©2020 Астана Ақшамы
Сайыс саңлағы – Серік, озығы – Ольга
Қазақ спортының қанжығасына құт байлаған 2012 жылдың әйелдер және ерлер арасындағы ең үздік спортшылары анықталды.
Үздіктерді таңдау дауыс беру арқылы жүзеге асқан. Дауыс беру жаңа 2013 жылға 1 секунд қалғанда тоқтатылыпты. Тұманды Альбионда жұмыр жердің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай сұрыпталып келген сайыпқыран боксшыларды рингте қуып жүріп сабап, «алтын тұмарды» төсіне қондырған былғары қолғап шебері – Серік Сәпиев пен «үш қарғып секіруде» әлемнің «Мен» деген жеңіл атлетшілерін шаң қаптырған Ольга Рыпакова сайыстың соңғы сәттерінде суырылып алға шықты.
Бұл таңдауды тыңғылықты жүзеге асырған Sport Review журналы биылғы жылғы 9 қаңтарда жарық көрген алғашқы санында «Сәпиев и Рыпакова – лучшие!» атты мақаласын жариялады. Өткен жылдары ерлер арасындағы жеңімпаз бірден анықталған болса, биылғы жылғы үздік ер спортшыны таңдау оңайға соқпапты. Біресе велошабандоз Винокуров, біресе зілтемерші Ильин алға озып отырған. Қазақстанның намысын олимпиаданың веложарыс турына төрт мәрте ту етіп барған Александрдың да, зілтемір көтеруден азаттық алғалы екінші мәрте олимпиада алтынын қоржынымызға салып, Қазақстандағы алғаш «екі дүркін олимпиада чемпионы» атағын иеленген Илья да, жылдың үздігі атануға лайықты спортшылар еді. Алайда, соңғы сәттерде дауыс берушілер арасынан Сәпиевті қолдаушылар қатары арта түсіп, рейтингтің ең жоғары сатысынан орын алған.
Ал, әйелдер арасындағы мықты спортшыны оқырман бірден анықтапты. Жеңімпаз Ольга Рыпакова бірауыздан 62,8 пайыз дауыспен басымдылыққа ие болыпты. Одан кейінгі орынға 14,2 пайыз дауыспен Светлана Подобедова шыққан. Үшінші орынды 13,3 пайыз дауыспен Зульфия Чиншанло, төртінші орынды 9,7 пайыз дауыс алған Майя Манеза еншілепті.
Сайыс қорытындысына келсек, Серік Сәпиев оқырманның 38,9 пайыз дауысына ие болған. Екінші орындағы Александр Винокуров соған жетеғабыл 37,7 пайыз дауыс жиған. Ал, Илья Ильинге бұйырғаны – 23,4 пайыз дауыс. Үздік топ көрсеткіші, міне, осындай.
2010 жылы мұндай мәртебеге Александр Винокуров пен Светлана Подобедова ие болса, 2011 жылдың үздіктері деп Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло танылған екен.
Ербол ЖАНАТ