусын!» деген мағынаны білдіреді. Ендеше, «Сізге де Алланың нұры жаусын!» деп немесе « Уағаләйкүмассалам!» деп жауап қайтару қиын ба?
Бала көргенін істейді. Сондықтан, исі қазақтың әр шаңырағында ата мен әже, әке мен шеше батысқа еліктеудің алдын алып, мұсылмандықты үйретіп отырса, сәлемдесу әдебі қалыптаспас па еді.
Әлем елдеріндегі сәлемдесу рәсімдеріне тоқталсақ, олар әртүрлі. Мәселен, жаңазеландиялықтар сәлемдескен кезде мұрындарын тигізіп амандасса, жапондықтар бір-біріне иіліп сәлем береді екен. Ал, қытайлықтарға — бас ию, үнді халқына екі алақанды түйістіріп, қолды маңдайға тигізу тән. Тибеттіктер болса, бір-бірін көргенде, тілдерін шығарып амандасатын көрінеді. «Әр елдің салты басқа».
Әдеп пен адамшылық қасиеттердің дәл осы амандасудан бастау алатынын айттық. Демек, адамдар арасындағы қарым-қатынасты жалғастырар ең басты тілдік құрал – сәлемдесуге дұрыс көңіл бөлген абзал. Кездескен адамдар бір-бірінің амандығын біліп, бір-біріне амандық-саулық тілеп қана қоймай, «Қайырлы таң!»,«Қайырлы күн!»,«Қайырлы кеш!» деген тілек пен ізет білдіріп, ата дәстүрді бұзбай, мұсылманша ақжарқын амандасса, қандай жарасымды!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ,
g.mamyraimova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =