Саланың жаңа белесі

0 244

Жаңалықтан шаршамайтын білім беру жүйесінің реформалары бітсін бе? Жаңа жыл басталмай жатып мұғалімдердің еңбекақысы қаңтар айынан бастап 25 пайызға өседі деп бір қуантып, аудандық білім бөлімдері облыстық әкімдікке қарайды деп бір ойлантты. Желіде «Білім және ғылым министрлігі көтере алмайтын шоқпарды бекер беліне байлап жүр. Одан да министрлікті екіге бөлу қажет» деген әңгімелер де желдей есуде. Не керек бітпейтін реформа, қара халықты әбден қажытты. Сонымен, биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?

Жалақы өсті, қосымша ақы тағы бар

Бүгінгі таңға дейін білім саласындағы басты мәселенің бірі ұстаздар жалақысының аздығы еді. Былтыр Президент тапсырмасымен педагогтардың жалақысын 4 жылда 2 есеге арттыру туралы заң шығып, алдағы үш жылда 1 трлн 200 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланды. Өткен жылы мұғалімдердің еңбек­ақысы 20 пайыз өссе, биыл тағы 25 пайыз көбейді. Сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат ­Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп мұғалімдеріне 10-нан астам бағыт бойынша қосымша ақы төленеді. «Біз тек орта білім беру саласындағы педагогтарды ғана емес, балабақша, колледж педагогтары мен қосымша білім беру жүйесіндегі оқытушыларды да қамтыдық. Әріптестеріміз біліктілік санаттарына қарай 30-50 пайызға дейін қосымша үстемақы ала алады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін де қосымша ақша төленеді. Бұдан бөлек, өткен жылдан бастап магистрлік дәрежесі бар мұғалімдерге 27 мың теңге көлемінде төлем беріле бастады» деді еліміздің бас педагогы. Мұғалімдер қауымы бұл жаңалықты қуана қабылдап, еліміздің білім саласына жасап жатқан тың серпілісіне көңілдері толатынын жеткізді.
– Бір кездері аз еңбекақымен де күн көрдік. Бірақ ұстаздық жолдағы қағидамызды бұзып, адал еңбекті аттап кеткен жоқпыз. Тапқанымыз тірлігімізге жетпей жатса да бала оқытудан қашпадық. Соңғы жылдары педагогтарға қатысты қабылданып жатқан шешімдер, жалақымыздың өсуі Үкіметіміздің ұстаздарға жасаған үлкен қамқорлығы деп білемін. Мұғалім мәртебесін көтеретін заңның маңызды жері – еңбек қызметі үшін педагогты көтермелеу құқығы. Ерен еңбектері үшін мемлекеттік наградалар мен «Халық алғысы» медальдары таға­йындалған. Жаңадан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы енгізілді. Осындай марапатқа ие болған ұстаз 1000 АЕК көлемінде бір реттік төлемақы алады. «Үздік педагог» атанған ұстаздың ай сайын алатын төлемдері сақталып қалады. Халықаралық олимпиадалар, спорттық жарыс жеңімпаздарын немесе жүлдегерлерін дайындаған педагогқа үш қызметтік жалақы мөлшерінде бір реттік сыйақы төленеді. Сондай-ақ мұғалімдерге тұрғын үй алу, жатақханаға орналасу, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кезекке тұру және педагогтардың балаларына балабақшаға кезектен тыс орналасу сынды жеңілдіктер қарастырылған. Қағазбастылығымыз едәуір азайды. Қазір тек сабақ жоспары мен электронды күнделікті ғана толтырамыз, – деді №76 мектеп-лицейінің мұғалімі Бақытгүл Әмірханова.

Ұшты, ұшты – ауданнан ұшты…

Мұғалім мәртебесі түсуінің бір себебі жергілікті әкімшіліктердің педагогтарды науқаншылыққа салып, артық жұмыс жүктеуі еді. Министрлік көпшілікті алаңдатқан бұл мәселеге де оң шешім ұсынып, биылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесіне өзгеріс енгізді. Енді аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстық басқармалардың бақылауында болады. Мысалы, ауыл мектебіне жөндеу қажет болса, директор аудандық білім бөліміне айтып, ал білім бөлімінің басшысы аудан әкімінің атына емес, тікелей облыстық білім басқармасына өтінім береді. Ал білім бөлімдерінің басшыларын аудандар мен қалалардың әкімдері емес, облыстық білім басқармасының басшысы тағайындайды. Басқарудың мұндай жүйесі ауыл-аймақтағы мектептерді қаржыландыруды теңестіруге және арттыруға тиімді.
Алайда мұғалімдер мен білім саласының сарапшылары аудандық білім бөлімдерінің тікелей министрлікке қарағанын күтіп еді. Білім саласының облыстық бюджетке қарағаны не, аудандық бюджетке қарағаны не – бәрібір қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосындының мәні өзгермейді.
– Аудандық және қалалық білім бөлімдері тікелей облыстық білім басқармасына қарап жатыр. Сәйкесінше мектеп бюджетінің бәрі – облыстық әкімдікте. Біз, мұғалімдер, оқу жылының басында осы мәселені көтеріп, білім бөлімдері тікелей БҒМ қараса екен деп ұсыныс білдіргенбіз. Олай болмаған жағдайда, министрлікті ғылым мен білім деп екіге бөлу керек дедік. Өйткені қазір білім стандарты бірдей болғанмен, әр жерде әртүрлі. Бір ғана орта білім беру саласындағы қарапайым мектеп пен зияткерлік мектептердің білім деңгейі жер мен көктей. Сондықтан бюджетті облысқа қаратқанмен, көп ештеңе өзгермейді. Мектептегі мұғалімдерді жергілікті атқарушы биліктің қыспағынан босатуы мүмкін. Бірақ басқару жүйесі бұрынғыдай қалып отыр. Аудандық, қалалық білім бөлімдері бюджеттерінің барлығы облыстық әкімшілікке қараса, облыстық әкімдіктің тағы қандай саясат жүргізетіні әлі белгісіз. Бұған дейін аудандық бюджет білім саласынан үнемделген қаржыны өз керектеріне жаратып келді. Енді облыстық бюджетте де осындай болмасына кім кепіл? Білім министр­лігін бөлу туралы ұсынысымыз артық шығын сияқты көрінгенмен, білім саласындағы теңсіздікті жою үшін ғылым, жоғары оқу орындары өз алдына бөлек кетуі тиіс. Қазір еліміздегі мектептердің мәселесі министрлік ішіндегі орта білім департаментіне қарайды. Ал ол департаменттің көп жұмыс атқарып жүргенін көрген жоқпыз. Функциясын түгел министрлік алып, орта білім мәселесін 17 білім басқармасына міндеттеп қойсақ, барлығы өздігінен шешіледі деп ойлап отыр. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Өйткені қаржыландыру БҒМ болу керек. Себебі ертең министрлік әкімшіліктің қажет емес деп таныған шешімдеріне қаржы сұрай алмайды немесе облыс әкіміне білім сапаларыңыз төмен ғой деп айта алмайды, – деді сарапшы Мейіржан Темірбек.
Қош, болар іс болып, заң қабылданып қойғаннан кейін қанша айтсақ та кеш. Бастысы – білім берудің жаңа көкжиегі бұған дейінгі олқылықтардың орнын толтыра алса болғаны.

Мұғалім де марапатқа лайық

Бала оқыту – қиын әрі қызықты жұмыс. Осы жолда жүрген ұстаз біткен атақ жисақ, абырой қусақ деп армандамайды. Олардың бар жетістігі мен мақтанышы – алдындағы шәкіртінің биік тұғырдан көрінуі. Министріміз мұғалім еңбегі елеусіз қалмау керек деп соңғы жылдары «Үздік педагог», «Қазақстан мұғалімі» сияқты белсенді педагогтарға шабыт сыйлайтын байқаулар мен марапаттарға көп көңіл бөлуде. Биыл да Білім және ғылым министрлігі ведомстволық наградаларымен марапаттау жүйе­сіне қатысты жаңа өзгерістерді енгізуге негіз болатын бұйрық да­йындады. Аталған бұйрыққа сәйкес марапаттарды тағайындау тәртібі нақты ретке келтірілген. Мұның барлығы марапатқа үміткерлерді әділ және ашық іріктеуге, субъективті тәуекелдерді айтарлықтай азайтуға бағытталды. Ал марапаттау рәсімдері Тәуелсіздік күні, Білім күні, Мұғалімдер күні, Ғылым қызметкерлері күні мерекелеріне орайластырылады. 25 жылдан астам ұстаздық еткен мұғалімдер «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгісімен марапатталады. Ширек ғасыр жұмыс істеген сала мамандары марапаттың осы түрін алу үшін ешқандай құжат тапсырмаса да болады. Сондай-ақ енді әр марапаттың жеке сәйкестендіру коды бекітілді.Оқушыларға вакцина салына ма?

Қазақстанда 2021 жылдың наурызынан бастап жаппай вакцинациялау жүргізіледі. Осындай ақпаратты естіген көп ата-анада «Мектеп оқушыларын коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға міндеттей ме?» деген сауалдың туындағаны анық. Асхат Аймағамбетовтің мәлімдеуінше, вакцинация салуға мәжбүрлеу болмайды. Мектептердегі медициналық бөлімдер бірнеше жыл бұрын тікелей Денсау­лық сақтау министрлігіне қараған еді. Бұл ретте екі министрліктің де сөзі бір арнадан шығып отыр. Естеріңізде болса, министр тамыз айында отандық вакцинаны ең бірінші өзіне салдырып, сынақтан өткізген еді. Бірнеше ай ішінде ешқандай дене қызуы, басқа да қиындықтар болмапты.

Студенттік билет – телефонда

Барлық жоғары оқу орындары мен колледждер қағаз түріндегі студенттік билеттерге қыруар қаражат жұмсап келді. Орташа есеппен әрбір студенттік билет 1000-1200 теңге тұрады. Студенттік жеңілдіктерді пайдалану барысында қағаз құжаттардың шынайылығын растау қиындық тудырып жататыны белгілі. Биылдан бастап жоғары оқу орындары мен колледждердегі студенттік билеттер электронды форматқа ауыстырылды. Құжатты «eGov» сайтынан немесе «eGov mobile» мобильдік қосымшасынан алуға болады. Құжаттың шынайылығын электрондық үкімет растайды. Сондықтан студенттік билеттерді сандық форматқа ауыстыру ақша үнемдеп қана қоймай, студент мәртебесін растау кезінде ыңғайлы.

Үйренемін деген жеткіншекке қолдау бар

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Жолдауында балалардың қолөнер мен шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысуы үшін «Балалар үйірмесі» қызметін қайта жандандыру туралы тапсырма берген еді. Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Сондықтан балалар енді мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім ала алады. Мемлекет тарапынан ақша бөліп, оқушылар сарайын, өнер мектептерін салу, үйірмелер ашу бір бөлек. Дегенмен мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік орталықтарда баланың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты. Яғни кәсіпкерлер өз есебінен қосымша білім беру мекемесін толығымен салады немесе ғимаратты жабдықтайды, ал мемлекет әрбір балаға мемлекеттік тапсырысты орналас­тыру арқылы ақша төлейді. Нәтижесінде мемлекет құрылысқа және материалдық-техникалық базаға жұмсалатын ақшаны үнемдейді. Ал жұмыс істеп тұрған қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдар өз қызметін жалғастырып, дамитын болады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − five =