«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сәйгүліктер сайысы

0 424

Елордада ат тұяғының дүбірі естілетін күн де алыс емес. Дәстүрге айналған аламан бәйге биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылады. Әр аймақтың кіл жүйрігін жинайтын жарыс Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған.

019

Шашасына шаң жұқпайтын сәйгүліктер салтанатын өткі­зуге «Нұр Отан» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министр­лігі, Астана қаласы әкімдігі және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығы мұрындық болып отыр.
«Алтын тұлпар» дәстүрлі республикалық турнирінде елі­міздің 14 облысы және Астана мен Алматы қалаларының әрқай­сысынан 10 сәйгүлік сынға түсе алады. Жарысқа жүй­рік тұқымдардың барлығы қатыс­тырылады.
Аламан бәйгенің жарыс жолы 51 шақырымды құрайды. Бәйге өткен жылдағыдай үлкен аумақты шеңберді төрт дүркін айналып шабу арқылы жүргізіледі.
Әрбір 2 шақырым сайын бар­лығы жеті бақылау бекеті орналасады. Бекеттерде телекамералар мен төрешілер, дәрігерлермен бірге мал дәрігерлері, тәртіп сақшылары тұрып, бәйге барысын бақылайды. Жарысқа қатысатын шабандоздарға түсі әртүрлі, арқасында сандық нөмірі бар арнайы футболкалар кигізіледі.
Бұларға қоса, тікұшақ жарыс жолын үстінен айналып жүріп, бәйге аттарын биіктен камераға түсіреді. Көрермендер мен ат иелері өз жүйріктерінің қай тұста шауып бара жатқандығын «LED» экраннан қарай алады.
Думанды шарада «Ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылады. Шын жүйрікті жазбай таныған сыншыларға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Шоқай сыншы» және «Киікбай сыншы» атындағы арнайы жүлделер бар. Сондай-ақ, тойшыл қауымға арналған қымызмұрындық өтеді.
Аламан бәйге Астанадан 35 шақырым жерде орналасқан Целиноград ауданы, Қабанбай ауылында 11 қыркүйек күні сағат 11.00-де басталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды