СӘКЕН мен ГҮЛБАҺРАМ

0 1  273

Сәкен Сейфуллин мен Гүлбаһрам… Тағдыр өзені екеуін қалай табыстырып, замана ағысы қалайша екеуін ажыратты?
1925 жыл… Сәкен Сейфуллин – саяси беделі бар қоғам қайраткері, белгілі жазушы. Гүлбаһрам – Совпарт мектебінде оқитын он жеті жастағы өрімдей жас қыз… Ол білім нәрімен терең сусындап, ұстаздар ақыл-кеңесін ұғынып, оқу мен білімін, бар күшін өз халқыма арнасам деген.

Бірде Сәкен Гүлбаһрамға туысқандарынан хат келгенін айтып, хабаршыны жібереді. Бұған дейін ақын Гүлбаһрамның туыстарының үйінде қонақта болған. Бірақ, жеке таныстығы жоқ еді. Міне, екеуі оңаша жүздесті. Амандық сұрасты. Сәкен Сейфуллин бойжеткеннің өзін-өзі ұстауынан ерекше батылдығын байқайды. Оның қарапайым қыз емес екендігіне көзін жеткізеді. Гүлбаһрам да көп бөгелмей, алғыс айтып, өз жолымен жүреді.

Ақын өзінің шығармашылық-әкімшілік сапарын жалғастыра береді. Алайда, ойынан Гүлбаһрамды шығарған емес. Оның қара көздері, бұраң белі және бойжеткеннің көркін асырған қос білектей тығыз өрілген қос бұрымы елестейтін… Дәл осы бейнесі «Совпарттағы қарындасыма» атты танымал өлеңінің алғашқы жолдарын жазуға итермелеген еді…

Астана Қызылорда қаласына көшеді.

Гүлбаһрам күн сайын хат алып тұратын. Кімнен? Сәкен Сейфуллиннің өзінен. (Осы хаттардың біразы Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайының қорында сақтаулы.) Гүлбаһрам жүрегіне ол хат арқылы жол салды…

Сәкен Сейфуллин ұсынысымен Гүлбаһрам Қызылорда қаласына көшіп келеді. Олардың бірге кешкен алғашқы күндері жайлы Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың «Менің Сәбитім» атты естелік кітабында толық жазылған.

Сәкен мен Гүлбаһрамның көптен күткен тұңғыш қыздары – Лаура.

Сәкен оны еркелетіп «Дәрдана» деп атаған. Лаура 1929 жылы дүниеге келіп, бірақ ауруға шалдығып, 1932 жылы Қызылорда қаласында қайтыс болды. Дәл сол жылдары Сәкеннің жанында, жан арқауы Гүлбаһрам еді. Ұлы Аян 1936 жылы қараша айында дүниеге келген. Аян деп Сәкеннің баласын Мұхтар Әуезов атаған. Сәкен Сейфуллиннің туған інісі Мәжиттің жары Әмина апайдың естеліктерінде ол «Аян дүниеге келгеннен кейін Сәкен Гүлбаһрамды алақанға аялаған шынайы отбасылық бақыттың бейнесін жиі көруге болатынын» жазған.
Бірақ бұл бақытты сәттер көпке созылған жоқ…

1937 жылдың қыркүйегінде Сәкен Сейфуллин «халық жауы» атанып, тұтқынға алынады. Гүлбаһрам Сейфуллина Сәкенді соңғы рет 1938 жылы 8 ақпанда көреді: «Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой…Тіпті, ештеңе де дұрыстап сөйлесе алмадық. Орысша сөйлесіңдер деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың? Сөздің бір ретінде «Аянды неге сұрамайсың?» дегенімде, ұйқыдан шошып оянған адамдай:

– Ол тірі ме еді? – деп қарсы сауал қойды.

– Қой қайдағыны айтпа, асыр салып ойнап жүр, мұнда жібермейді екен, үйде қалды. Ондай жамандықты қайдан естіп жүрсің! Аман, қам жеме, өзіңнің ақталып шығуыңды күтеміз, – дедім.

– Әрине, солай ғой. Бір жаман түс көріп едім, тілім де, түсім де қара тасқа!» –деп бір түкірді. Дауысы бұрынғыдай ашық естілмей, кетік тістен шыққандай ысыл араласып тұрды. «Адалмын, тазамын, ақталамын» деп анау естісін деп құшырлана айтты…»

Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина қуғын-сүргін жылдарын басынан өткізіп, саналы өмірін Сәкен сынды азаматтың артында қалған мол мұрасын жинақтауға арнайды. Көптеген туысқандары мен замандастарының естеліктерінде Гүлбаһрамды жарқын жүзді, қонақжай әйел ретінде еске алады. Бұл естеліктерден Гүлбаһрам апайдың қазақ әйелдеріне тән қасиеттерді бір бойына жинағанын, нағыз қазақ әйелінің біртуары деп білеміз.

Эльмира БАЛТАБЕКОВА, Сәкен Сейфуллин мұражайының
кіші ғылыми қызметкері

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =