САЛАМАТТЫ ТҰРМЫС – САУЛЫҚТЫҢ ТҰҒЫРЫ

0 139

a928f26bb290e84ecc477be3818

Сенбіде қалалық «Жерұйық» саябағында «Жүзжылдықты белсенді ұзақ өмір сүрумен тойлаймыз» атты ұранмен өткізілген республикалық кең ауқымдағы «Денсаулық фестивалі – 2014» шарасына куә болдық. «Қазақстан – 2050» стратегиясының маңызды бағыттарының бірі – Қазақстан халқының денсаулығын сақтап, материалдық және рухани кемелдікке жеткізу екені белгілі. Оны жүзеге асырудың негізі – басым халықтың саламатты өмір салтын ұстану мәдениетін қалыптастыру.

Елордамыздағы денсаулық сақтау басқармасы мен Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас­тамасымен өткізілетін жыл сайынғы аталмыш акция жаппай жүгіруден бастау алды. Қажымұқан Мұңайтпасов пен Мағжан Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы Ауған соғысы ардагерлерінің ескерткішінен бас­талып, «Жерұйық» саябағында саябыр тапқан жаппай жүгіруге 4000-ға тарта қала тұрғындары белсене қатысты. Сондай-ақ, саябақ ішінен ашылған қалашықтарда медициналық мәселелерге қатысты сұрақтарына мардымды жауаптарын алды.

Денсаулық фестиваліне қатысушы тұрғындар мен қонақтар диабет пен басқа да ауруларға жедел тестерден өтіп, қан қысымдарын өлшетіп, ақпараттық білім беру материалдарымен танысып, адам саулығына арналған ақыл-кеңестерге құлақ түрді. Бұл жерде тек қана медициналық немесе дене шынықтыру жаттығуларымен шектеліп қалмай, 200 адам флэшмобқа қатысты. Сондай-ақ, эстрада әртістерінің, көркемөнерпаздық ұжымдар мен мәдени орталық өкілдерінің өнерін тамашалады.

Саламатты өмір салтын ұстануға қоғамның, жастар мен егде тартқан адамдардың назарын аудару үшін республика көлемінде ұйымдастырылатын осы акцияға өткен жылы 1,5 миллион адам қатысқан. Ал бұл көрсеткіш биыл одан да асып түсуі ықтимал.

«Әлеуметтік бағдарлама бойынша ұйымдастырылатын мұндай шара теріс әдеттерден, ретсіз тамақтанудан сақтандыру, семіздік ауруының алдын алу, өз денсаулығыңды сақтау, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» амалы» дейді Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Сәбит Әбдірайымов.

1999 жылдан бастап республиканың барлық аудандарында жастар мен егде жастағылар үшін жыл сайын аталып өтетін шынайы мерекеге айналған «Денсаулық фестивалі» саламатты өмір салтын, таңертеңгілік және өндірістік жаттығуды насихаттап, денсаулықты сақтау мәселелерінен хабардар қылу және спорттың әр түріне қызықтыру мақсатында алдағы жылы да жалғасын таба бермек.

Қуат Қиықбай

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 19 =