САХНАНЫҢ СҮЙІКТІСІ

0 152

Ол туралы бір сөзінде белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Әйгілі сахна шебері Шолпан Жандарбекова оқуға қабылдаған қыздардың әдетте көрікті келері қашаннан көз үйренген заңдылық. Жүздері жарқырағандығы өз алдына, көбінің жандары нәзік келерін қайтерсіз?! Жанат Чайкина сондайлардың сапынан…» деген-ді. Иә, біз білетін сахна өнерінің хас шебері, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина – өн бойы әйел затына тән сұлулық пен нәзіктікке толы жан.

Шолпан апайдың шәкірті

Жанат апайды көрмей тұрып ол туралы көп естігенім бар. Қаллеки Театрында жұмыс істейтінінен хабардармын. Бірақ, неге екенін қайдам, көп спектакльдерде көріне бермейді. Білетінім, елордалық театрдың қоржынындағы небәрі бес-ақ спектакльде ойнайды екен. Байқағаным, бұл театрдың ұжымында театрды құрған топ және Алматыдағы «Әкем театрдан» келген топ бар. Ал, біздің кейіпкеріміз екеуіне де жатпайды. Ол Керекулік театрдан келген майталман. Көп көріне бермесе де, жарнаманы керек етпейтін актер. Өйткені, шын дарын иесі ешқандай мадақ-марапатты қажет етпейтіні бар. Керісінше, кей-кейде ұжымның аты сондай мықтылардың арқасында асқақтайды. Біздің кейіпкеріміз, сондай саңлақтың тап өзі. Жақында әртіс апайыммен дидарласудың сәті түсті. Аз-кем тілдесіп, Жанат Чайкина деген атақты әртістің Ертістен Есілге дейінгі жолда өткен өмірімен таныстым. Сұлулығының өзі біраз жазбаға арқау болардай жанмен әуелде кездесуге жүрексінген едім. Біраз адаммен тілдестім. Тіпті, арасында болмашы рөлдерін алға тартып, маңғазданып отыратын адамдарды да көрдік. Бірақ, сұхбаттасым мен ойлағаннан да биік болып шықты. Әуелгі сөзін «айналайын» деп бастады.

Өмірі қызыққа толы. Жанатқа дейін анасы Мақпуза дүниеге үш қыз әкеліпті. Оған дейін ішіндегі төрт бірдей шаранасы шетінеп кеткен. Анасы әулетті жалғайтын ұл туамын деп күтіп жүргенде Жанатын туды. Жанат кейін Аңсабай мен Мақпузаның аңсаған ұлы келді өмірге. Бала Жанат беске толғанда ата-анасы Павлодар қаласындағы алғашқы қазақмектеп-интернатына оқуға жіберді. Ол мектептің гүлі болды. Ән айтады, көркемсөз оқиды. Қаласаң би де билейді. Бір сөзбен айтқанда,өзін өнерге  бейімдеуді мектептен бастады. «Ерден атайдың ертегілерін» үзбей тыңдайтын баланың бойындағы ұшқынды музыка үйірмесінде сырнай тартатын Серік ағайы байқады. Екі көзінен айырылған ағайы көп баланың ішінде болмысы бөлек Жанатты «Жанна» деп атап кеткен.

70-жылдары өнерлі жастардың барлығы Алматыдағы эстрада студиясында оқығысы келетін. Ондай арман Жанатта да болды. Тіпті, батыл қыз бір күні қолына қалам алып, кішкентайымнан ән саламын. Әнші болғым келеді. Әнші болуым үшін қандай оқуға түсуім керек?» деген мазмұнда хат жазады. Онысын «Қазақ радиосына» жібереді. Бір күні интернаттағы балалар «Жанатқа Алматыдан хат келді» деп шулап жүр. Ашса радионың бұған берген жауабы. «Жанат, Алматыда эстрада студиясы бар. Сіздің хатыңызды сол эстрада студиясының директоры Гүлжихан Ғалиеваға бердік» делінген. Бірде, ағайы шақырып «Жанна, біздің облыстан он өнерлі баланы Алматыға әкетейін деп жатыр. Сені соған жібереміз. Барып, бағыңды сынап көр. Міндетті түрде қазақша ән айтатын бол» дейді. Сөйтіп, Жанат Алматыға аттанады. Бірнеше күн дайындалып, әр аймақтан келген он бала іріктеуге барады. Жанат та жаттап, дайындап келген екі әнін орындап берді. Қаз-қатар отырған ұстаздардың көзіне тіке қарауға ешкімнің батылы жетпейді. Сөйтіп не керек, әлгі төрде отырған қазылардың ішінен бір әйел Павлодардан он баланы бастап келген адамға «мына қызыңызды көрсетіңізші. Бері кел» деп шақырды. Жақын келген Жанаттың басынан сипайды. Сөйтсе, ең алғаш басынан сипаған апай Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы театр факультетінің мұғалімі Рабиға Қаныбаева екен. Әр баланы жеке-жеке тыңдаған ұстаздар оларға қайда бару керегін айта бастайды. Кезек Жанатқа келгенде Рабиға Қаныбаева «Чайкина, консерваторияның актерлік шеберлік факультетіне барасың» деп қалды. Оқуға түстім екен деп қуанып еді. Онысы бекер, сынақтың көкесі алда екен. Біршама уақыт дайындалған 150-ге жуық жас 10 орынға таласқалы тұр. Әйтеуір, бірнеше сынақтан сүрінбей өткен кейіпкеріміз оқуға түсіп, Шолпан Жандарбекованың класына қабылданды. Студенттік өмір қызыққа толы болды. Шолпан Жандарбекованың тобында кілең «сен тұр да, мен айтайын» деген дарындар жиналған-ды. Қазірде олардың дені мен-мен деген әртістер. Атап айтсақ, Алмахан Кенжебекова, Кендебай Темірбаев, Оразалы Ақжарқын, Әлімбек Оразбаев, Шәмшия Балтаева, Дүйсен Мұсабеков, Тілеген Ахметов сынды сахна өнерінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар.

Талдықорғанға тартқан жол

 Тап осы жастар консерваторияны бітірісімен Талдықорған қаласына барады. Жиырмаға жуық жастың онда барғандағы себебі – әне-міне ашылғалы тұрған театрдың шымылдығын ашу еді. Сол діттеген мақсаттарына жетті. Бірінен-бірі өткен өнерлі жастардың келуімен тыңнан құрылған театрдың аты асқақтап шыға келді. Алғашқы екі қойылымы Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мен В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» пьесалары болды. Жанат – «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» – Күнекей, «Бұлбұлдар түніндегі» – Инга рөлін сомдады. Бұл қос қойылым – консерватория бітіретін кезде қойған дипломдық спектакльдері. Бір қызығы, Баянның анасы Күнекейді ойнағанда Жанат небәрі 21 жаста болған. Өрімдей қыз салиқалы әйелдің образын алып шықты. Әрі онысы сәтті болды. Сахнаның құдіреті осы дерсің… Сол Талдықорған театрында табан аудармастан жиырма бір жыл еңбек етті. Осы жылдар ішінде қазақ, одан қалды шетел драматургтерінің айтулы пьесаларына жан бітірді. Төккен тері мен еселі еңбегі елеусіз қалмады. «Еңбек сіңірген әртісі» атағын берді. Ол кезде Жанат үш қыздың анасы. Өнер деп жүріп отбасындағы тірлікті ақсатқан емес. Бала тәрбиесіне жіті мән беріп отырды.

Өнерге, әсіресе, өзінің тұңғыш театрына деген адалдығы сонша атағы алысқа кеткен Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына бір емес, бірнеше мәрте жұмысқа шақырғанда бармай қалды. Қорыққаннан емес, әрине. Ашылуына өзі тікелей атсалысқан театры мен оның ұжымын – студенттік достарын қимағаны. Театрдан бөлек, киноға түсіп бағын сынап көрді. Нақтылай түссек, С.Жармұхамбетовтың «Өтелмеген парыз» фильмінде Әлимаш деген қыздың рөлін ойнады. Әнуар Молдабековпен бірге ойнаған киноны Жанат өміріндегі ең қызықты сәттің біріне балайды. Екінші киносы Т.Теменовтың «Қызғыш құс» фильмі болатын. Айта кетерлігі, сахнадан үнемі жағымды кейіпкерлерді сомдап, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, ел алдында жүрген актрисаға «Қызғыш құстағы» рөлі үшін кейіген адамдар да болды. Театрда қазақ әйелдерінің образын сомдап жүрген актрисаны жастықтың желігімен қадамын шалыс басқан Розаның образында қабылдай алмайтындарын айтты. Кейіпкеріміз оған ренжіген емес. Керісінше, оның өнердің бір жолы екенін айтып түсіндірді.

Үш мәрте үздік

 Жанаттың қазақ театрларында сомдаған рөлдерін санап шықтық. Басты рөлі бар, қосалқысы бар ұзын-саны 70-ке жуық образға еніп, сахнадан сонша адам болып сөйлепті. Ақтоқты, Шұға, Қарагөз, Күнекей, Еңлік, Қарашаш, Күнімжан, Шолпаннан бастап, бергісі Корделия, Күнімжан, Мария Стюарт, Ханума, Нұржамал, Жер – Ана, Медея, деп жалғаса береді.

Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы драма театрға барғанда да сол ұжымның бетке ұстар актрисасы болды. Тіпті, орыс драма театрында жүктелген рөлдерді орыс тілінде сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ол қатысқан спектакльдің бәрі ан- шлагпен өтетін. Қойылымнан соң құшақ-құшақ гүл көтеріп қайтады. Бұл – көрерменнің шексіз сүйіспеншілігі. Өнер адамы үшін, оның ішінде актер үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Бүгінгі көрермендер, оның ішінде жастар Жанат Чайкинаның елімізде әр жылдары өткен республикалық театр фестивалінің үш мәрте «Ең үздік актрисасы» атанғанын біледі ме екен? Нақты айтсақ, А.Сейдімбектің «Күзеуде» спектакліндегі Торғын, У.Шекспирдің «Сонеттер» моноспектакліндегі Ақын және Еврипидтің «Медея» спектакліндегі Медея рөлін асқан шеберлікпен орындағаны үшін үздік атанды. Тіпті, Чайкинаның шеберлігіне тәнті болған әйгілі режиссер Әзербайжан Мәмбетов Талдықорған театрына келіп Шекспирдің «Асауға-тұсау» спектаклін қойған.

Ондағы басты кейіпкер – Катаринаның рөлін Жанатқа берді. Актриса болса, көрермендер алдында режиссерді жерге қаратпады. Сенімді ақтады. Бұл бір ғана мысал. Сол сияқты талай сахна майталмандары- на өзін мойындатып, өнердегі өзінің орнын тапты.

Жанат Чайкинаның елорда театрына келгеніне де бес жылға жуықтапты. Әңгіме арасында Астанаға алғаш келгендегі сәтін есіне алды: «Алғаш келгенде маған бұл қала жат көрінді. Ортаны айтпағанда, сахнаның өзі мені жатсынғандай. Мен де біраз жатырқадым. Егер қызым болмағанда, жылы орнымды суытпай Павлодардан келмес те едім. Кіші қызым Ақнұр осы – елордада оқыды. Баламды  «Мен, жатақханаға жаутаңдатпай, осында келдім. Қызым оқуын тәмамдап, маман атанды. Қаладағы белді мекемеде жұмыс істейді. Елдің ертеңі үшін еңбектеніп жүр. Одан басқа екі қызым тұрмыста. Немерелерім бар. Сүйікті кәсібім мен балаларымның қызығын ештеңеге айырбастағым жоқ».

Әр адамның жанды жері болады. Біздің кейіпкеріміз Жанаттың жанды жері бар. Ол – өнер деп аталады. Өйткені, ол сахнада ойнаған әр рөліне жанын салды. Қазақтың дархан даласы дарытқан дарынын тек сахнаға арнады. Жасында жарғақ құлағы жастыққа тимей театрдың отымен кіріп, күлімен шықты. Театр – оның өмірінің мәні. Қуанышы мен қайғысын да сол сахна- мен бөлісті. Қуаныштысы, сол төккен тер зая кетпеді. Бүгінде ол қазақтың ардақты қызының бірі. Қазақ театрының тарихында қолтаңбасын қалдырды. Әрі ол қолтаңбалар саны әлі де арта бермек. Тек, Алла амандық берсін. Саналы ғұмырын сахнаға арнаған Жанат апайдың кәсіби шеберлігін мінсіз мойындаған көрермендері оны қашан да төбелеріне көтеріп, құрмет көрсететіні анық. Өнер адамы үшін ешбір өлшемге келмейтін бақыттың бірі де осы құрмет болмақ…

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 13 =