«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сайттар қай тілде амандасады?

немесе азаматтық парызыңызға адалсыз ба?

0 432

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, әлемде әр екі апта сайын бір тіл жер бетінен жойылып отырады екен. Осы жылдамдықпен XXI ғасырдың аяғына қарай қазіргі 6 мыңнан астам тілдің тең жартысы мүлдем қолданылмайды дейді ғалымдар. Ал тілі жоқ ұлт ел ретінде құрып, оның өткен өмірі, барлық шежірелі ғұмыры тарих қойнауына кетеді.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тіл мәселесіне орай Қазақстан халқына үндеу тастады. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деген еді ол.
Теперішті көп көрген қазақ тілі тәуелсіздік алғаннан кейін еңсесін біраз түзегенмен, әлі де өз тұғырына қона алмай тұр. Өзге тілдің бәрін білгіштігіміз өз тілімізге жүрмей, кедергісін келтірді. Президент айт­қандай, ниет пен намыс болса, ой-санамызға үстемдік құрғысы келген елдің емес, азаттық жолында арпалысқан бабалар тілінен айнымас едік.
Қазақ тілі «ҚР мемлекеттік тілі» мәртебесін 1989 жылы 22 қыркүйекте алды және сол жылы «ҚР тілдер туралы» заңы қабылданды. 1995 жылы 30 тамыздағы жаңа Конституцияның 7-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерді үйренуі және дамытуы үшін жағдай жасап, қамқорлық көрсетеді» және «Мемлекеттік ұйымдарда, өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылды. Тілді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, қазақ тілін меңгерген тұрғындар үлесін 2020 жылы 90 пайызға жеткізу жоспарланған. 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 95 пайызды құрайды деп болжанды. Көрсеткіштегі сандар осылай көз қуантқанмен, шын мәнінде, қазақ тілі мәртебесінің қоғамдағы сипаты мүлде бөлек. Әлеуметтік зерттеулер бойынша қазір ел азаматтарының 90 пайыздан астамы қазақ тілін әртүрлі деңгейде меңгерген, 52,7 пайызы қазақша еркін сөйлеп, жаза алады. Ал қалған жартысы шала біледі не мүлдем білмейді деген сөз. Мемлекеттік тілдің қазіргі таңдағы деңгейі қай шамада екенін көрсетіп беретін 4 фактор бар:
Бірінші, күнделікті қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда жас пен кәрінің әлі де орысша шүлдірлеуі. Ұрпағына ана тілінде ертегі айтатын асыл әжелеріміздің бүгінгі буыны немерелеріне орысша тіл қатады. Қазақша сұрасаң, түсінбеген сыңай танытатындар туған тілде сөйлеген қандасын қор сезінетіндей. Ана тілін жақсы білетіндердің өздері әңгімесін жанындағы орыс қол танысының тілінде өрбітіп кеткенін байқамай қалады. Осы орайда қалаларда «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!» деген әр қазақтың намысын жанитын ұран сөздерді көпшілік көп жүретін жерлерде көз сүрінетіндей көбейткен жөн. Мұндай сөздерді «көру жадысы» арқылы күн сайын еске салу бірде болмаса бірде адамның санасына әсер ете бастайды.
Екінші, тілші ретіндегі қызметімізде үнемі куә болатын жағдай – іс-шаралар мен жиындардың таза қазақ тілінде өтпейтіндігі. Бұл, әсіресе, ірі көліктік, логистикалық, медициналық және тағы да басқа түрлі салаларда жиі кездеседі. Алдымен орысша дайындалып, оны қазақшаға шала-шарпы аударған баспасөз мәлімдемесін ұстатады. Сосын жиында ырымын жасап, қазақша амандасады. Сол екі ауыз сөзді қанағат тұтады да, әрі қарай қазақ тілін білмейтін екі-үш басқа ұлт өкілінің түсіне алмай қалатынын, одан қалды «Тіл туралы» заңдағы мемлекеттік тілмен бірге ресми тілдің құзыретін алға тартып, өзге тілде көсіледі. Ондай жиыннан орыс тілді әріптестердің жылдам хабар таратуы оңай. Ал қазақ тілділер мақала жазумен қатар аудармашылық қызметті қоса атқарады. Спикерлер сөздерін ақ тер, көк тер болып аударып отырғанда, жедел аударам деп калька сөзбен қателікке ұрынуы да жиі кездеседі. Бұл ретте спикердің негізгі баяндамасы біткен соң қазақ тілінде сұрақ қойып, сол тілде жауап алуды көбірек талап ету қажет. Орталық коммуникациялар қызметінде өтетін брифингтерде осындай талаппен шығатын әріптестердің аз да болса бар екендігіне риза боласың.
Үшінші, ғаламтор желілері жылдам дамып жетілгелі бері, әсіресе 2010 жылдардан бастап туған ұрпақтың қазақ тілді ортада өссе де, орысша контентті YouTube арқылы тілі бұрмалануы. Олардың бесіктен белі шықпай жатып ресми тілде ойланатындығы келер ұрпақтың ана тілдің қадіріне жетеріне күмән келтіреді. Бұл ретте күні бойы жұмыс істеп, үйдегі баласының не көріп, не қоятынын қадағалай алмайтын немесе құлағының тыныштығы үшін баланың қолына смартфон ұстата салатын отбасылар тәрбиесіндегі олқылық та маңызды фактор болып отыр. Яғни әлеуметтік және отбасылық тәрбие берудегі мәселелердің нәтижесінен де тілін дұрыс білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Бұл ретте тіл үшін жасалатын үлкен жұмыс – YouTube-ты қазақшалау, сол контентті қазақ тіліндегі сапалы материалдармен толықтыру болу керек.
Төртінші, жоғарыда айтқандай, тіл тазалығының бұзылуы, яғни ана тілін дұрыс білмеушіліктен алдымен орысша жазылатын мәтіндердің қазақ тілінде калька аудармамен жеткізіліп, тіліміздің өзіне тән құнары мен шұрайлылығын жоғалтуы, кей сөздер мен тіркестердің түпкі мән-мағынасының өзгеруі. Бұл соңғы мәселемен қазір қазақ қоғамында біраз тіл жанашырлары күрес жүргізіп жатқаны қуантады.
Ал бұрынғы одақтас және басқа шет елдерде қалай? Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдер Кеңес өкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертті. Мысалы, Өзбекстанда тәуелсіздік алмай тұрып-ақ өзбек тілін қолданушылардың үлесі 92 пайыз шамасында болған. Бұған елдегі өзбек ұлтының сан жағынан басым болғаны да ықпал еткен болар, себебі статистика бойынша 1989 жылғы санақта Өзбекстандағы халық саны 19 млн-нан аса адамды құраса, соның ішінде жергілікті ұлт саны барлық халықтың 71 пайызын құраған, ал орыс ұлтының үлесі бар болғаны 8,3 пайыз болған. Бүгінде өзбек тілін өзбек ұлты ғана емес, елде тұратын барлық ұлттар қолданады. Заңға сәйкес, бұл мемлекетте бір ғана мемлекеттік тіл – өзбек тілі бар.
Мемлекеттік тілі – жергілікті ұлт тілі, ал ресми тілі – орыс тілі болуы жағынан Қырғызстанның Қазақстанмен жағдайы бірдей. Қырғыз тілінің мұғалімі Тынаркүл Рысқұлованың сөзін келтірсек: «Біз, қырғыздар, көбіне орысша амандасып, танысқан кезде де «очень приятно» деп жатамыз. Тіпті көп жылдық тәжірибесі бар тіл маманы болғанның өзінде маған «кечерип коюнуз» дегеннен гөрі «пардон» немесе «сорри» деп айту оңай болып тұрады. Біз қазір сондай ортада өмір сүріп жатырмыз. Тіл мәселесін көтеруді интеллигенцияның, ғылым қайраткерлері мен педагогтардың ортасында бастау керек. Себебі тек солардың деңгейінде ғана қоғам өзіміздің бай сөздік қорымызды қолдана бастайды» депті.
Басқа көптеген елдерде мемлекеттік тілді білу – сол елдердің азаматтары үшін «міндет». Мысалы, Әзербайжан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының 1-бап, 1.1-тармағында: «Әзербайжан Республикасының әрбір азаматы әзербайжан тілін білуі міндетті» деп жазылған. Француз тілінің қолданысы туралы №94-665 Франция заңының 2-бабында «Француз тілін қолдану мыналар үшін міндетті болып табылады» деген сөйлем бар. Ұлыбританияда белгілі бір лауазымда жұмыс істеуі немесе оқу орнында білім алуы үшін кез келген тұлға ағылшын тілін талап етілген деңгейде білетінін тест бағдарламалары арқылы растауы қажет. Германияда өз ісін ашуға ниет білдіргендерге неміс тілін орта деңгейде меңгеруіне берілетін Гете институтының сертификатынсыз бірлескен кәсіпорын, фирма ашуға рұқсат етілмейді. Эстонияда еңбек нарығында эстон тілін білуі – жұмыс орнын табу, өз ісін кеңейту үшін басты себеп, эстон тілін білген тұлғаға лауазымын жақсартуға, жоғары жалақы алуға көп мүмкіндік беріледі. Нидерланд бұдан он жыл бұрын өз Конституциясына елге келген барлық иммигранттардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испанияның Конституциясына сәйкес, бұл елдің әрбір азаматы испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрінде жеткілікті білуі керек. Тіл білмесең, азаматтығын бермейтін елдер қатары да көп. Бір айта кетерлігі, олардың бәрі – демократияны жоғары қоятын елдер. Ал Чехияда чех тілін білетін өзге елдің азаматтарына ЖОО-ға тегін гранттар ұсынылады.
Заманында тіл мәселесін Алаш арыстары да көтеріп, келер ұрпағына төнер қауіпті сезіп кеткендей. Өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының бірі Міржақып Дулатов: «Орысша оқыған бала орыстың тілін ғана оқып қоймай, оның болмысын, салт-дәстүрін, керек болса дінін де қабылдайды» десе, Жүсіпбек Аймауытов: «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» дейді. «Қазақпын деп мақтануды ар көретін, қазақтың тілінде сөйлеуді масқаралық көретін салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбі не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бірдеме болып өсіп жатқанын неге көрмейсіңдер?» деп шырылдады Мұстафа Шоқай. «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген Сәкен Сейфуллиннің сөзі бүгінгі таңда да өзекті болып қалып отыр. «Тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуы тиіс» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымыз­ды ұмыту…» деп кеткен. Жазушы Ғабиден Мұстафиннен: «Ана тілін білмейтін адам – бір қолы жоқ шолақ адам сияқты…» деген сөз қалса, Мұхтар Әуезов: «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» деген екен. Қытайдың ұлы ойшылы Күңзы: «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық жоғалу қаупіне ұшырайды. Тілі жоғалған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды» депті.
Қазақстандағы Тіл саясаты комитеті «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасын жасап, соның аясында мониторингті екі бағытта, яғни көрнекі ақпараттар және ресми интернет-ресурстар бойынша жүргізді. Соның нәтижесінде төмендегідей бірнеше кемшілік анықталған.
Біріншіден, ресми сайттарда негізгі бет бірден орыс тілінде ашылатындығы. «ҚР тіл туралы» заңына сәйкес басымдық мемлекеттік тілге берілу керек. Кез келген мекеменің ресми сайттары бірден мемлекеттік тілде ашылуы қажет.
Екіншіден, сайттардағы ақпараттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүктеледі. Оған сайттарда қазақ тілінде ашылған кейбір бөлімдердің ақпаратсыз бос тұруы немесе орыс тіліндегі ақпаратты орналастырып қоюы дәлел бола алады.
Үшіншіден, қазақ тіліндегі бетке орналасқан ақпараттың көлемі орыс тіліндегі ақпараттардың көлемінен әлдеқайда аз. Бұл ақпарат бірінші орыс тілінде дайындалып, одан кейін қазақ тіліне қалай болса солай аударылады дегенді білдіреді.
Төртіншіден, ресми сайттарға мемлекеттік тілдегі ақпараттардың дер кезінде, яғни ақпараттардың уақытында орналастырылмауы.
Бесіншіден, кейбір ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың сайтында мемлекеттік тілдегі ақпараттар тексерусіз, корректор түзетуінсіз орналастырылған. Сол себепті ақпараттарда орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер кеткені анықталды.
Алтыншыдан, әкімдіктердің ресми сайттарында бюджет туралы ақпараттар, статистикалық мәліметтердің басым бөлігі орыс тілінде жүктелген. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола отырып, мемлекеттік тіл саясатын дамытуға үлес қосуы тиіс ақпарат құралдарының сиқы – осы.
Президент: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» деп тағы да елге сенім арта қарайды. Құр сенім білдіріп қана қоймай, қазір осы мәселені шешудің жолы ретінде айтылып жүргендей, «Қазақ тілін үйренуге қажеттілікті тудыра отырып», «Тіл туралы» заңды күшейту керек. Әзірге бүгінгі күйінде ана тіліміз өз дәрежесінде салтанат құра алмай тұр. Ал сіз мемлекеттік тілді білуде ғана емес, оны қолдануда да азаматтық парызыңызға адалсыз ба?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды