САХНА КИІМДЕРІНІҢ КӨРМЕСІ

0 369

сахна киімдері

«Астана Опера» опера және балет театрының мұражайында «Сахна шежіресі» деп аталатын ерекше көрме ашылды. Көрмеге Қазақстанның опера және балет өнерінің көрнекті қайраткерлерінің тарихи театрлық костюмдері мен фотоматериалдары қойылды.

Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Еркеғали Рахмадиев, Роза Жаманова, Мыңжасар Маңғытаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы сынды өнер тарландарының сахналық киімдерін көре алады.

Театр мұражайының меңгерушісі Априза Құсайынованың айтуынша, бұл костюмдер мен тұрмыстық бұйымдар, жұмыс құралдары әртістерден қалған естелік, солардың көзі. Олардың есімдері сахна шежіресіне жазылып, өскелең ұрпаққа мұра болып қалады. Бұл заттар өткен күннің белгілерін сақтайды.

«Біз бүкіл Қазақстанның опера және балетіне тікелей қатысы бар экспонаттарды жинап, театрдың қорын құруды ұйғардық. Театрлық костюмдерді, мұражай құжаттарын, фотоматериалдарды ақпан айынан жинай бастадық. Тек солистер ғана емес, жалпы еліміздің опера және балетінің қалыптасуына ықпал еткен барлық қайраткерлер жайлы да материалдарды жинаймыз», – дейді ол.

Аталмыш мұражайға Абай атындағы опера және балет театры белгілі өнер қайраткерлері бейнеленген 11 картинаны және олардың сахнада киген костюмдерін сыйға тартыпты. Бүгінде мұражай қорында 21 театрлық костюм және мыңнан астам фотоматериалдар бар.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − seventeen =