САЙЫПҚЫРАНДАР САЙЫСЫ

0 185

Астана қаласы әкімдігі, Білім басқармасы және №2 өнер мектебінің ұйымдастыруымен бас қаладағы білім меке­ме­лерінің ер мұғалімдері арасында «Ел үшін туған ерден айналайын» атты жігіттер сайысы өтті.

Сайыста қала мектептерінің 20-35 жас аралығындағы 34 ұстазы бағын сынады. Іріктеу кезеңінен өтіп, өзгелерден дара озған 15 жігіт негізгі байқауға жолдама алды.

Сайыс қазақ тілінде бірнеше ке­зеңдерден өтті. Атап айтсақ, «Мен, мен, мен едім…» атты өзін-өзі таныстыру кезеңінде қатысушылар өздерінің өнерлерін жеке-жеке паш етсе, «Шеберлінің қолы алтын» атты қамшы өру сайысы барысында олар қамшыны сол мезетте өріп, соңынан қолданған материалы мен өрім түрі туралы айтып берді.

«Білімді мыңды жығар» атты сұрақ-жауап кезеңі де, «Ақ білектің күшімен» атты кіртасын көтеру  сайысы,  «Білезік ату»,  яғни нысананы көздеу мен «Жігітке жеті өнер де аз» атты өнер сайысы да ерекше қызықты өтті. Оқушыларға білім мен тәрбие беріп жүрген мектеп мұғалімдер арасында ұлттық салт-дәстүрімізді жетік біліп, салауаты мен парасаты жарасқан, алғыр да епті жігіттердің барына қуанып, марқайып қалдық. Барлық шартты мүдірмей орындап, сындардан сүрінбей өткен Мақсат Хамзин бас жүлдені қан­жығасына байлады. Бірінші орынды №15 мектеп-лицейдің мұғалімі Тілеукен Сәтмұхамбетов иеленсе, екінші орынды №1 өнер мектебінің мұғалімі Дархан Кожебаев пен №51 мектеп-гимназия мұғалімі Ғанибек Сағи еншіледі. Ал, үшінші орынды Бағдат Сүлейменов (№70 мектеп-лицейі), Рүстем Жұмабаев (арнайы түзету мектеп-интернаты) және Фархат Шуршутбаев (№63 орта мектеп) өзара бөлісті.

Ләйлә ТЕЗЕКПАЕВА,

№ 2 өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + eight =