СӘКЕННІҢ ЕЛ ТАРИХЫМЕН ТАҒДЫРЫ ЕГІЗ

0 197

Несіпбек АЙТҰЛЫ, С.Сейфуллин мұражайының директоры, ақын:

Сәкен Сейфуллин­ мен Мұхтар Әуезов көшелерінің қиылысындағы қабырғасы бөренелермен көтерілген қос үй көрген жанның назарын­ аудармай­ қоймайды. Бірінің сыртына – «Дәрігер Ф.И.Благовещинскийдің үйі. ХХ ғасырдың басы», екіншісіне «Көпес үйі.

1846 жыл» деген­ жазулары­ бар ескерткіш тақтайшалар ілінген. Тарихы сонау жылдардан­ басталған екі үй бүгінде Сәкен Сейфуллин­ мұражайы. Қарт ғимараттардағы атпал азаматтың жасына­ келген мұражайдың табалдырығын аттаушылар­ да көп, табалдырығын аттаушыларға берер тағылымы да жетерлік. Мерейтойға орай мұражай директоры­ Несіпбек Айтұлын әңгімеге тартқан едік, айтулы ақынның айтары­ аз болмай шықты…

– Биыл өзіңіз шырақшысы болып отырған мұражайдың ашыл­­ғанына – жиырма бес жыл. Әлбет­те, айтуға оңай. Өйткені, мұра­жай қызыл биліктің шаңы­ра­ғы шайқалып тұрса да, әлі тағынан тай­маған тұсында ашы­лып­ты. Сол бір кездерді әңгімелеп бер­сеңіз.
– Иә, Сәкен Сейфуллин 1957 жылы толық ақталып, атақ-абы­ройы қалпына келтірілді, әдеби шығар­ма­лары түгелімен қайта басыл­ды.­ Кейінірек, кеш те болса, ел ішін­де­гі ұлтжанды азаматтар осынау жазықсыз жазаланған қайраткердің есімін ұрпақ жадында мәңгі сақтауды мақсат етіп, мұражай ашу жөнінде бастама көтерді. Оның Ақмолада болғанын қалады. Өйткені, Ақмола – Сәкеннің жастық шағы өткен, азамат болып қалыптасқан, алғашқы әдеби шығар­ма­ла­ры жазылған, қоғам­ және мемлекет қайраткері ретін­де танылған құт мекені. 1984 жылы ақынның тоқсан жасқа толу мерей­тойы қарсаңында Ақмола (ол кезде Целиноград) өңірінің өрелі азамат­тары Қазақстан компартиясы Орталық комитеті мен Қазақ КСР Минис­трлер Кеңесіне халқымыздың аяулы перзентіне арнап ескерткіш орна­тып, мемориалды музей ашу жөнін­де ұсыныс хат жолдайды. Кейін­ үкі­мет осы хатты құптап, қаулы қабыл­дады. Міне, осы кезден бас­тап үлкен жұмыс басталады…

– Осы рухани ошақты ашуға тікелей атсалысқан азаматтардың, алғашқы басшысының есімдерін білмейтін жұрт та баршылық…
– Рас, аптал ерлерді ел есіне жиі салып тұрмаса, «көзден кеткеннің көңіл­ден де жоғалатыны бар». Мұра­­жай­­ды ашуға тікелей белсене атса­­лыс­қан азамат Целиноград облыс­­тық Тарихи және мәдени ескерт­кіш­терді қорғау қоғамы кеңесі төрағасының орынбасары Молдах­мет Досаев бола­тын. Ол кездегі Ақмо­ланы бүгін­гі Астанамен салыс­ты­­руға мүлде болмайды ғой. Тың өлке­сі­нің­ «эпи­цен­трі» атанған қалада жергілікті халық аз, өзге ұлт­тың қарасы басым-тұғын. Қазақ тілі өгей баланың күйін кешкен кез. Осындай күрделі қиындықтарға қара­мастан, елім деген намысты аза­мат­­тар­дың еңбегі ерен еді.

Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сі­нің шешімімен 1988 жылдың 20 ақпанда облыстық Сәкен Сейфуллин­ мұражайы ашылды. Оған сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қол қойды. Бұл – ұлтымыздың ардақ тұтар кемеңгер ұлы, дауылпаз ақын, жалын­ды публицист, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткеріне арнал­ған тарихи ескерткіш болды.­ Жаңадан ұйымдастырылған музей­дің­ басшылығына Роза Асылбекова тағай­ын­дал­ды. Ол осында табан аудармай он төрт жыл қызмет етті.­ Одан кейін халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Серік Тұрғынбек, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі, әнші Серік Оспанов келді… Мұнда әрқай­сы­сы­ның қолтаңбасы, еңбегі бар, әрқай­сы­сы мұражайға, Сәкен рухы­на­­ адал жұмыс істеді.

– Мұражайды жабдықтау да оңай шаруа болмаған шығар? Ары­сы­нан қалған дүниелерді қызғыш­тай қорғайтын Гүлбаһрам апа­мыз да дүниеден озған шақ қой ол.
– Солай десек те, Сәкеннің көзін көрген адамдар, жақын, етбауыр туыстары болды ғой. Жаңа басшы жұмысын ақынға қатысты құжаттардың көшірмелерін, отба­сы­ның тұтынған заттарын­ жинас­ты­ру­дан бастайды. Қызметкерлерін Мәскеудегі кинофотоқұжаттар мұра­ға­тына, Алматыдағы мем­ле­кет­тік мұрағаттар мен мұражайларға, Сәкен қызмет атқарған Қызылорда, Ташкент қалаларына, туған жері Жезқазғанға, Жаңаарқа ауданына,­ өзі жырға қосқан Көкшетауға жіберіп, іздестіру жұмыстарын жүр­гі­зеді. Сәкенді көрген көзі тірі азамат­тар­мен кездеседі. Осылайша­ мұра­жай­дың негізгі қоры да, қосым­ша қоры да толыға түседі.

Алайда, еш жұмыс оңайға түскен жоқ. 1937 жылы ұсталып кеткеннен кейін, Сәкеннің қолжазбаларын, хаттарын, кітаптарын және басқа да тұтынған заттарына дейін тәркілеп алған. Соған қарамастан, кейбір асыл жәдігерлердің сақталып қалғаны көңілге демеу болды. Айталық, оның 1930 жылдары киген костюмі, 1934 жылы өзбек достары сыйлаған тақиясы мен шапаны, шет елде демалғанда сатып алған чемоданы, ыдыс-аяқтары, қабырға сағаты… Тағы бір құнды дүние – ақынның өзі жатқан ақ керует. Оны 1926 жылы Қызылордада тұрған кезінде сатып алған. Бұл туралы болашақ жары Гүлбаһрам Батырбековаға жазған хатында деректелген. Қазір музейде Сәкеннің Гүлбаһрамға жазған он хаты бар, оны бізге көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев табыс еткен. 1973 жылы Гүлбаһрам апамыз дүниеден озғанда, ақынның ұстаған заттары Алматыдағы Орталық музей қорына өтеді. Сол жәдігерлердің дені біздің мұражайға берілді.

Айта кеткен жөн, 1990 жылы ғой, Сәкеннің туған інісі Мәжиттің әйелі Әмина, қыздары – Рымжан күйеуімен және София мен Бағдат мұражайға келді. Олар ақынның сирек кездесетін фотосуреттері мен Мәжиттің жеке заттарын тапсырды бізге.

– Байқасақ, алып тұлғаның өмір жолы біркелкі түзу болмаған. Табиғат ана бір басына сымбат­ты­лық пен сыршылдықты, кемең­­гер­лік пен кемелдікті, дарын мен даралықты үйіп берге­ні­мен, ақынның қамшы сабындай қысқа ғұмыры азап пен күрес­ке толы болды. Әңгімеңізді Сәкен­нің қай­рат­керлік қырымен жал­ға­са­ңыз…­
– Алдымен мынаны айтайын, ақынның алғашқы жыр жинағы небары жиырма жасында Қазан қаласында жарық көреді. Содан бастап оның қаламы қолынан түспеген. 1957 жылы Сәкен ақталды дедік. Тарихи қуанышта Сәбит Мұқанов «Сендер бұған дейін «қазақ совет­ әдебиетінің негізін қалаушы» деп мені атап келдіңдер ғой. Міне, шын иесі қайтып келді, енді бұдан былай, Сәкен Сейфуллинді атаңдар» деп ағынан жарылыпты айналасына. Көр­нек­ті сөз зергері Ғабит Мүсірепов те: «…Тарих оған (Сәкенге) жүктеген міндетті ешқайсымыз атқара алған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді» деген екен. Өйткені, Сәкен 1922 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымында отырғанда ұлт тағдырына қатысты көп­те­ген қор­да­лы мәселелерді шеш­ті. Қазақ тілін мемлекеттік тілге айнал­­дыр­­ды. Ең бастысы, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазып, 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген жұрттың төл­ атын қайтарды. Бұл – теңдесі кем еңбек.

1923 жылы ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының елу жылдық мерейтойын өткізеді. Өзі бас баяндамашы болды. Сонда «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлық­тық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін басын бәйгеге тікті» деп, зерделі сөз айтқан да Сәкен еді. Ақынның және бір ерлігі, 1935 жылы (!) Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жариялайды. Ал, ол кезде Шәкәрімнің атын атауға да болмайтын.

– Алаш арыстарының ішінде, ақтал­ған­нан кейін, әрине, бір адам­ халыққа танылса, Сәкен таныл­ды, солай ғой. Расы керек,­ «қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы» ретін­де танылды. Қайрат­кер­лі­гін,­ жаңа ғана сіз айтқан­дай, қол­паш­та­сақ та, жасы­ра­тын несі бар, Сәкенді Совет өкіметіне қызмет еткен деп жақ­­тыр­­май­­тын­­дар шықты бүгін­де… Мұра­жай­дың директоры ре­тінде қандай уәж айтар едіңіз бұған?

– Сәкеннің «қызыл билікке» қыз­мет­ еткені рас. Өйткені, ол Кеңес өкі­ме­тіне имандай сенді. Алайда, ол Сәкеннің кінәсі емес. Кеңес өкіметіне жарты әлем сенді. Билік «Социализмнен кейін коммунизмге жетеміз. Ешбір ұлттың тіліне, мәдениетіне, шекарасына тиіспейміз» деп, кейін бәрін табанға салды ғой. Сол кезде барып, Сәкендер бармағын тістеді. Баса айтатыны, ол ешқашан ұлтын сатқан жоқ, қайта ұлтына қызмет етті. Шынтуайтында, социализмнің орнауы жарты адамзаттың қателігі. Ең бас­ты­ қателік – Сәкен де соның ішінде кетті. Қиянатының құрбаны болды. Ол ұлттың тілі үшін де, шекарасының тұтастығы үшін де күресті, қазақ әдебиетінің тарихы үшін де жанын салды. Басқаны былай қойғанда, «Отан» деген терминді кіргізген Сәкен.

Қазір біз «латынға көшеміз бе, кириллицада қаламыз ба» деген тарихи кезеңде тұрмыз ғой. Міне, Сәкен де сондай дәуірді бастан өткер­ген.­ Ол кириллицаға қарсы болған, Ахмет Байтұрсынұлының әліп­биін­де­ қалуымызды қалады. Өйткені, көптеген мұраларымыздан айырылып қаламыз ба деп қорықты. Ол осы күнге жететінімізге көзі жетпесе де, қазақтың гүлденуін, көркеюін тіледі, сол үшін жігерін сарқыды. Тарихтың доңғалағы кері бұрылып, дүние қайта төңкеріліп, Құдай басымызға тәуелсіздіктің бағын қондыра салды ғой. Енді өткен тұлғаларды бір-біріне қарсы қойып, олардың тұсындағы дау-дамайды қайта қоздырып керегі жоқ. Бізге, ұрпаққа олардың жарқын жолдары, күресі қажет. Бүгінгі буынды Отанды сүюге, елді ардақтауға шақы­ра­тын үлгілерін алған жөн.

Сәкеннің мұрасы халқының рухани қажетінен қалмайды, өзінің міндетін атқарады. Оның ұлтына бергені ұшан-теңіз. Сәкен мұражайының Астанада тұруы – ұрпаққа үлкен үлгі. Сәкеннің әндері қандай тамаша! «Көкшетауының» өзі неге тұрады? Жаңа әдебиетті жасаймын деді, Маяковскийге еліктеді. Ол да әдебиеттегі бұрылыстар, талпыныстар. Мұндайлар талай ақында болды. Солардың басында Сәкен тұрды. Социализмді, коммунизмді, Ленині жырлаған «Советстан», «Қызыл ат», «Қызыл сұңқар», «Экспресс» сынды туындылары оқылмауы мүмкін. Таза оқылатын дүниелерінің өзі аз емес. Бізге соны­сы­ керек Сәкеннің.

Ақмоланың тарихы, Астананың тарихы Сәкеннің тағдырымен тікелей байланысты. Сондықтан, Астанада осындай музейдің ашылуы да өте орынды, оның жиырма бес жыл­ды­ғын атап өтуіміз – үлкен мерей. Осы орайда, қала әкімдігіне, қазақ мәдениетінің, руханиятының жана­шы­ры Иманғали Нұрғалиұлына ризамын. Музейдің аяғынан тік тұруы­на, осы заманға сай халыққа қызмет етуіне үлкен мүмкіндіктер жасады. Ақынды халыққа танытуда сәкентанушы ғалымдардың да атқарған еңбегі бір төбе. Есмағамбет Ысмайылов, Жайық Бектұров, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Сейділ Талжанов, Амантай Сатаев, Амантай Кәкен сынды ағаларымызды осы мерейтой қарсаңында ерекше­ құр­мет­пен атаған жөн. Бұл азамат­тар­дың есімдері мұражайдың тарихына алтын әріптермен жазы­лады.­ – Ел ішінде осы мұражай үйінде Сәкен тұрған деген сөз бар. Өзіңіз айтқандай, ақынның ізі қалған қала­да оған қатысты ғимараттар қал­ды­ ма бүгін?

–Бұл он сегізінші ғасырларда, Абай туған жылдары көпестер сал­ған үйлер ғой, менің білуімше, мұнда Сәкен тұрмаған. Ол тұрған үйдің нобайы музейде тұр, бұдан да үлкенірек. Қазіргі «Меруерт» деген мейрамхананың артқы жағында болған екен, кейін бұзылып кетті дейді. Бірақ, бұл үйлерге Сәкен қыдырып, қонаққа, басқа бір жағ­дай­ларда келуі мүмкін. Енді, ақынға қатысты бір ғимарат бар. Ол – қазіргі Әлихан Бөкейханов пен Кенесары көшелерінің қиылысындағы, елшілік отырған екі қабатты ақ үй. Соның балконынан 1920-22 жылдары, Совет өкіметі жарияланған кезде сөйлеген деген дерек бар. Қаншалықты дәлелді екенін білмеймін, меніңше, сол рас болуы керек. Өйткені, оның арғы жағы, қазіргі Конгресс-холл сарайы­ның­ орны ол кезде базар болыпты.

– Сәкен тұрған үйдің қабыр­ға­сы­нан қайраткердің тапаншасы табыл­ған де­се­ді. Мұражайдағы көне­ қа­ру сол болса керек…
– Иә, манағы елшілік отырған үй­дің маңында мекеме болған бір үйлер бұзылыпты. Міне, сол үйлерде Сәкен де қызмет істеген. Бұзу кезінде тапанша табылғаны рас. Бізде тұрғаны да сол қару. Бірақ, тапаншаның Сәкен­ді­кі екеніне ешкім куәлік бере ал­майды.
Бізде мынадай бір әдет бар ғой.­ Ес­кі, көне дүниелерді тауып ала қалсақ, пендешілік пиғылмен «Балуан Шолақтың белбеуі еді», «Қабанбай батырдың қанжары еді» деп, мұражайларға өткізе береміз. Мен мұны тарихқа қиянат деп ойлаймын. Әрине, музейдің сол заманның жәдігерлерімен толғаны жақсы. Бірақ, нақты, дәлелді болмағаннан кейін, бүгінді де, ертеңді де алдай­мыз. Жалпы, өлкетану, тарихи мұра­жай­ларға бұл керек шығар. Бірақ, жеке тұлғалардың мұражайына қажет емес. Мәселен, осында біраз дүние­лер бар, Сәкендікі деп келген. Бірақ, көбісіне менің көзім жетпейді. Десе де, Сәкеннің өзінен қалған зат­тар жетерлік. Қол сағаты, бас киімі, костюмі… Мұның бәрі жары Гүл­баһ­рамның қолынан жеткен. Ол өлерінде Сәкен дүниелерінің бәрін дерлік Алматыдағы орталық музейге өткізген екен. Осы музей ашылғанда уақытша ғана жеті-сегіз жәді­ге­рі көшірілген екен. Орталық музей басшылығы уақытша берілген дүние­лер­­дің келісім-шартының мер­зі­мін жыл сайын ұзартып келген, мен келгенше. Өйткені, қазір музейден музей зат ала салу оңай емес. Ол жәді­гер­лерді біз де иелене алмаймыз, Ор­та­лық музейдің де бере салуға хақысы жоқ. Енді, соның басын ашып алайық деп, марқұм Еркеғали Рахма­диев, Кәкімбек Салықов, Әкім Тарази және өзім қол қойып, Елбасына хат жаздық. Іле-шала мәселе шешіл­ді, әлгі құнды дүниелер осында бір­жо­ла­та қалатын болды. Әлі де Сәкен­ге тікелей қатысты көп жәдігер Алматыдағы орталық музейде. Музей бас­шы­лығы «Мәдени мұра» бағ­дар­ла­ма­сы аясында солардың бәрін жыл аяғына дейін осында көшіруге уәде етті. Ал, ол жәдігерлер келетін болса, мұражай кеңейер еді.

Қазіргі таңда мұражай қорындағы жәдігерлердің жалпы саны – 5696 дана. Оның ішінде негізі қорда – 2645 дана, қосымша қорда – 3051. Осы жәдігерлердің бес жүздейі ғана сөреде тұр. Қалғандары жертөледе. Себебі, орын жоқ. Алматыдағы жәді­гер­лер­ді жеткізетін болсақ, тағы сый­май­ды. Менің ойым, осы кеңсе орна­лас­қан екінші ғимаратты да музейге айналдыру. Жанымыздағы Сәкеннің ескерт­кі­шінің артында кішкене орын бар, сонда екі қабатты кеңсе салынса. Астына – жүз орындық зал, үстіне – қызметкерлер отыратын бөлмелер. Егер осы жоба іске асып жатса, жақ­сы­ болар еді…

Сәкен Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның ғимаратын қолымен тұр­ғыз­ған. Өзі тұңғыш төрағасы болған. Сондықтан, мұнда елордадағы жазушылар да көп келеді. Бұл шаңырақ мұражай болғанымен, бір жағынан Астанадағы жазушылар ордасы сияқ­ты. Мен – Жазушылар одағының Аста­на­да­ғы филиалының директорымын. Ал, филиалдың жеке ғимараты жоқ. Көптеген әдеби, мәдени шаралар осында өтіп жатады. Егер жаңағы ғимарат салынатын болса, онда ол зиялы қауым бас қосатын, қаламгерлер жина­ла­тын үлкен рухани ошаққа айна­лар еді. Мен соны армандаймын.

– Әңгіме бағыты қайта мұра­жай­ға ауды ғой. Осындағы атқа­рыл­ған шаруа­лар­ды, рухани ошақ­тың тағы­лы­мын, бүгінге, келе­шек­­ке бере­рін­ әң­гі­мелей отыр­саңыз…
– Мерейтойға үлкен дайындықпен келіп отырмыз. Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай орналасқан екі үйге де толық қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, былтыр мұражайға тиесілі аула қоршалып, күзет үйі тұрғы­зы­лып, автоматты шлагбаум орнатылды.
Ақынның өмірі мен шығар­ма­шы­лығына қатысты мұражай қорын­­­­дағы заттарды, құрал-жабдықтарды, кітап-қолжазбаларды, хаттар мен хаттамаларды, зерттеу еңбектерді сақтауға қолайлы бөлмелер дайындалды. Мұнда Сәкен төңірегіндегі тұл­ға­лар­ға қатысты құжаттар мен жәдігерлер жиынтығы топтас­ты­рыл­ған. Шәкә­рім,­ Бейімбет, Ілияс, Ахметтерге бай­ла­нысты дерек­тер тізбегін, Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай, Қажымұқанға қатысты мағ­лұ­мат­тар­ды табуға болады.
1995 жылы тамыз айында Елба­сы Нұр­сұл­тан Назарбаев­ Сәкен мұра­жай­ына арнайы бұрылып, жәді­гер­лер­ді тамашалап, қолтаңбасын қал­дыр­ды. Онда «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің әруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін!» деп жазған. Біз де осы тілекке толықтай қосыламыз.

– Әңгімеңізге рахмет! Мерейтой құт­ты болсын!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 5 =