САЛ-СЕРІЛЕРДЕН САРҚЫТ

0 324

Өткен сенбі-жексенбі күндері Астанаға сал-серілердің елі – Арқаның кербез сұлу Көкшетауынан келген өнерпаздар екі күн бойы елорданы дүбірге бөледі. Көкше ақындары күркіреп жыр оқып, әншілері тамылжыта әнге салды. Ал әртістері бірқатар тарихи тұлғалардың бейнелерін халық санасында жаңғыртты.

birzhan-sal

Бейбітшілік және келісім сарайында Астана әкімі Әсет Исекешев аралаған Ақмола облысының тəуелсіздік жылдарында əлеу­меттік-экономикалық жетістік­терін айшықтайтын көрме ұйымдастырылды. Сарайға кірген бетте бізді Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Бал­уан Шолақ сынды Арқа ән өнері алыптарының суреттері қарсы алды. Осы жерде көкшелік ақын, драматург, композитор Құдай­берлі Мырзабектің «Ақбоз өлең тарту еттім халқыма» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш иесін көпшілік айтыс сахнасы арқылы таныды. Көкен Шәкеев, Баянғали Әлімжанов сынды ағаларының ізін басып, «сөз барымтасына» түскен Құдайберлінің аяқ алысына Көкен ақын шын қуанып: «Сен менің үмітімсің, келешегім, Сен менің кеудемдегі жаным­дайсың» деп батасын берген.
Кезінде өзге ұлттар көп шоғырланған елде қазақтың жүгін көтеру ісі де қазір Құдайберлі Мырзабек сынды өздері де ағалық жасқа жеткен азаматтардың иығына артылып отыр. Бұл жөнінде белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай сөз қозғады.
Жалпы бұл кеште сөз сөйле­гендер Құдайберліні кешегі Көкеннің көзіндей көретінін жеткізді. Олардың арасында болған Қазақстанның Халық ақыны Қонысбай Әбіл Қ.Мырзабекпен айтыста қатар жүрген күндерді еске алды. Ақын, журналист Қорғанбек Аманжол кеш иесіне ағалық ақ тілегін айтты. Ақын, жыршы Баянғали Әлімжановтың сөзі жиналған көрермендерге керемет әсер етті. Өз сөзін әзіл-қалжынмен көмкерген Баянғали Құдайберлінің азаматтық қасиет­терін де ашты. Оның айтуынша, тәуелсіздік таңының атуына шамалы уақыт қалғанда, 1991 жылдың күз айларында Көк­шетауда Абылай ханның 280 жылдығына арналған айтыс өтеді. Құдайберлі оның бас ұйым­­дастырушысы болады. Бұл кез Компартияның қаһары әлі сейіл­меген заман. Ақыры бір­қатар ағалар сол үшін таяқ жейді. Әйтеуір, Абылай хан Үйсін Төле бидің түйесін бағып, батрақ бол­ған деген сылтау айтылып, істің арты насырға шаппаған екен.
Құдайберлі Мырзабек осы уақытқа дейін 17 ән жазыпты. Оның «Туған жер», «Қоскөл», «Баянауыл көктемі», «Ащылы-Жекебояқ» атты әндері шыр­қалды. «Түн баласы» туындысын белгілі әнші Гүлмира Сарина тамылжытты. Ақынның шәкірттері мен кеш иесінің өзі де өлеңдерін оқыды.
Құдайберлінің қаламынан тарихи тұлғалардың өмірі мен ісінен сыр шертетін бірнеше пьеса туған. «Науан Хазірет» және Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин туралы «Батырлық жолы» спек­такльдерінен үзіндіні Ш.Құса­йынов атындағы Ақмола об­лыстық Қазақ музыкалық драма театры әртістері ойнады.
Сондай-ақ, Бейбітшілік және келісім сарайында Ақмола об­лыстық филармониясы «Жер жұмағы – Көкшетау, ел тұмары – Астана» атты концерттік бағдарламасын ұсынды.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Мерген Тоқсанбай, Қуаныш Оспан, Бақытбек Бекмұратұлы сынды көкшелік жас ақындардың «Азат елдің азат ойлы ақындары» аталатын кеш өтті. Ал елорда театрларында М.Шахановтың «Шыңғысхан» қойылымы мен Т.Ахметовтың «Шәкәрім» спектаклі қойылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × three =