Сәкеннің көзін көрдім

0 141

Рымжан СЕЙФУЛЛИНА:

– Биыл Сәкен Сейфул­лин мұра­жа­­йы­­ның ашыл­ғанына 25 жыл толып отыр екен. Музейдің қызметі туралы не ойлайсыз? Жәді­герлер қоры сізді қанағат­тан­­дыра ма?
– Иә, осы музейдің қалай ашылғаны көз алдымда. Ең басында мына Сейфуллин көшесіне жақын тұрған бір ғимарат қана берілген болатын. Кейін мекеменің қызмет ауқымы кеңейгеннен кейін, келесі ғимарат та қосып берілді.
Сәкен 1937 жылы ұсталып кетті. Одан кейін «халық жауы» деп айыпталды. Атылып кетті. Сөйтіп жүріп бүкіл мұралары шашылып қалды ғой. Сәкеннің аты жиырма жыл бойы атаусыз қалды. Кейін ғана ақталды. Ақталғанына да қазір елу бес жылдай болып қалыпты. Бұл – аз уақыт емес. Соған қарамай, 1988 жылы осы музей ашылды. Елдің көмегімен жәдігерлер тырнақтап жиналып, қоры қалыптасты. Қазір, шүкір, жаман емес. Жан-жақтан Сәкенге қатысты дүниелердің бәрі осында әкелініп, табысталып жатыр. Музей қызметкерлері де іздестіру, зерттеу жұмыстарын жасап жүр. Мұның бәрі – осы мұражай қызметкерлерінің арқасы. Сондықтан, өзім, шын көңілден оларға рахметімді айтқым келеді.

– Өзіңіз Сәкен Сейфуллиннің көзін көрген, қаны бір ұрпағы ретінде әлі де осы мұражайға жетпей жатқан, әлі қолға тимеген жәдігерлер бар деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ондай жағдайлар болуы мүмкін. Әлі де Сәкеннің тұтынған дүниелері, Сәкенге қатысты мұралар табылуы ғажап емес. Бірақ, ол қиын. Неге десеңіз, талай уақыт өтіп кетті. Репрессияға ұшырап, атылғанына биыл сексен бес жыл толады. Ал Сәкенді ақтап, ол туралы мәліметтерді жарыққа шығара бастағалы да, міне, елу бес жыл болды. Бұның сыртында заман өзгерді. Біз енді жаңа ғасырға аяқ басып кеттік. Бірақ сонда да, бойында намысы бар, елім дейтін, елінің тарихына, оның әрбір бетіне селқос қарай алмайтын азаматтар бір жерден бірдеңе көріп қалып, оны Сәкенге қатысы бар деп естісе болды, осы мұражайға әкеліп, өткізіп жатыр. Бұның өзі – үлкен жетістік, айналайын.

– Алаш арыстарының ұрпақтарына қатысты мәліметтер бүгінгі тәуелсіз елдің жастарын қашаннан қызықтырып келеді. Сәкеннің соңында қалғандар туралы не айтасыз?
– Сәкен Сейфуллиннің негізі алты ағайыны болған ғой. Үйдің тұңғышы – Сәкен, сосын Мәлік, Әбен, Мәжит деген үш ұл мен Рахима, Қалима, Сәлима деген үш қыз болған. Үш қыздың үшеуі де он бір – он екі жастарында қайтыс болып кеткен. Жалпы Сәкеннің өзі бір ұл, бір қыз сүйген еді. Оларды да осы күнге жеткізбеді. Қазір, шынын айтқанда, Сәкеннен ұрпақ қалған жоқ. Көзін көрген мен ғанамын. Өйткені, Сәкеннің қолында өскен едім. Қалай қолына кісен салып, алып кеткені де көз алдымда.

– Сіз ол кезде неше жаста едіңіз?
– Алты жаста ғана болатынмын. Иә, Сәкеннің қойнында жатқан, иісін иіскеген адаммын, айналайын. Ол өзі өте балажан болатын. Сәкенді іздеп үйге кісілер көп келуші еді. Жиналып отырып, елдің жайын ақылдасатын. Әсіресе, демалыс күндері үйден кісі үзілмейтін еді. Әлі есімде, 24 қыркүйек демалыс болатын. Таңғы шайын ішіп алып, Сәкен жәйланып отырған еді. Аяқ асты үш-төрт кісі кіріп келді. Қолдарында қағаздары бар. Сәкен «менің ондайға қатысым жоқ» деп, ашығын айтса да, әлгілер болмады. Ақыры қолына кісен салды да, алып кетті… Мұның бәрін айтып отырғаным, Сәкеннің соңында ұрпақ қалмаса да, қазір бүкіл қазақ жастары, елі Сәкеннің өмірі мен шығармашылығына, оның қайраткерлік болмысына асқан қызығушылық танытып отыр. Сәкеннің осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жазған мақалаларының әлі де мәнін жоймағанын айтып, жаңғыртып жатыр. Бұл мені қуантады.

Назира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =