Сайлаудан кейінгі сілкініс

0 22

2005 жылы парламент сайлауының нәтижесіне наразылық танытқан Қырғызстан халқы елді 15 жыл басқарған Асқар Ақаевтың билігін аударып, ол елден кетіп, бой тасалауға мәжбүр болған еді. Оның орнын басқан революция серкесі Қ.Бакиев те 5 жылдан соң елден қашып шығып, Белорусь жерінен пана тапты. Осы жағдай қырғыз елінде тағы қайталанды. Атап айтқанда, 4 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген наразы жұрт 6 қазанға қараған түні президент әкімшілігі мен парламент отыратын Ақ үйге басып кіріп, қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтың кабинетінің быт-шытын шығарды. Өрт шықты. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, полиция мен арнайы жасақ наразыларға ешқандай қарсылық көрсетпеген.

ТОЛҚУДЫҢ ТАМЫЗДЫҒЫ: ҰРЛАНҒАН ДАУЫС

Көрші елдегі биылғы сайлауға 16 партия қатысқан. Сайлау нәтижесі бойынша, «Биримдик», «Мекеним ­Кыргызстан», «Кыргызстан» және «Бутун Кыргызстан» партиясы 7 пайыздық межеден өткен. Мұның ішінде жаңадан құрылған билік партиясы «Биримдик» 24,5 пайыз дауыс алса, «Мекеним Кыргызстан» 23,88, «Кыргызстан» 8,76 пайыз дауыс жинаған. Оппозициядан жалғыз «Бүтүн Кыргызстан» партиясы ғана 7,13 пайыз дауыс жинап, қалған 12 партия парламентке өтпей қалған.
Сайлау нәтижесі жария­ланған­нан кейін жеңілген партиялар сайлаушылардың дауысын сатып алу фактілері, әкімшілік ресурс­тарды пайдалану жағдайлары болғанын айтып, мәлімдеме жасады. Бұл жағдай биіліктің қылт еткен қараулығын көрсе, түп қотарыла атқа қонып, шеруге шығатын ақ қалпақты ағайындарға ұнамай қалды да, кезекті толқудың туындауы­на түрткі болды. Сонымен сайлаудың ертесі Бішкектегі орталық алаңда сайлау нәтижесіне қарсы наразылық өтіп, оған мыңдаған адам қатысты. Олар ­Жээнбековтың биліктен кетуін, қайта сайлау өткізуді талап етеді. Наразылық кезінде 800-ге жуық адам зардап шегіп, 19 жастағы жас жігіт мерт болды. 13 адам жансақтау бөліміне түсті.

ӘП-СӘТТЕ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСКЕ ҰЛАСТЫ

Халықтың толқуынан кейін Қырғызстан билік жүйесінде саяси дағдарыс қалыптасты. Мәселені бейбіт жолмен шешкісі келген ­президент ­Сооронбай ­Жээнбеков 6 қазанда орталық сайлау комиссиясына сайлау кезінде болған заң бұзушылықтарды тексеруді тапсырып, «қажет жағдайда сайлау қорытындысын жоюды» ұсынды. Көп кешікпей орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауы­ның нәтижесін жойды. Елде үйлестіру кеңесі құрылып, оған бірқатар саясаткерлер енді. «Бутун Кыргызстан» партиясының жетекшісі Адахан ­Мадумаров кеңес жетекшісі болып тағайындал­ды. Бірақ дүрліккен жұрт мұнымен тоқтаған жоқ. Ақ үйге басып кіріп, президент кабинетінің ойранын шығарып, артынша өрт қойды. Осыдан кейін ­Сооронбай Жээнбеков мәлімдеме жасап, саяси күштер билікті заңсыз тартып алуға әрекет етіп, сайлауды ­сылтауратып, қоғамдық тәртіпті бұзды деп наразыларды айыптады. «Қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Тәртіп сақшыларына бағынбай, дәрігерлерді сабап, ғимараттарды талқандады. Қан төгілмесін, бір де бір азаматтың өміріне қауіп төнбесін деп күштік құрылымдарға оқ атпауға бұйрық бердім. Қазірге дейін жағдайды ушықтыр­мау үшін мүмкін болған әрекеттің барлығын жасадық. Мемлекеттің тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы депутат мандатынан биік» деді Жээнбеков.
Наразылар талабынан соң бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, экс-премьер Сапар Исаков, бұрынғы депутаттар Садыр Жапаров пен Равшан Жээнбеков қамаудан босатылды. 6 қазанда кешке Бішкекте қонақ үйге жиналған бір топ депутат сейсенбі күні демонстранттар талабымен қамаудан шыққан Садыр Жапаровты премьер-министрлікке үміткер ретінде ұсынды. Бұған дейін осы топ Жогорку Кенеш төрағасы Дастанбек Жумабековтың отставкаға кету туралы өтінішін қабылдап, жаңа спикер ретінде «Бир Бол» фракциясының депутаты Мыктыбек Абдылдаевты таңдаған еді.

ЖЭЭНБЕКОВ ҚАЙДА ЖҮР?

Қазірге дейін Қырғыз­станда 4 басшы ауысып, ел тарихындағы 5-президент Сооронбай Жээнбеков билік жүргізіп жатыр. Ақаев елді 15 жыл басқарса, оның орнына келген Құрманбек Бакиев 5 жылдан кейін өзі де шетелге қашты. Орта Азиядағы түңғыш әйел перзидент ретінде тарихта қалған Роза Отынбаева 2010 жылы 27 маусымда өткен референдумның нәтижелері бойынша президент болып сайланып, бір жарым жыл билік жүргізді. Ал Алмазбек Атамбаев 2011 жылғы 1 желтоқсаннан 2017 жылғы 24 қарашаға дейін ел биледі. Одан кейін билік тізгіні ­Атамбаевтың жақтасы ­Сооронбайға өтті. Көп өтпей Атамбаев пен ­Жээнбековтың арасы бұзылып, соңы ­Атамбаевтың 11 жылға сотталумен тынған еді. Енді міне шерушілер сол Атамбаев пен онымен бірге сотталған лауазымды тұлғаларды да түрмеден босатып алды. Түрмеден босағандардың арасында жоғарыда айтқанымыздай билікке қайта жайғасып жатқандары да бар. Осы жағдайға байланысты сарапшылар Сооронбай да орнынан кетуі мүмкін деп отыр. Бірақ қазір өзін «легитимді президент» екенін мәлімдеген Сооранбай Жээнбеков пен үкімет мүшелерінің қайда екені белгісіз.

НАРАЗЫЛЫҚ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Қырғызстан ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл жолғы саяси додада сайлаушылардың 56,5 ­пайызы дауыс беруге қатысқан. Бірақ сайлау қорытындысынан кейін оппозиция «сайлауда заң бұзу көп болғандықтан, сайлау нәтижесін мойындамайтынын» айтып, оны қайта өткізуді талап етті. Оппозициялық «Ата-Мекен» партиясы бұл доданы «ел тарихындағы ең лас сайлау» деп атады. Парламентке өтпей қалған шағын партиялар президент Жээнбековке жақын саналатын «Биримдикті» өз кандидаттарын өткізуде әкімшілік ресурсты қолданды деп айыптады, бірақ президент жақтастары мұны жоққа шығарды. Оның үстіне президенттің інісі Асылбек Жээнбеков және қазіргі парламенттегі жоғарғы лауазымды адамдардың біразы осы партия атынан үміткер ретінде сайлауға түскені халықтың шамына тисе, 2019 жылдан бері «жемқорлық жасады, ақшаны шетелге жіберді» деп жұрт наразылық танытып келе жатқан Райымбек Матраимовтың ықпалындағы партия – «Мекеним Кыргызстан»-ның да үлкен басымдықпен парламентке өтіп кетуі жағдайды одан әрі ушықтырды.
Алдыңғы орынды иеленген үш партия да ­Еуразия экономикалық одағын жақтайды және Ресеймен қауіпсіздік саласында жақын ынтымақтас­тық әріптестікті күшейту керек деп есептейді.
Қырғызстандағы жағдай туралы жұрттың пікірі де әр қилы. Біреулер мұны нағыз демократия деп бағаласа, енді біреулер бір мемелекеттің символы болған Ақ үйге басып кіріп, өрт қоюды жосықсыздыққа балап жатыр. Қалай болса да, мәселенің бейбіт әрі заңды жолмен шешілгені дұрыс. Өйткені мұның артында қоғамның тыныштығы мен экономикалық үлкен мәселе тұр. Бауырлас көрші елге тұрақтылық пен тыныштық тілейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 11 =