«СӘКЕН ТІРІ! ҚАЗАҚТАЙ ЕЛІ БАРДА…»

0 4  394

сакен

Құрылғанына ширек ғасыр болған Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайы – ақынның артында қалған құнды жәдігерлерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып отырған бірден-бір ұйым. Бұған дейін Сәкен мұрасын жинақтауда елеулі еңбек етіп келген бұл мекеме қызметкерлері ақынның 120 жылдығы қарсаңында да ауыз толтырып айтарлықтай іс-шараларды өткізе бастады.

Sunkar

Соның бірі – жақында ғана өткен «Сұңқар Сәкен» кітабының тұсаукесері. «Фолиант» баспасынан жарық көрген бұл кітап – мұражай ұжымының елеулі еңбегінің жемісі. Мемлекет және қоғам қайраткері, Оралбай Әбдікәрімов бастаған демеуші азаматтар Сәкен мұрасына осылайша жанашырлық таныта білді.

Тұсаукесері өтіп, бір данасы біздің де қолға тиген соң «Сұңқар Сәкенді» бізде бір парақтап шықтық.

«…Сәкен – қасиетті де қасіретті, саналы ғұмыры сан алуан күреспен өткен күрделі әрі трагедиялық тұлға. Сәкенді түсіну үшін алдымен өзіңе, туған халқыңның басынан өткен тауқыметті тағдырға терең үңілуің керек. Сонда ғана ақынның шынайы азаматтық бейнесін айқын танып, ұлт үшін торғайдай шырылдаған жан дүниесін еркін сезіне аласың».

Бұл жолдар – қолымызға тиген «Сұңқар Сәкен» кітабына жазған Несіпбек Айтұлының алғысөзінен үзінді. Осы бірнеше сөйлемде Сәкенді танимын деген жанға керектінің барлығы айтылған. «Сұңқар Сәкеннің» алғысөзінде Несіпбек ақынның бұлайша ой қорытуы да тегін болмаса керек. Себебі, кітапта әр жылдары қазақтың қалам ұстап, сөз саптаған ақындарының Сәкенге арнаған өлеңдері жинақталыпты.

Өткен жылы Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ашылуына 25 жыл толуы мен жыр жампозының биылғы 120 жылдық мерейтойына арнап құрастырылған бұл жинақта Сәкен тұтқындалардан бір жыл бұрын (1936 жылы) «Үш бәйтеректің» бірі – Ілияс Жансүгіровтің:

Шырқа, шырқа, көкке өрле,

Қыран «Қызыл сұңқарым».

Қуанамын бәйгіңе,

Тарпаң «Асау тұлпарым!»,

деп басталатын «Тұлпарға» атты өлеңінен бастап, бүгінгі:

… Ақ әлемге түсті ме түн құрығы,

Қызыл күннің естілер шыңғыруы.

Сәкен кешті ғұмырды, өзегі өрт боп,

Жанын тербеп жалғанның мың қылығы. … (ХХ ғасырдың үрейлі түсі), –

деп жырлаған Серік Сағынтайға дейін ақын рухына тағзым етіп, қызметіне, алашқа, қазақ еліне сіңірген еңбегіне құрмет білдірген жүзге тарта ақынның өлеңдері мен поэмалары топтастырылыпты.

Сәкен тағлымына, Сәкен еңбегіне, Сәкен шығармашылығына, тіпті, Сәкеннің сұлулығына бас имеген қазақ кем де кем. Оның күллі қазаққа ортақ, күллі түркі дүниесіне ортақ мұрасына тамсана, бас шайқай қарап, сырттай құмар болу бір басқа да, оны терең түсініп, Сәкенше сезініп, Сәкенше бойлау бір басқа.

Қолымызға тиген «Сұңқар Сәкен» жинағына өлеңдері енген ақындардың барлығы өз халінше Сәкенді түсінуге, мынау жалған дүниені бір сәт болса да Сәкеннің көзімен қарауға тырысқандығын байқауға болады.

… Мен емеспін ол үшін таңды қарғар,

Шошынбасын ақыннан қанқұмарлар.

Көңілінде елімнің қалсам болды,

Құлпытасым сол менің мәңгі мәрмәр! … (Жүрсін Ерман, «Ақын мен ажал» поэмасы).

Жоғарыда айтқан ойымызға Ж.Ерманның поэмасындағы осы жолдар айқын дәлел. Иә, Сәкен болып сезіну – екінің біріне беріле бермес бақыт. Ол – тек ұлтына, қарапайым қазағына жүрегінің төрінен орын беріп, осы бір қойдан жуас, тарпаңнан асау халықтың жан дүниесін сезіне білген жандарға ғана бұйырар несібе. Сәкенге жыр арнап, өз мұңын ұлықтың рухымен сабақтастырғысы келген Сәкеннен кейінгі толқынның жазбасынан осыны аңғарамыз.

… Дүлдүл ұстаз қасына көп барамын,

Толғантады шықпай жүрген дара мұң.

Ол қиямет шеккен күнін еске алса,

Мен ішімнен «Жезкиікке» саламын. («Сәкен аға алдындағы толғаныс»), –

деп жырлаған Кәкімбек Салықовтың жыр жолдарынан Сәкен болмысынан тиянақ іздеуді байқаймыз.

Бұл үрдіс бір ғана Кәкімбек Салықовта ғана емес, ақынға арнау жазған көптеген сөз зергерлерінің өлең жолдарынан көрініс береді.

Жинаққа кірген өлеңдердің тағы бір парасы Сәкендей асқақ рухты, ұлтжанды ұлдың ерлікке толы, өрлікке толы тағдырына қызыға қарап, сол жолды жалғастырып, аға ізімен жүруді інілік мақтан көретінін, ұлттық болмыстың сақталуына өз үлесін қосқандардың Сәкенге қарап бой түзегендігін байқаймыз.

… Күрсініп ек, жан аға,

Сен жоқ деген сөзді естіп.

Жылдар салып араға,

Ақыры біз кездестік.

Сендей қорған, панаға,

Зәру болған кезде өстік.

Ақыры біз кездестік. (Мұқағали Мақатаев, «Аңсап жүріп кездестік»)

… Сәкен аға! Жан ағам жарасты өңі,

Ғұмырыңның болса да талас көбі,

Көгімдесің! Көгімнің төріндесің,

Рухтардың мекені – Алаш көгі! … (Рахат Әбдірахман, «Сәкен рухымен сырласу немесе тас мүсін түбіндегі ой»)

Мұқағали ақын өзі айтқандай, «арнау жазатын фабрикалар» болмаса да, Сәкендей дара тұлғаға өз жүрегін жарып шыққан жыр жолдарын арнап, көңіл көкжиегіндегі кірбіңіне ақын рухынан демеу іздеген сөз зергерлері Сәкен бейнесін жан-жақты саралаған екен. Бірінің олқысын бірі толтырған бұл ақындар Сәкеннің сан қырлы болмысын өз биіктерінде сомдай біліпті. Біз бұл туындыны Сәкен теңізіне тыңнан құйылған бұлақ деп бағаладық. Мұражайы қорынан алынып, Сәкеннің көзі тірісінде сұлу сөздің сүлейіне арналған жырлардан бастап, бүгінде ортамызда жүрген жас ақындардың балаң арнауларына дейінгі бес поэма мен 200-ге тарта өлеңдердің барлығына талдау жасау біздің мақсат емес, тек даланың дара тұлғасына әрбір қазақ арнау айтса жарасарын ескердік.

Мұражай директоры, мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын Несіпбек Айтұлының айтуына қарағанда, бұл шара ақынның 120 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынады деген мәдени, танымдық іс-шаралардың басы ғана екен. «Алдағы мамыр айында «Сәкен Сейфуллин жолымен» атты экспедиция жасауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, Республика көлеміндегі Сәкеннің атымен аталатын мұражайларды аралап, ақын жәдігерлерінің, ақын мұрасының насихатталуын жалғастыратын боламыз. Бұған да қоғам қайраткері, Сәкеннің жанашыр інілерінің бірі Оралбай Әбдікәрімов ағамыз қолдау көрсетіп отыр» деді ақын мұрасына шырақшы болып отырған ақын Несіпбек Айтұлы.

Мұражай директорының бас­тамасымен Астана, Қарағанды қалаларында және ақынның туған өлкесінде, тіпті, бауырлас түркі тектес елдердің біразында аталып өткелі отырған Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығының бастамашысы болған бұл шарада Қайрат Жүнісовтің «Сәкен мен Гүлбаһрам» атты шағын спектаклі №69 мектеп-гимназиясының оқушыларының сахналауымен кеш қонақтарының көңілін көтерді. Кітап тұсаукесеріне жиылған ақын-жазушылар, журналистер мен Сәкен тағылымымен сусындаған бүгінгі ұрпақ өкілдері кітапқа жоғары баға берді. «Сұңқар Сәкен» кітабы тұсаукесерге келген көпшілікке тегін таратылып, Сәкенге арналған сұлу сөз, өршіл өлеңдер өзінің алғашқы оқырмандарына жол тартты.

Сөз соңын «Сұңқар Сәкен» жинағына еңген Темірше Сарыбаевтың «Сәкен тірі» деген өлеңінен алынған үзіндімен түйіндейміз.

Сәкен тірі!

Қазақтай елі барда,

«Өлді» деудің, айтыңдар, жөні бар ма?!

Ол көнбейді, ешқашан еңкеймейді,

Түскен де емес қысыр дау, бөрі лаңға! (Темірше Сарыбаев, «Сәкен тірі»)

Иә, Сәкен тірі, оны ешкім де өлтіре алмайды, тіпті, «Анненковтың азап вагоны» да өлтіре алмаған! Себебі, ол – ел жүрегіндегі өлместің тағына мінген тұлға!

 

Жаубай ЕРЖАН,

Сәкен Сейфуллин мұражайы ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 8 =