САХНА СЫРТЫНДАҒЫ СЫР

0 163

«Астана опера» театрында үш күн қатарынан қойылған әйгілі композитор Дж.Вердидің «Травиата» операсының премьерасы көпке дейін есте қалары анық. Өйткені, Хеннинг Брокхауз сахналаған операда қолданылған орасан зор айна бар көріністі сан қырынан ашып, қойылымға жаңаша серпін берді. Бұл көрермендерді таңғалдырып қана қоймай, операны әдетте көріп жүрген мелодрамадай емес, автордың ойластырғанындай етіп қабылдауға жетеледі. Тамашалағандар жанды баурайтын «Травиатаның», көздің жауын алар сахна әсемдігінің куәсі болды. Ал, мұның бәрі – тыңғылықты дайындықтың нәтижесі. Сахна сыртындағы сол ізденісті аз-кем баяндайық…

– Біз стансада ұзақ тұрдық. Автобусқа мінгенде, ол: «Бастысы – декорациялардың музыкамен үйлесуі. Әуен үдеген кезде кеңістік қозғалып, ұлғаятындай, ал музыка тыйылғанда жоғалатындай етіп кеңістікті ойнату қажет. Айнаны жасап беремін» деді, – режиссер Хеннинг Брокхауз аса көрнекті сценограф Йозеф Свободаның сөзін осылайша еске алды.

Режиссердің айтуынша, қойылым идеясы музыканы тыңдай отырып, мұқият сараптағаннан кейін ғана туған. Дюманың романындағыдай алдымен Виолеттаның өлімін бейнелеу керек деп шешілді. Яғни, оқиға өткен күндер естелігі арқылы өрбіп отырады.

Суретші-сәнгер Джанкарло Колис «Травиата» буржуазиялық қоғам өнегесінің жасанды екенін аша отырып шынайы өмірді баяндаса да, құдды бір ертегідей лирикалық опера болып қала бермек деп есептейді. Колис атақты суретші Джованни Болдинидің сезімге толы талғампаз суреттерінен әсерленіп, өз костюмдерінің жобасы дәл сол мезетте ойға келгенін жасырмады. «Травиатаның» басқа қойылымдарында хор әртістері ұқсас келсе, мұнда әр әнші Виолетта мен Альфред мінезінен сыр шертеді» дейді ол.

Джанкарло Колис жарықта әдемі көріне түсетін өте жеңіл әрі барынша жылтыр маталарды пайдаланды. Ақша бұлттай үлпілдек келетін көйлектердің арқасында тұла бойдың сұлулығы айқындала түседі. Ерлер киіміне келсек, күнделікті киетін киімнің сан түрі ұсынылатын болса да, «Флора үйіндегі сауық кеші» көрінісінде классикалық қағидаға сай фрак киілетіні ойластырылған.

Дж.Колистің ең сүйікті костюмі Виолеттаның көйлегі екен. Көйлектің ақ матасынан қолын алмай: «Мен оған үнемі жаңа бейне ойластырамын. Бұл жолы Виолетта жанының тазалығына баса назар аударамыз. Көйлегі жанды баурайтындай аппақ болады. Әйтсе де, той көйлегі болмағандықтан, оқиға желісіне сай мен оған қара шілтерден ендірме тіктім. Екінші актта Виолетта қайтадан жезөкшелік жолға түскенде, бұл көйлекке ақшыл көк рең кереғар пікір тудыратын болады» деп түсіндірді суретші. Операны тамашалаған болсаңыз, жұқалаған әр белгі әу бастағы қызметін ойдағыдай атқарғанын мойындайсыз.

Костюмдерден бөлек, операда қолданылатын реквизиттер де маңызды. Қуыршақтарға бірден әйелдердің назарын аударса, карта мен купюралар ерлер қауымының қызығушылығын тудырды. Алайда, бәрінен бұрын қанттан жасалған стақандар көргендерді селт еткізді. Құштарлыққа бой ұрған кейіпкерлер оларды алақанында уатады. Бұл – театрлық-техникалық қулықтың бір түрі, есесіне қолға зақым келмейді. Кейін бокалдың сынықтарын қайта құйып, қалпына келтіруге болады. Олар ұзаққа жарайды екен.

Спектакльге қатысу үшін Италиядан ұшып келген Симон Пьяццола – Жорж Жермон рөліне асқан байсалдылықпен қарайды. Аталған кейіпкерді ол 130 рет сомдады, алайда, сахнаға шыққан сайын кейіпкер бойынан жаңалық іздейді. «Психологиялық тұрғыдан алғанда оны орындау қашанда қиын – Жермон әке ғана емес, ол арасында нұсқау беретін командир» деді әнші репетиция басталмай тұрып. Сондай-ақ ол: «Жорждың партиясын орындауым қазақстандық көрерменнің жүрегінен орын алады деп үміттенемін» деген болатын. Айтқандай-ақ, тыңдаушылар зор қошеметін білдіріп жатты.

Виолеттаның партиясын орындайтын Екатерина Баканова (Ресей) болса: «Кейіпкеріме ерекше көңіл бөлемін. Кезінде жезөкшелер Грекияның гетералары, жапондық гейшалар сияқты өз заманының оқыған әйелдері саналғанын айта кету керек. Бұл әйелдер шет тілін меңгерген, өзге елдің мәдениетін білетін, әдебиетті жете оқығандар болатын. Еркек атаулы – мейлі бай, мейлі жарлы болсын осындай серігі болғанын қалаған. Кейіпкеріме тән эмоциялар менің де жаныма жақын. Аталған қойылым көрерменге ұнайды деп ойлаймын, біртума, бояуы қанық, драмалық тұрғыдан терең шыққан спектакль бүгінде әлемнің үздік сахналарын аралап үлгерді. Мен бұған дейін де Х.Брокхаузбен жұмыс істедім. Ол өзінің стиліне, көзқарасына берік. Әр қойылымында өзіндік қолтаңбасы көрінеді» деген пікірін білдірген еді.

Айтпақшы, салмағы тоннадан асатын айнаның басты құпиясы қойылым соңында ғана мәлім болды – айна залға қарай бұрылып, көрермендер өздерін көру арқылы операның куәгері ғана емес, оның қатысушылары болғанын айқын сезінді.

 

Салтанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + three =