Сәлем беру мен сақтану

0 46

Домалақ дүниені дүрліктірген коронавирус­тан сақтану көп елдердің дәс­түріне де әсер етуде.Бейжіңнің полицейлері дауыс зорайтқышпен көшедегі жұртты қол алыспай, бір-бірімен иіліп амандасуға шақыруда. Франция билігі адамдардың бір-біріне маңда­йын тигізуге тыйым салды. Этикет маманы Филип Лихтфус француздарға бір-біріне көзбен сәлемдесуді ұсынды. Испаниялықтар Пасха кезінде бұрынғыдай Әулие Марияның мүсінін сүйе алмайтын болды. Румындар 1 нау­рыздағы көктем мерекесінде ақ және қызыл жіптерден тоқылған гүл сыйлап, бір-бірінің бетінен сүймейді. Польша үкіметі шіркеуге барғанда ортақ наннан ауыз тиюге тыйым енгізіп, қасиетті суға қол жумауға шақырды. Жаңа Зеландиялықтар бір-бірімен мұрын түйістіретін дәстүрлі хонга ойынынан бас тартуда. Бразилияның Денсаулық сақтау министрлігі әйгілі химаррао сусынын жұртпен бөліспеуге үндеді. Міне, қызық!
Сонда көрген адаммен «Ассалаумағалейкүм!» деп қол алысып, құшағын жаятын қазақ қайтпек? Ежелден келе жатқан дала дәстүрінен бас тарта ала ма? Мұндай сауалға әркімнің өз ой-пікірі дайын. «Хабар» телеарнасындағы бір бағдарламаға қатысқан Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов қол алысудың орнына қазақтың ежелгі әдебі – бір-біріне иіліп амандасуды ұсынды. Академик әлемді әбіржіткен коронавирус қаупінен сақтанудың ең дұрыс жолы осы дейді. «Қазақ халқында ежелден келе жатқан иіліп сәлемдесу салты бар. Қазір екінің бірі кездескенде қолыңнан ұстап, бас салып амандасады. Бұл өте қауіпті. Бәлкім, ол адамның дәретханадан шыққан беті шығар? Егер оған қос қолыңды беріп, амандаспасаң мәдениетсіз, әдепсіз адам болып көрінесің. Әлгі адам реніш білдіреді. Менің ойымша, біз дүние жүзін дүрліктірген дерттен сақтануымыз үшін қол алысып амандасудан бас тартып, қолымызды алдымызға ұстап, сәл еңкейіп сәлемдесуді әдетке айналдырғанымыз абзал» деді академик.
Бұл ұсынысты дұрыс немесе бұрыс дей алмаймыз. Өйткені қазақпен бірге жасасып келе жатқан үлкенге қос қолдап сәлем беру, батасын алу – қанымыз­ға сіңген озық дәстүріміз. Қазақтың салтында ер-азаматтар бір-бірімен қол алысса, қыз-келіншектер қазіргідей бір-бірін бетінен, ернінен ешқашан сүймеген. Кездескен сәтте бір-біріне жай ғана иіліп сәлем берген. Жаһанды шошытқан жаман аурудан сақтанайық десек, мұны да естен шығармағанымыз абзал. «Сақтансаң сақтаймын» демекші, егер ауру жұқтырудан сақтанудың жолын іздейміз десек, онда ежелгі замандағыдай екі алақанымызды жоғары көтеріп (әрине, бұл қалжың) немесе жай ғана қолымызды бұлғап амандасайық, аға­йын! Не десек те, әлемді дүрліктірген дерт бізді айналып өтсін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − two =