САҒЫНДЫРҒАН АСЫЛДАР

0 114

bez-rroo1

Жуырда қолымызға «Сағындырған асылдар» атты кітап түсті. Кітап атауы мен мұқабасындағы бар қазаққа аяулы бейнелер жүрекке жылылық ұялатып, мазмұнына жетелей жөнелді. Мұнда ерке Есіл бойында әсем елорда орнағалы қаланың рухани тұрғыдан кемелденуіне, шын мәнінде Астана атына сай болуына өлшеусіз үлесін қосқан, өкінішке қарай, қазір өмірде жоқ тұлғалар туралы пайымды толғамдар жинақталған.

Астана қаласы әкім­дігінің қол­дауымен өткен жылдың соңында жарық көрген қалың томдай бұл еңбекті өзіміздің «Астана ақшамы» газетінің бұ­рын­ғы бас редакторы, ҚР Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Жұмагүл Саухат құрастырды.
Аса көрнекті жазушы Сәкен Жүнісов, қаламның қарымы мен ғалымдық алымын қатар танытқан Рым­ғали Нұрғалиұлы мен Ақселеу Сейдімбек, сахна саңлағы Әзірбайжан Мәм­бетов біз Астанаға келгенде фәни сапарын тәмамдаған еді. Ал кітап­тың өзге ке­йіп­­кер­лері – композитор Ер­ке­ғали Рахмадиев, ірі қалам­гер­лер Дүкенбай Досжан, Нұрғожа Ораз, «жезкиік» ақын Кәкімбек Салықов, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, ұлттың абы­зындай болған жазу­шы Әбіш Кекілбайұлы және белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай секілді тұлғалармен кездескен жер­де амандасудан әріге аса алмадық. Бұл кісі­лер­мен сұхбатқа әде­ті­мізше ұзақ дайындалып жүр­ге­німізде, олар бақиға кө­шіп кете барды. Көздері барда емен-жарқын әңгіме құра алмағанымызға әлі күнге дейін өкінеміз.
Амал қанша, қазақ руха­ниятының бұл алыптары туралы енді өткен шақта ғана жазуға мәж­бүр­міз. Қолдан келгенше жазып та келеміз. Газе­тіміздің көзі қарақты оқырман­дары жыл басынан бері биыл­ғы мерейтойларына орай жарық көріп келе жат­қан Әшірбек Сығай, Кәкімбек Салықов туралы және Нұрғожа Ораздың дүниеден өткеніне бір жыл толуына арналған мақа­лаларды оқыған да болар. Бұл үрдісті, бұйыртса, әлі де жалғастырамыз. Себебі осы қатардағы бір­неше тұл­ғаның 75, 85 жыл­дық­тары ағымдағы жылдың еншісіне тиіп тұр.
Осылардың қай-қай­сысы болсын ұлттық әде­биет, мәдениет, өнер, ғылым салаларына ерен еңбек сіңіріп, Астана­ның өркениет биі­гіне кө­те­рілуіне барын салды. Олардың есімдерін елдің есінде мәңгіге қал­ды­ру мақсатында да қалада бір­шама жұмыстар атқары­лып жатыр. Мәселен, Рым­ғали Нұрғалиұлының атына мектеп беру мәселесі бекітілуге таяу. Ақселеу Сейдімбектің атымен да орта білім беру орнын атау күн тәртібінен түскен жоқ. Әзірбайжан Мәмбетовке жуырда көше берілді. Фариза Оңғарсынова тұр­ған үйге мемориалдық ес­керткіш тақта орнатылды. ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Дүкенбай Дос­жан атындағы «Жазушы» залы жұмыс істеп тұр.
Әрине, мұнымен барлық жұмыс аяқталды деп ай­туға болмайды. Халықта өмірден өткен тұлғаларға деген са­ғы­ныш бар. Сол сезімді «Са­ғындырған асылдар» кітабы сәл де болса басатын сияқты. Оны шығарудағы мақсат пен алда атқарылар істер ауқымы жайлы кітап­тың алғысөзінде айтылады.
«Бұл – еңбек тарихи тұл­ға­ларға ұлттық құр­меттің көрінісі, Аста­на­ның сол асылдарға деген сағы­ныш­­қа толы ілти­паты. Ал­дағы мақ­сат – алып аза­мат­­­тары­мыз­дың рухына тағзым ету, олар­дың мәңгі­лікке қал­дыр­ған мәнді еңбек­те­рін, қазыналы мұра­ла­рын жас­тардың рухани қазы­на­сына айналдырып, ұрпаққа жеткізу. Ұлты­мыз­­дың төлқұжатына ай­­нал­ған тұлғаларды әс­пет­­­теп, ұлық­тай берейік, баға­лай білейік!» дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Өткінші дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Ел болып, ұлт болып ұйысып, алға баса беруіміз үшін осындай тұлғалардың үлгісі мен өнегесін ұстану бізге ауа­дай қажет. Кітап осынысымен құнды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 5 =