САҒАН ДЕГЕН МАХАББАТ СҮЙЕГІММЕН КЕТЕДІ

0 189

Жарым Дүкенбай Досжанның рухына

Бүгін саған өмір таңы атпады,

Жол үстінде тиді ажал оқтары

Ұлтты сүйген ұлы жүрек тоқтады!

Алты алашың аңырап кеп жоқтады,

 

Тірлігіңде отта тұрған қазандай,

Қайран басың қайнайтұғын маза алмай.

Сансыз ойды отырушы-ең сапырып,

Шабытыңды шақырушы ең азандай.

 

Қазағыңның тарихына көздеген,

Тұңғыш рет түрен салдың сөзбенен.

Ұлтты әлемге таныстырған тұлға едің,

Енді міне орамақпыз бөзбенен.

 

Біреу тілдеп, біреу күндеп тірлікте

Өтті өмірің, қысқа екенін білдік пе.

Аза тұтып жатыр қазақ даласы,

Дүниеге келсең-дағы «Бірлікте».

 

Даңқ пен дақпырт жатып алып жолыңа,

Жүруші едің жұлдыз қонып жалыңа.

Дүниеден өте шықтың  Арысым

«Өлмейтұғын сөз қалдырып соңыңа».

 

*  *  *

Ең соңғы рет!

Ең соңғы рет өзіңді,

Көріп тұрдым, қайғыға орап сезімді.

Жан дүнием жатты өртеніп, күл болып,

Өмірдегі ең бақытсыз кезім бұл.

 

Ең соңғы рет,

Маңдайыңнан өптім де,

Жанарымнан ыстық жасты төктім де,

Жүрегімнен үзілгендей бір перне,

Төсегіңнің бас жағына шөктім кеп.

 

Ең соңғы рет,

Қолдарыңды сүйдім де,

Мені сүйген жүрекке бас идім де,

«Бақыл бол!» деп сыбырладым амал жоқ,

Айта алмадым бірақ «мәңгі қидым» деп.

 

Ең соңғы рет!

Ең соңғы рет қарадым,

Ұйықтағандай, жұмулы тек жанарың.

Маған қазір тіл қататын сияқты,

Қимастықтан ішім жанып барамын.

 

Ең соңғы рет!

Жүрегімді жандырып,

Иесіз боп қалғандаймын, қаңғырып.

Ал сен болсаң басқа әлемге аттандың,

«Өлмейтұғын артыңа сөз қалдырып».

 

*  *  *

 

Басыңды тіккен бәйгелер бермей жүлдеңді,

Арманды қуып, арқардай ауып жүргенде

Танысып едік, жазмыштың бар ма жазуы,

Таныстық-тағы табыса кеттік бір демде.

 

Ал содан кейін, көшіміз өрге бастады,

Ашылды сенің қара бұлт басқан аспаның.

Оңтүстікті аңсап, қиырдан жеткен құстардай

Оралды қайта бытырап кеткен достарың.

 

Тарихты қазып, толқыта жазып жүр едің,

Тұңғыш баламдай, үстіңде еді тілегім.

Жарты ғасырды тартыспен жүріп өткізіп,

Тоқтады бірден ұлтыңды сүйген жүрегің.

 

*  *  *

 

Көріп көңіл айтады кез келгендер,

Келіп көңіл айтады көз көргендер.

Бәрі сені еске алып есіркейді,

Таңырқап сәт сағатың тез келгенге.

 

Кітабыңның қисапсыз оқырманы

Хабарласып, хат жазып жатыр әлі.

Адам түгіл өсірген күшігің де

Сені күтіп қақпада отырады.

 

Немере де, бала да сағынады,

Қайтеді енді тағдырға бағынады.

Сүйген жарың сен үшін Жаратқанға

«Қателігін кешір!» деп жалынады.

 

Сен кеткелі таң атса, күн батпайды,

Бір сағыныш жанымды құндақтайды.

Сенің бейнең жымиып жылы ғана

Көз алдыма тұрып ап, тіл қатпайды.

 

*  *  *

 

Биыл күздің ғажабын-ай,, ғажабын!

Құстар көкте салып жатыр наз әнін.

Алтын сары көйлек киіп ағаштар,

Жапырақтар сыбырлайды ғазалын.

 

Жер аударып көктен Күннің назарын,

Аймағымның нұрға бөлеп ажарын.

Егіні де, жемісі де мол болып,

Сапырады берекенің қазанын.

 

Биыл күздің ғажабын-ай, ғажабын,

Осы күзде тарқап менің базарым,

Осы күзде сыңарымнан айрылып,

Кім ойлаған аққу жырын жазамын.

 

Көп адасып бірін-бірі іздеген,

Сары күзде танысып-ек біз деген,

Қоштасуға үлгере алмай дүние-ай,

Кетті жарым ғажайып сол күзбенен.

 

Ғажап күзді көре алмады ғашығым,

Жүрегіне түсті ме оның жасыны,

Кетті жанып, ұлттың жоғын түгендеп,

Алты Алашы ардақтаған асылым.

 

*  *  *

 

Сырға толы жүрегім,

Мұңға толы жанарым.

Сағыныштың бір емін

Таппай күйіп-жанамын.

Алатауды айналып рухың ұшып жүрме деп,

Алматыға сен қалған қайта-қайта барамын.

 

Сенің ізің бар ма деп,

Көшелерді шарладым.

Тәтті қызыл алма жеп,

Тәтті жырлар арнадым.

Мені сүйген жүрегің тілге келмей тоқтады,

Қоштаса алмай армандап, қайғы шегіп зарладым.

 

Сенсіз апта зулайды,

Сенсіз айлар өтеді.

Түн ұйқымды ұрлайды,

Сағыныштың жетегі…

Жылдарменен жарысып, сен деп соғар жүрегім,

Саған деген махаббат сүйегіммен кетеді.

 

*  *  *

Басыңа келдім,

Топырақ көрдім үюлі.

(Ешқандай сөзбен жеткізе алмаспын күйімді)

Махаббат ұшып, жалғыздық құшып,  көзімнен

Нөсерлі жасым кеудеме менің құйылды.

 

Басыңа келдім,

Қада тұр жалғыз қағылған.

Аты-жөнің мен өмір сүргенің жазылған…

Арысым менің, айрылып тұрып сенбеймін,

Сен жатыр десе мына бір жерде қазылған.

 

Басыңа келдім,

Тып-тыныш екен айнала.

Топырағыңды алып, күбірлеп тұрмын жәй ғана

«Тіршілігіңде тыным алмай бір кетіп ең,

Жәннетте болғын, артыңдағыны ойлама…»

 

*  *  *

 

Сен жатқан бөлме,

Сен жатқан төсек бұйырды.

Өткенді еске ап, жүйкені біраз шиырдым

Сен жүріп-тұрған бөлмеде жатып, дүние-ай,

Сен жоқ деп ойлау қиыны екен, қиынның.

 

Қабырғаларға иісің сіңіп кеткендей,

Еденде ізің, дәл жаңа басып өткендей.

Терезелердің әйнектері де, дүние-ай,

Тек сені айтып, махаббат сырын шерткендей.

 

Сағыныш буып, жас парлап тұрып көзімнен,

Әр затты ұстап, қолыңның табын сезінем.

Өзіңнен басқа не керегін де білмеймін,

Армансыз едім, армансыз едім өзіңмен.

 

*  *  *

 

Бүгін біздің некелескен күніміз,

Қабыл алып бірімізді-біріміз,

Арманымыз бір арнаға тоғысып,

Бір жүректен естілді де үніміз,

Осы күннен тағдырымыз қосылды,

Тіршіліктің даңғылымен жосылды…

Шаттық пенен қуанышты асырды,

Өкініш пен күйінішті жасырды.

Жақсы-жайсаң адамдармен дос етті,

Ал, біреулер боратқанмен өсекті

Екі жаққа бөліп тастай алмады,

Сен екеуміз бас қосатын төсекті…

Көп қиындық көргенде де жасымай,

Алла бақыт бергенде де тасымай,

Бір адамға айналғанда бір сәтте

Айырылысамыз деген бе едік осылай?!

Шаңыраққа түсті ажал шақпағы,

Қыркүйектің таңы саған атпады…

Ширек ғасыр алақанда аялап,

Мені сүйген ғазиз жүрек тоқтады.

Отбасыма орнатып кеп түнекті,

Содан бері төрт ай, он бес күн өтті

Жырыммен де жұбата алар емеспін,

Сені сүйген гүлден нәзік жүректі.

Бүгінгі күн некелескен күн еді,

Қан жылайды сыңар аққу жүрегі…

Асыл бейнең гүл әкеліп тұрмайды,

Маң-маң басып тек түсіме кіреді…

 

*  *  *

 

Қарап тұрсың…

Махаббатпен мөлдіреп,

Мынау жарық дүниеге елжіреп,

Ең соңғы рет түскен бейнесі еді,- деп,

Әкеп берді әріптесің Бердібек.

 

Қарап тұрсың…

Ешнәрседен бейхабар.

Емес тіпті ауруың да байқалар.

Күш-қайраты көздерінен көрінген,

Кім ойлаған деп өзіңді жай табар.

 

Қарап тұрсың…

Ешбір қауіп жоқ тіпті.

Көңілің тұр жақсылықтан боп күпті.

Кім ойлаған апта өтпей арада,

Ажал ұрлар деп біздегі шаттықты.

 

Қарап тұрсың…

Дүниеге тамсанып,

Құшағына орап алып сал шабыт,

Жүруші едің қаламыңды суытпай,

Жазылмаған жазу қалды қаншалық…

 

Қарап тұрсың дүниеге тамсанып…

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + ten =