Салалық салғыласу

0 132

Атауында ғана айырмашылық бар телебағдарламалардың біріне қатыстық (көтерген мәселенің орындалмасын біле тұра, «рейтинг» дегенді орындау керек, әншейін). Студиядағы орындықтарды тірі жанмен толтыру мақсатында сабағынан сұрап әкелген студенттердің бірі қалғып-мүлгіп, бірі «соткасын» шұқылап, тағы біреулері қаладан үйренген азын-аулақ орысша сөздерін араластыра шүлдірлесіп… өз беттерінше лағып отыр.

Кезегінен кешікпеуі тиісті болған бұл жолғы тақырып – «Ішін улаған ішкіштер». Сөз сөйлеуге шақыртылған мамандардың тізімі керемет. Психолог, әдебиетші, полицей, саясаттанушы, саятшы… деп кете береді. Олардың да омалып отыра бермеуін қаламаған телетілші көрермендерге өзі мен студия қонақтарын таныстырып алғаннан кейін, әдеттегідей оңды-солды сөз сапыру бас-талды.

Жүргізуші: – …Бүгінгі тақырыбымыздан ауытқымай, нақты нелеріңіздііі… пікірлеріңізді білдіре отырсаңыздар… Жалпы, ішкілікке салынудың несііі… зияны көп қой. Сіздер онымен қалай күресу керек деп ойлайсыздар?

Психолог: – Меніңше, «алқаш» атанудың себептері мыналар: отбасындағы кикілжің, бала тәрбиесінің нашарлығы, тост сөйлеген адамға «авторский лақтырский» деп қинап ұрттату… Імм… Сондай-сондай психологиялық себептері көп енді…

Ақын: – Ішпегендер ұрттағанды көре алмай,
Сау болған соң, сұлуларды өбе алмай,
Ақталуға сылтау іздеп өзінше,
Ақындарды «алқаш» дейді, о, Алла-ай!..

Імм… иә… мхм… мен негізінде мына тақырыптың өзіне қарсымын. Дұрыс қойылмаған. Оу, «іші уланған» болса, менің әкем баяғыда-ақ өліп қалар еді ғой! Ол жасы тоқсанға жақындап барып қайтыс болды. Жазушылар одағындағы әріптестерім де уланған ба, сонда?! У деген – арақ емес, экология! Даламыз неше түрлі түтін-пүтіндерден ластанып жатқанда, ағзамызды одан спирт арқылы қорғамағанда, қайтпек керек? Айтыңызшы!..

Жазушы: – Міне, міне, сіз өт-те дұрыс айтып отырсыз! Ақындармен қатар, прозаиктер де ішеді, мисалы. Бірақ, оларды да «алқаш» деуге болмайды ғой. Өзім де жиі болмаса да, жиын-тойларда мұрын қызартып тұрам, мисалы. Ал, неге темекі шегетін қыздар туралы айтпасқа, мисалы? Оларды сүйген жігіт күлсалғыш жалағандай болады емес пе?!.
Полицей: – А-ағалар! А-ағалар!.. Мына біз – тәртіп сақшылары… ыыы… көшеде ләйліп, екі аяғын икстеп, жүрісін «8» етіп кетіп бара жатқан мастарды көп ұстаймыз. Бұларды қалай ақтап алмақшысыздар, сонда?

Ақын: – Оларды кім ақтап алмақшы?! Менің айтып отырғаным – шығармашылық адамдары…

Жазушы: – Мен де соны айттым, мисалы.

Саясаттанушы: – Орынды мәселе! Министрлер мен депутаттардың мас бола қоймауының себебі, олар үнемі «импортный» коньяк, шарап, виски сияқтыларды ішеді. Ағзалары таза деп ойлаймын. Ал, әлгі «ішін улайтындар» – жұмыссыздар, аз-мұз айлыққа әупірімдеп күн көріп жүргендер және сол сияқтылар болуы керек. Алатын арақ-шарап, сыра-пыралары тым арзан, өйткені!

Саятшы: – Аа. Рас-ау!.. Ішімдіктің қандай түрі болса да, таза ауада ішкенге не жетсін, шіркін! Бірақ, қолында бүркіті барларға қиын. Ол пәлені байқамай қолғапсыз ұстап қалсаң… Тек анау ит жүгіртетіндерге рахат!..

Эколог: – Извини, братан!.. Мен айтсам, жаңа мына ақын ағамыз ішкілікке салынуға экология-ны кінәлап отыр. Сол сөзі менің көңіліме келіп қалды. Біле білсеңіз, сіздің тоқсанға жақындап барып қайтыс болған әкеңіздің өзі табиғаттың экологиялық тұрғыдан таза кезінде ішкен жоқ па?!.

…Кім не десе де, өнбес дау ұзаққа созылды. Әркім өз мамандығы төңірегінен шыға алмай, өзі ғана түсінетін терминдерді термелеуге тырысты. Салалық салғыласулардан жалыққан кейбір студенттер де экраннан мыңқиып отырып қана көрінгісі келмей, жастарға қатысты пікір айтқансып бақты. Ашылмаған тақырыпқа қатысы шамалы сұрақтар да сұмдық.
Телетілші түйіні: «Мі­не,­ құрметті көрер­мендер, ішімдік – бі­реу үшін жақсы, біреу үшін жаман. Сонда да біз жаман жақтары ба­сым­дау ма деп ой­лаймыз. Бұған ке­­лісу-келіспеу өз еркіңізде, әрине. Ха­­барымыздың мақ­саты бі­реу­ді және бірдеңені ман­сұқ­тау емес… ііі… иә, шамамен ішсеңіздер бол­ғаны да… Эфирде келесі кездес­кенше!».
Кездесуге құмарын!..

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 16 =