САЛА ЖЕТІСТІКТЕРІ САРАЛАНДЫ

0 93

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы – Елбасының стратегиялық ойларын іске асырып, ел дамуының бағытын анықтайтын «Қазақстан-2017» мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасын бекіткен болатын. Оны жүзеге асыру бо­йынша белгіленген іс-шаралар жоспарына сәйкес 31 шілдеде Астана қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған «Нұр Отан» ХДП – саяси кеңесінің мүшесі, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева мен партияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сапар Ахметов қатысты.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ла­малар басқармасы басшысының орынбасары Олжас Омар, Зейнетақы төлеу жөніндегі мем­ле­кеттік орталықтың Астана қалалық филиалы ди­ректорының орынбасары Олжабай Бейсенбаев, Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева фракция депутаттары, кәсіпорын жетекшілері мен қоғамдық бірлестік өкілдері алдында баяндама жасап, өз салаларындағы атқа­рылған істерге тоқталды.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ламасын жүзеге асыру және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігі мен зейнеткерлерді қолдау – өзекті мәселенің бірі. Деректерге сү­йенсек, бүгінгі күнде қалалық жұмыспен қам­ту орта­лығына 6085 адам тіркелген. Оның ішінде 3447 адамға әлеуметтік қорғау шаралары көр­сетіліп, 1131 адам басқарма көмегімен жұмыс­қа орналасқан. Жұмыссыздардың қалған бөлігі әлеу­меттік қыз­мет орындарына жұмысқа тартылды. Бағдарла­маны жүзеге асыру үшін респуб­ликалық бюджеттен 580,4 млн теңге бөлінген.

Жұмыссыздық мәселесінің бірден-бір шешімі – жаңа жұмыс орындарын ашу. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, соңғы бес жылда елордада 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Өткен жылдың өзінде қала экономикасының әртүрлі салаларында 18 024 жаңа жұмыс орны ашылса, соңғы алты айдың көрсеткіші – 9619. 790,2 мың қала халқының еңбекке қабілетті бөлігі 433,9 мың адамды құ­райды. Оның 409,7-сі нақты жұмыспен қамтылған. Жыл сайын Астанаға тұр­ғылықты көшіп келетін 40 мыңнан астам адамның шамамен он мыңы еңбекке қабілетті экономикалық белсенді адамдары екенін ескерсек, жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып қала бермек.

Басқарманың жұмысына шолу жаса­ған Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының бақылау бөлімінің же­текшісі Галина Сотникова әлеуметтік маңызды бағдарламаны жүзеге асыруда өзара байланыс пен үйлестірудің кемдігін алға тартты. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының басты мінд­еті – Қазақстан Республикасының үде­мелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыратын мамандар әлеуетін дамыту болса, оны бұдан да тиімді жүргізуге болады» деген пікірін білдірді. Бұл мәселенің шешіміне ұсыныс ретінде шыны өңдеу зауытының директоры Людмила Шепелева мамандарды оқыту, қайта даярлау курстарын нақты кәсіпорындарда ашып, өзімізге қажетті мамандарды даярлауға тікелей араласайық деген тілегін білдірді.

Сонымен қатар, медициналық қыз­меттің сапасымен қолжетімділігін арт­тыруға қолбайлау проблемаларды шешу жайы сөз болды. Денсаулық сақ­тау бас­қармасының басшысы Айгүл Сегіз­баева­ның айтуынша, медицина саласында ілгерілеушілік бар. Есепті кезеңде белең алған аурулардың таралуы, ана мен бала өлiм-жiтiмiнiң көрсеткiштерi төмендеген. «Жылдан жылға жоғары санатты медициналық мекемелердің саны артып келеді. Қа­зіргі күнде 32 медициналық мекеме жұмыс істейді. Жоғары санатты меди­циналық көмек көрсету деңгейі 20 пайызға өсті» деді басқарма басшысы. Қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комис­сиясының төрағасы Абай Байгенжин қалалық денсаулық сақтау саласы қызметінің сапасын арттыру мүмкіндіктерін бағалап, тұрғындар ара­сында санитариялық-насихат жұмыстарын жан­дандыру қажеттігін айтты.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =