Сайыс саңлағы – Серік, озығы – Ольга

0 93

Қазақ спортының қанжығасына құт байлаған 2012 жылдың әйелдер және ерлер арасындағы ең үздік спортшылары анықталды. 

Үздіктерді таңдау дауыс беру арқылы жүзеге асқан. Дауыс беру жаңа 2013 жылға 1 секунд қалғанда тоқтатылыпты. Тұ­ман­ды Альбионда жұмыр жердің түкпір-түк­пі­рінен сайдың тасындай сұрыпталып кел­ген сайыпқыран боксшыларды рингте қуып жүріп сабап, «алтын тұмарды» төсіне қон­дырған былғары қолғап шебері – Серік Сәпиев пен «үш қарғып секіруде» әлемнің «Мен» деген жеңіл атлетшілерін шаң қап­тырған Ольга Рыпакова сайыстың соңғы сәт­терінде суырылып алға шықты.

Бұл таңдауды тыңғылықты жүзеге асырған Sport Review журналы биылғы жылғы 9 қаңтарда жарық көрген алғашқы санында «Сәпиев и Рыпакова – лучшие!» атты мақа­ла­сын жариялады. Өткен жылдары ерлер арасындағы жеңімпаз бірден анықталған болса, биылғы жылғы үздік ер спортшыны таңдау оңайға соқпапты. Біресе велошабан­доз Винокуров, біресе зілтемерші Ильин алға озып отырған. Қазақстанның намы­сын олим­пиаданың веложарыс турына төрт мәрте ту етіп барған Александрдың да, зілтемір көтеруден азаттық алғалы екінші мәрте олимпиада алтынын қоржынымызға салып, Қазақстандағы алғаш «екі дүркін олимпиада чемпионы» атағын иеленген Илья да, жылдың үздігі атануға лайықты спорт­шылар еді. Алайда, соңғы сәттерде дауыс берушілер арасынан Сәпиевті қолдау­шылар қатары арта түсіп, рейтингтің ең жоғары сатысынан орын алған.

Ал, әйелдер арасындағы мықты спортшыны оқырман бірден анықтапты. Жеңімпаз Ольга Рыпакова бірауыздан 62,8 пайыз дауыспен басымдылыққа ие болыпты. Одан кейінгі орынға 14,2 пайыз дауыспен Светлана Подобедова шыққан. Үшінші орынды 13,3 пайыз дауыспен Зульфия Чиншанло, төртінші орынды 9,7 пайыз дауыс алған Майя Манеза еншілепті.

Сайыс қорытындысына келсек, Серік Сәпиев оқырманның 38,9 пайыз дауысына ие болған. Екінші орындағы Александр Винокуров соған жетеғабыл 37,7 пайыз дауыс жиған. Ал, Илья Ильинге бұйырғаны – 23,4 пайыз дауыс. Үздік топ көрсеткіші, міне, осындай.
2010 жылы мұндай мәртебеге Александр Ви­нокуров пен Светлана Подобедова ие бол­­са, 2011 жылдың үздіктері деп Илья Ильин мен Зуль­фия Чиншанло танылған екен.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + nine =