Сағыныштың лебі ескен…

0 10

Елордадағы «Has Sanat» галереясында танымал қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Марат Бекеевтің «Жердегі аспан» атты көрмесі өтуде. Көрмеге талантты суретшінің кейінгі жылдары салған бірнеше жұмыстары қойылды.

Суретші Беларусь мемлекеттік театр және көркемсурет институтының кескіндеме факультетін бітірген. Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Австрия, Бельгия, Голландия, Тәжікстан, Қыр­ғызстан және өзіміздің елде өткен бірқатар көрмелерге жұмыстары қойылған. Отыз­дан астам жеке көрмесін өткізген. Қазақстанның тәуелсіз меценаттары таға­йындаған «Тарлан» сыйлығын иеленген.
Қылқалам шебері символизм жанрында жұмыс істейді. Әсіресе оның балалық шағынан сыр шерткен туындыларынан сағыныштың жылы лебі еседі. Мәселен, «Күн» деген картинасында ауылдағы мамыражай бір көріністі көркем бейнелеген. Есік алдындағы пеште жас келіншек бауырсақ пісіріп жатса, үйдің бір бұрышында кекілі желбіреген екі бала қазаннан енді түскен бауырсақ жеп отыр… Осы бір бейнелі суретті көргенде жүрегіңізді нәзік мұң билеп, алыста бұлдырап қалған балғын кезіңіз көз алдыңызға келеді. Сондай-ақ «Кеш», «Пештің жанында», «Тыныштық» деген жұмыстары да сыршылдығымен, тазалығымен тәнті етеді. Марат ағаның «Күн батарда», «Қарғаның үйшігі» секілді суреттері адамды философиялық ойға жетелейді. Бұл туындылардың да бояуы қанық, әсем өрілген. Одан суретшінің ішкі әлемін танисыз.
Белгілі өнертанушы Баян Барманқұлова қылқалам шеберінің шығармашылығы туралы айта келіп: «Суретші өз композицияларына «Өлең», «Әуен» атты күтпеген атаулар бергенді ұнатады. Бір жағдайда ол парафразды поэтикалық, екіншісінде музыкалық шығарма жасауға тырысады. Оны дауыстың және әуеннің дыбыстары деп айтуға болады. Оның алдында Чюрленис, Кандинский, Мондриан болды. Алайда Бекеев өзіне тән сезімдердің, эмоциялардың, идеялардың баламасын іздейді. Кейде ассоциативті тізбектер айқын болады. Кейде көрермен пайда болған шифрлардың, белгілер мен символдардың құпиясын авторға қалдырып, кескіннің сұлулығына таңғалады. Дегенмен біз осы керемет пейзаждарды ұнатамыз» деп жоғары бағалайды.
Қысқасы, дарынды суретшінің көрмесіне келу­шілер қылқалам құдіретінің сырлы сырына терең бойлады деуге болады. Айта кетейік, көрме 30 қаңтарға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 14 =