©2020 Астана Ақшамы
Сайлау комиссиялары жасақталды
Биыл Астана қаласының сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімі аяқталды. Осыған байланысты қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары қаралды. Сессияға Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
Мәслихат хатшысының бұйрығымен елорданың аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін сайлау бойынша уақытша комиссия құрылған болатын. Аталмыш комиссия төрағасы, мәслихат депутаты Мирас Шекенов бұл тараптағы жұмыстар жөнінде баяндады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға сәйкес аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларын тиісті мәслихаттар саяси партиялардың ұсыныстары негізінде сайлайды. Әрбір саяси партия сайлау комиссиясының құрамына бір кандидатураны ұсынуға құқылы. Сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттіктері 5 жыл мерзімін құрайды» деді баяндамашы.
Оның айтуынша, атқарылған жұмыстар қорытындысында Астанада 309 сайлау комиссиясы, соның ішінде 5 аумақтық (1 қалалық және 4 аудандық), 304 учаскелік сайлау комиссиясы (Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанында – 65 және Астана аумағында – 239) құрылды.
Аумақтық комиссиялар 7 адамнан тұрады. Еліміздің шетелдердегі өкілдіктері жанындағы сайлау комиссиялары 5 адамнан, ал учаскелік комиссиялар сайлаушылардың санына байланысты 7 адамнан 11 адамға дейін жасақталды.
Қалалық мәслихатқа сайлау комиссиялары мүшелеріне жалпы алғанда 2833 кандидат ұсынылды. Таратып айтқанда, саяси партиялардан – 1109, қоғамдық бірлестіктерден – 1399, қалалық сайлау комиссияларынан 325 ұсыныс келіп түсті.
Сайлау комиссияларының құрамына кандидаттарын «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік» және Қазақстанның халықтық коммунистік партиялары, бұған қоса 12 қоғамдық бірлестік пен қалалық сайлау комиссиясы ұсынды. Қалалық мәслихат депутаттары барлық кандидаттарды бірауыздан қолдады.