САЛАМАТТЫЛЫҚ – САПАЛЫ ӨМІР КІЛТІ

0 109

Дені сау ұлт – қашаннан мемлекет байлығы. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында «Ұлт денсаулығы біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап өтті.

Мен өзім 20 жылдан бері медицина саласында қызмет ететін маман ретінде, қазіргі отандастарымыздың көбінің денсаулығы нашарлап бара жатқанын айтқым келеді.
Өткен жылы халықаралық «Bloomberg» агенттігі халықтың денсаулық жағдайының деңгейі бойынша рейтинг жариялаған. Өкінішке қарай, сол көрсеткіш бо-йынша Қазақстан төменгі орында болып шықты. Дәлірек айтқанда, Орталық Азия елдерінің арасында ең соңғы орында, ал әлемнің 140 елінің арасында 111-орында тұр.

Әрине, онда мамандар негізінен, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығы, түрлі жас шамасындағы адамдардың өлім деңгейі, ана мен баланың өлімі, темекі мен алкоголь өнімдерін пайдаланушылар саны сияқты көрсеткіштерге сүйенген. Бұған қоса қанында холестерин мен қанты көп, артық салмақтағы адамдардың саны, қоршаған ортаның ластануы, вирусты және жұқпалы аурулардың таралу деңгейі мен халықтың салауатты өмір салтын ұстануға бейімдігі де ескерілген.

Рейтингті құруда БҰҰ, Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептері де пайдаланылыпты. Қорытынды бойынша денсаулығы жағынан ең мықты адамдар Сингапур, Италия және Австралияда тұрады екен.

Осы орайда, аумақтық тіркелімі бойынша 80 мыңдай адамды қа­райтын біздің емханаға кіріп-шығып жүргендерге қарап та, халқымыздың денсаулық жағдайын топшылауға болады. Бізде жасы егде тартқан үлкен кісілер ғана емес, жастар да аурушаң. Мәселен, невропотолог дәрігерлерге келетін остеохондроз, инсульт секілді аурулардың жартысына жуығы – жастар.

Бұл аурулар, әрине, қозғалыстың аздығынан болады. Жастар арасында омыртқа жүйесінің қисаюы, онда шешек өсуі сынды ауруларға ұшырайтындардың дені – шектен тыс ауыр жүк таситындар мен кешке дейін компьютердің алдында телміріп отыратындар. Сондықтан, денсаулықты бұзбау үшін қан айналымын жақсартып, бұқаралық спортпен шұғылданып тұру лазым. Бұл тұрғыда да Елбасының «Қазақстан халқының 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысуы керек» деген сөзі ойға оралады. Жастардың спорт кешендеріне барып тұруды әдетке айналдыруы үшін ондағы бағаның қолжетімді болуы да міндет етіп қойылғаны анық.

Сонымен, «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт ден­сау­лығының кілті болып сана­лады. Алайда, елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар денешынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек» деді Елбасы.

Аңғарғанымыздай, ұлттың ден­саулығының мықты болуы – мемлекеттің мүддесі. Алайда, мемлекет тарапынан азаматтарға денсаулығын күтуге үндеу жасалып, спорт нысандары қолжетімді бағада ұсынылып отырғанда әркім өз денсаулығы үшін өзі күресуі керектігін ұмытпаған абзал.

Анатолий ӨТЕҒАЛИЕВ,
№2 қалалық емхананың невропатолог-дәрігері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 13 =