«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Сағындым, апа, даусыңды»

0 952

Кезінде Сәбит Мұқанов:
«Киіктің үйірілген лағындай,
Ойнақшып тәтті
әндерге басуын-ай!
Таулардан, өзендерден, мұхиттардан,
Үнінің кідірместен
асуын-ай!..» деп жыр арнаған Алты Алаштың аймаңдай аруы Роза Бағланованы еске алу кеші елорда төрінде өтеді. Ғұмырында сахнамыздың сәні болған Роза Тәжібайқызының салған әндерін еліміздің әйгілі әншілері шырқап, әнші рухын жаңғыртпақ. Осындай тағылымды кешті ұйымдастырушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қуаныш ӘБДІҚАЛЫМОВПЕН жолығып, аңыз апамызды еске алған едік.

15 қараша 19:00 «Қазақстан» орталық концерт залы. «Сағындым, апа, даусыңды» атты КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованы еске алу кеші өтеді.

– Мен 1967 жылы қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен «Қазақконцерт» өнер ордасына қызметке орналас­тым. 1970 жылы Мәскеуде атап өтілетін Лениннің 100 жылдық мерейтойына орай Роза апайымыздың бригадасы гастрольдік сапарға шығатын болды. Ол кездегі «Қазақконцерттің» директоры Александр Чернешов деген азамат шақырып алып: «Роза Тәжібайқызы сені өзімен бірге сапарға шығуыңды сұрайды, сондықтан дайындал» деді. Мен күтпеген қуаныш еді бұл. Әйгілі Роза апаймен бірге жүру, Мәскеуде өтетін үлкен жиынға қатысу… әрине, мені үлкен қуанышқа бөледі. Концерт тамаша өтті, он бес одақтас елден келген өнердің кілең ығай-сығайлары, игі жақсылар Роза Бағлановаға орындарынан тік тұрып, қошемет көрсеткенінің куәсі болдым. Мәскеуден абыроймен оралдық, өңіріне медаль тақты. Сол жылы әншімен бүкіл Одақты аралап, концерт бердік. Мен – конферансьемін. Осыдан кейінгі сапарларда да апамыз мені үнемі қасынан қалдырмайтын. Америкаға дейін бардық қой.
Әсіресе, егемендік алғаннан кейін мен Роза апамның концерттерін ұйымдастыруда басы-қасында болдым. Ал 1991-1992 жылдардағы қиын кездерде екеу­міз мектеп аралап кеттік. Сонда 25 теңгеден билет сатамыз, ол ақша қалтамызға түспейді, тапқан табыс «Қазақконцерт» қажеттілігіне жұмсалады.
– Қазіргі жастардың жадында жоқ шығар, Роза апамызды өзбек ағайындардан қайтарып алғандай жағдай болғаны айтылып жүретін…
– Роза апай мектептен соң, Қызылорда педагогикалық институтына түскен екен. Кенеттен әкесі қайтыс болып, жағдайлары қиындайды. Сөйтіп, студенттеріне жатақхана мен тамақ беретін Ташкенттегі тоқыма институтына ауысыпты. «Үйдің тірлігін жасай жүріп, ән салушы едім. Бірде есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?» деп іздеп келді. Ол Кари Якупов әка еді. Сол кісі менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашты. Әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. 1941 жылы Мәскеу консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті. Сол ансамбльмен Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатыстым» деп айтатын.
– Әнші апамыздың Өзбекстаннан елімізге келуіне тікелей себепші болған ақын Жұбан Молдағалиев деп жатады, сол рас па?
– «Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келдім. Әкемдей қамқоршы болған біртуар азаматтың жақсылығын ұмытпаймын» дейтін апамыз. Тіпті Роза апайдың 1949 жылы жастар мен студенттердің Будапеште өткен II Халықаралық фестиваліне қатысуына да Жұбан аға қамқорлық жасапты. Сонда ғой, әйгілі «Ах, Самара-городокты» айтып, бас бәйгені алғаны.
Роза апай Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында, ал 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясында әнші болып қызмет етті. Ал кейінгі 50 жыл ғұмырында «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігімен байланысын үзген жоқ.
– Әншінің сыйласқан аға-інілері туралы тағы не білесіз?
– Алматыдағы Фурманов көшесіндегі «Оптика» дүкені бар көп қабатты үйде Шәкен Аймановпен көрші тұрды. Роза апай қуырдақты, палауды баптап, дәмділеп пісіретін. Сонда Шәкен аға «Розаның қуырдағы мен палауы-ай» деп тамсана жейтіні есімде. Сосын Шәмшіні ерекше құрметтеді. Ол кісі «Мені композитор еткен – Роза апай» деу­ші еді. Шәмші әндерінің сиясы кеппей тұрып, алдымен Розаға тыңдатып, орындататын. Қазақ радиосының алтын қорында әншінің 400-ден астам әні сақталып қалды, солардың 60-70 пайызы – Шәмшінің әндері.
– Біз Роза апайдың сахнадағы бейнесіне жастайымыздан таңдана қарап, оның талғамына тәнті болып жүрдік. Ал сахнадан тыс кезінде апамыз қандай еді?
– Иә, апайдың болмысы бөлек-тін. Сахнаға киетін киімдерін өзі таңдаған үлгісімен тіктіретін. Үйде де, түзде де талғаммен киініп, әдемі жүретін. Көптеген шет елдерде болдық, сонда ол кісі қазақтың қос етек дүрия көйлегін, қынама бел қамзолын, үкісі бұлғаңдаған тақиясын киіп, жарқ етіп, сахнаға шыға келгенде жұрт ду етіп қол шапалақтайтын. Бірде Ұлыбритания елінде бір үлкен басшы: «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады» деді. Ал сахнадан тыс кезінде апамыз мүлде қарапайым еді, бауырмал болатын… Төңірегіндегілерді «айналып, толғанып» жүретін.
– Қуаныш Өтешұлы, сөзіңіз аузыңызда! Апамыздың Елбасыны «Ақпатшам!» деп сыңғырлай айтқаны өзіне жарасушы еді. Сұрастырғанымда әншінің туған жерінде жақсы көретін інісін осылай еркелетіп айтатын дәстүр бар екен. Елбасы да жақсы апасына ықыласты болған болар?
– Айналасындағыларға ерекше ықыласы мен мейірім-шуағын аямайтын апам мені «Қуантай» деп өтті. Елбасыны «Ақ патшам» деп атаса, үлкендіктің реті мен жөні сол болатын. 1996 жылы Роза Бағланованы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманы» атағымен марапаттап, сол жылы Алматыдағы «Самал-1» ықшам ауданынан төрт бөлмелі пәтер берді. Сол пәтері әнші көз жұмғаннан бері жабық тұр. Алдағы уақытта мұражайын ашып, ірі қалалардағы көшелерге, өнер ордаларына есімін беру сынды шараларды қолға алмақпыз.
– «Тоқсанға келгенше ән саламын» деп, қазақ сахнасының еркесі болған апамыз армансыз кеткен болар?
– 2007 жылы Роза Тәжібайқызы 85 жасқа толғанда туған өңірі – Қызылордаға барып, аудан-аудандарды аралап, концерт берді. Сол кездегі облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жасы келген апасына: «Концертті тек Қызылордада беріңіз, оған бүкіл аудандардан өкіл шақырайық» дегеніне көнбей, Жаңақорғаннан бастап, Аралға дейін ән салып өтті. Өзі айтқандай, ән сала жүріп, тоқсан жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Жарқыраған жүзіне қарап, армансыз деп ойлайсыз. Алайда жүрек түкпірінде кеткен сыры маған ғана мәлім…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды