САЛАУАТТЫ САРБАЗ

0 116

3х4_Байкешев Рзагул copy

Дүрбелең, зұлмат жыл-дардың соңғы куәгерлері арамызда әлі бар. Оларға деген құрмет пен ілтипат жыл санап артып келеді. Қанды қырғынның бел ортасынан қайтқан қарт жауынгерлердің бірі − Ырзақұл Байкешев. Тоқсаннан асқанымен, еңсесін бермеген уақыт тажалға. Ширақ, тың. Иә, аз-маз құлағының ауырлығы аңғарылды.

Әңгіме ауаны қарияның Екінші дүниежүзілік соғысқа қалай барғаны жөнінде өрбіді. Ол Ақтөбе облысына қарасты Мұғалжар ауданындағы Үшқаты деген жерде туып-өскен екен. «Мен дүниеге келген өңірде жылқы совхозы болды. Әкем байлардан тәркіленген жылқыны бағатын. Біз де кішкентайымыздан жұмысқа жегілдік. Аштық та басымыздан өтті. 1942 жылдың ақпан айында мені мектеп партасынан соғысқа алды. Аудандық әскери комиссариатқа жиырма шақты адамды жинап, Ақтөбеге алып келді. Онда 101-атқыштар бригадасы жаңадан құрылып жатыр екен. Бізді осында соғыс тактикасына баулыды. Күнде жүгіртіп, мылтықты қалай ұстау керектігін үйретті» дейді ақсақал сол жылдарды есіне алып.

Содан 1942 жылдың мамыр айында Ырзақұл да көптеген қазақ жастарымен бірге майданға аттанады. Бұлардың бригадасы қолбасшы Конев басқаратын әскерінің құрамына енгізіледі. Ә дегеннен батысты бетке алған қызыл әскер жасағы алға жылжып, Минскіге таяу орналасқан Великие Луки мен Калинин қалаларын жаудан азат етеді. Жеңіс таңын қалай қарсы алғанын ардагердің өзі былай әңгімеледі: «…Әрі қарай Орел, Белый Церковь дейсіз бе, көптеген қалаларда болдық. 1944 жылдың наурыз айы еді, Сталинградты алғаннан кейін Польша, Венгрия, Румынияны басып отырып, Берлинге қарай жылжи бердік. Балтық жағалауында, Будапешттен өтер-өтпесте жараландым. Госпитальде жатып, жеңіс күнін қарсы алдым. Ой, сондағы қуанғанымнан жарақатымның ауырғанын да ұмытып, туған ауылымды сағына түскенім есімде».

«Мәскеуді қазақтар қорғап қалды» дегеннің жаны бар. Шындығы да сол. Қандастарымыз үлкен қаланы қорғап қана қалмай, қайтадан қалпына келуіне де үлес қосты. Солардың бірі – Ырзақұл қария. Майдангер соғыстың соңғы жылында Мәскеудің түбіндегі Ногинск қаласындағы әскери зауытта жұмыс істепті. Тек тың жерлерді игеру кезінде туған топырағынан тағы жырақтап, Ақмола өңіріне табан тірейді. Ақтөбеден келген үш жігіт Рождественкада (қазіргі Қабанбай ауылы) жұмысқа орналасады. «Рождественканы – неміс поселкесі дейді. Өзіміз неміспен соғысып келгенбіз. Жастау кезіміз ғой, содан бұл жерге алғашқыда үйренісе алмай жүрдік» деп күледі Ырзақұл ақсақал. Бірақ, Еділ бойынан осында жер аударылған неміс халқынан жақсылық көргенін жасырмады. Давид Лейман деген ептеп қазақша білетін азамат оған жұмыс береді.

Ырзақұл осы өңірде өмірлік серігін тауып, Ақмоламен шекаралас Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Ахмет ауылының қызымен шаңырақ құрды. Онымен 45 жыл тұрып, бала сүйді, немере-шөбере көрді. Қазір Астана қаласында немересінің қолында ғұмыр кешуде.

Айтпақшы, қарияның әлі күнге спортпен айналысатыны бүгінгі буынға үлгі боларлық. Тоқсанның төрінде отырған ардагер кір тастарын көтеріп, шынығады, бірнеше шақырым жаяу жүруді де әдетке айналдырған. «Ардагерлер кеңесі орналасқан кеңсеге дейін жиі жаяу барып, сол жерде отырғандармен қауқылдасамын» дейді өзі.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − two =