СӘКЕН ТАҒЫЛЫМЫ ӨЛЕҢ-ЖЫРМЕН ӨРІЛДІ

0 182

01

Қазақ агротехникалық университетінде сұңқар ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 120 жыл толуына орай бірқатар шаралар өтті.

Әуелі атаулы күн «Жүрекке ыстық, көзге сүйік өз елім» атты респуб­ли­калық мүшәйрада дуылдап өлең оқыған ақындар салтанатымен айшықталды. Ақындардың қарымы мен шалымын республикалық «Тұмар» әдеби журналының бас редакторы, ақын Оңайгүл Тұржан, мемлекеттік «Дарын» жастар сый­лығының иегері Ақберен Елгезек, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, ақын Ерлан Жүніс, С.Сей­фуллин атындағы университеттің кафедра меңгерушісі, доцент Сәлима Кенжемұратовалар бағалады.

Сұңқар Сәкен құрметіне ұйымдас­тырылған жыр додасына Алматы, Атырау, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қостанай, қысқасы, елдің төрт тарабынан төгілген жырға сезім аунатқан жас ақындар қатысты.

Айбынды жырымен көзге түскен атыраулық Ерболат Қарақойшы  І орынды иеленді, ал ІІ орын Тараздан кел­ген Нұрболат Жолдасбекке бұйырды.  Сонымен қатар, жүлделі ІІ орынға Алматыдан келген Жайдар Жақсы­лықовтың өлеңі лайық деп танылды. Республикалық «Тұмар» журналының арнаулы сый­лығын С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУдың студенті Нұрбала Алдамжарова қан­жығалады.

Түс ауа шараны Сәкеннің лирикалық өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы қыз­дыра түсті. Жазушы, «Ақ жайық» журналының бас редакторы Рахымжан Отарбаев бастаған қазылар алқасы ақын шығармаларын шын беріле, сезім қылын шерте оқыған жастарға жүлде табыстады.  I орынды астаналық Хазрт Төлегенов,
II орынды ақтөбелік Мөлдір Кенжекеева мен астаналық Ерхан Мәуленбердиев иеленсе, III орынды кәсіптік колледж студенті Ирина Сапожникова мен атыраулық
Алтынай Серікпай теңдей бөлісті.

Кешқұрым университетке жиналған меймандар «Ақ желкен» студенттік театры сахналаған Ғазиз Ештанаевтың «Жолайырықта» драмалық қойылымын тамашалады. Сәкен рөлінде университеттің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің студенті Бауыржан Жақсыбаев, Мағжан Жұмабаев­тың рөлінде экономикалық факультеттің студенті Әлібек Мырзақұлов ойнады.

С.Сейфуллиннің 120 жылдығына ар­налған шаралар легі университетте жыл аяғына дейін жалғасын таппақ.

Айжан Жұмабаева

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 9 =