©2020 Астана Ақшамы
САЛАМАТТЫ ӨМІР САПА ӨЛШЕМІ
Қай халық қалаулысы болса да жыл мерзімінде ел игілі үшін көп іс тындыруға тырысады. Жалпы, қалалық мәслихаттың депутаттары төрт топқа бөлінген. Мен соның әлеуметтік және ұлттық мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамындамын.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы ретінде он жылдан астам уақыттан бері қоғамдық жұмыспен де айналысып келемін әрі мәслихаттың екінші шақырылымына депутат болып сайлануыма байланысты әрине, халық қалаулыларының жұмыс шеңберін, оның маңызын өте жақсы білемін. Өткен жылы қалалық мәслихат өзінің жұмысын әлеуметтік-мәдени сала қызметімен танысудан бастаған болатын. Мұның өзі елордамызда осы салаға айрықша көңіл бөлініп отырғанын аңғартады. Бұл ретте біз, қалалық мәслихаттың бір топ депутаттары елордадағы мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерін аралап, соның хал-ахуалымен, алда тұрған проблемаларымен жақынырақ таныстық.
Сонымен бірге тұрақты комиссиялардың біріккен отырыстарында бюджет құрылымы, құқық тәртібі, құрылыс, экология және экономика мәселелері де талқыланады. Көңілге қуаныш ұялататыны, депутаттардың ұсыныстары көбіне әкімшілік тарапынан қолдауға ие болып жатады. Оның бір айғағы, соңғы уақытта Астанада емдеу мекемелерінің қатары артуда. Олар жаңа заман талаптарына сай емдеу құралдарымен, заманауи технологиямен түгелдей жабдықталған. Тек, ендігі бір міндет, сол емдеу мекемелерінде қызмет істейтін білікті мамандарды даярлау болса, бүгінде мен осы іске атсалысып жүрмін.
Қала тұрғыны әрі әлеуметтік сала қызметкері ретінде мен астаналықтардың жалпы мәдениетіне алаңдаймын. Өйткені, Астана барлық жағынан да өзгелерге үлгі болуға тиіс. Осы орайда денсаулық сақтау саласындағы ең бір қажетті талап – саламатты өмір салтын сақтау. Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, осы мәселеге көбірек көңіл бөліп келеміз.
Елбасы Н.Назарбаев та өзінің «Қазақстан-2050: бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ» Жолдауында осы мәселеге кеңінен тоқталғаны белгілі. Өйкені, ұлт саулығы, оның деңгейі мен дәрежесін көтеру – ел қауіпсіздігінің бір кепілі. Бұл мәселені шешуде әрине тек қана денсаулық сақтау саласының мамандары, білім беру мекемелері ғана емес, баршамыз бірлесіп күш жұмылдыруымыз керек.
Қаршыға ҚҰЛМҰҚАНОВ,
Астана қаласы оқу-клиникалық орталығы денсаулық сақтау жүйесіндегі басқару жұмысы жөніндегі мектептің жетекшісі, қалалық мәслихаттың депутаты