Сал-серілік немесе Салбурын

0 51

«Қазақстан» орталық концерт залында «Салбурын» дәстүрлі ән-күй кеші өтті. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Халық қазынасы» бөлімінің өнерпаздары аңшылыққа, жалпы табиғат лирикасына қатысты халық әндері мен халық композиторлардың туындыларын, белгілі сазгерлердің шығармаларын тамылжыта шырқап, күй күмбірлетті.Кешегі сал-серілер бойларына қонған ақындық, әншілік өнермен қатар саятшылық қылып, сейіл құрғаны белгілі. Ұлы Абайдың бұл туралы «Қансонарда бүркітші шығады аңға» секілді бірнеше өлеңі бар. Осы тұрғыда Арқа әншілік өнерінің бір биігі – Ақан сері Қорамсаұлы да еске түседі. Серінің құс салуға қатыс­ты «Көкжендет», «Қараторғай», ат баптаумен байланысты «Маңмаңгер», «Құлагер» әндері халық арасына кең таралған. Кештің концерттік бөлімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатай Ақанның әндерімен ашты.
Белгілі күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай салбурын дәстүрінің қазақ өмірінде алатын орнына тоқталып, оның мән-мағынасын ашты. Сүгір мен Әшімтайдың күйлерін шертті.
Жалпы, бұл кеште Арқа, Жетісу, Сыр бойы, Батыс Қазақстан, Қаратау секілді әртүрлі әншілік, күйшілік мектептердің мұраларымен құлақ құрышын қандырдық. Домбыра, қобыз, сыбызғы, сырнай сынды аспаптардың үнімен тербелдік. Ақын Ұларбек Нұрғалымның өлеңін тыңдап, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болдық.
Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Ерболат Шалдыбеков секілді белгілі әншілердің, Дінисламбек Жайлаубай, Ақерке Тәжібаева, Асқар Мұқият, Күнсұлу Түрікпен, Аяулым Қамажан, Нұрлытаң Ермек, Ардақ Елеусіз сынды жас дарындардың, Бауыр­жан Махметбайұлы, Өзгеріс Шерікбай және Азат Әбдығалым секілді кеш қонақтарының өнеріне қол соқтық.
«Аңшының әні» шығармасына қатысты талас бар. Біреулер бұл туындыны Үкілі Ыбырайға телісе, кейбіреулер халық әні дейді. Концертті осы әнмен түйіндеген өрелі өнерпаз Ерлан Рысқали халық қолқалаған соң «Молдабайдың әнін» де салып берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды