САФ ӨНЕРДIҢ САЛТАНАТЫ

0 171

«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫ КӨРЕРМЕНДЕРГЕ ҮЛКЕН ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

лого-1015x1024Мереке аты – «Жібек жолы» І халықаралық фестивалі. Фестиваль бағдарламасы қомақты. Көпшілік сүйе тамашалайтын, әлемде ең жиі қойылатын Чайковскийдің «Аққу көлі», Прокофьевтің «Ромео мен Джульеттасы», Хачатурянның «Спартагы»… Бұрын Қазақстанда қойылмаған Вагнердің «Рейн Алтыны» мен «Валькириясы». Оған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасы» мен Пуччинидің қос операсы – «Тоска» мен «Богеманы» қосыңыз. Тенор үшін де, сопрано үшін де Пуччиниді орындау аса қиын екенін көзі қарақты көрермен біледі. Ал, Б.Эйфманның «Қызыл Жизелі» – бөлек әңгіме. Бұл – қазіргі балет әлеміндегі ең шоқтығы биік дүниенің бірегейі. Осының бәріне ән өнерінің падишасы Бибігүл Төлегенованың және Қытай өнерапаздарының концертін қосыңыз. Ал, фестивальге қатысушылар кімдер дейсіз ғой? Бағдарламадан байқағаныңыздай, өзіміздің қос театрдан бөлек фестивальге Ла Скала театры мен Мария театры келгенін қуанышпен айтуға болады. Олар үшін сонау Милан мен Санкт-Петербургке ұшақпен де барып келуге болады. «Астана Операның» арқасында атақты театрлардың әйгілі қойылымдарын үйде отырып-ақ көруге мүмкіндік бар.

Күні кеше Нью-Йоркте Пласидо Доминго өткізетін «Опералия» фестивалінде бірінші орын алған Марио Чанг: «Гватемаладан кету қиынға соқты. Себебі, менің Отанымда опера театры жоқ» деп ағынан жарылды. Таңғажайып талант иесі Марио Чангтың жанында біздің өнерпаздар, шынында, бақытты.

Әдетте театрлардың іші қаңырап бос тұрады дегенге үйреніп қалған жұрт «Астана Операға» билет таппай жатады. Расында, театр табалдырығынан аттай бере  басқа бір әлемге тап боласың. Қойылымдарының қай-қайсысы да деңгейлі. Декорациялары бай, арзан-құрзанның иісі де жоқ. Адамдардың бәрі сұлу киінген, әдеппен сөйлейді, қатты күлмейді, көрінген бұрышта суретке түседі. Рас, «Астана Операға» бару тренд болды. Біз оған қуанбасақ, қынжылмаймыз.  Өйткені, театр адамға арман сыйлауы керек.

Бірінші күн. Дж. Пуччини, «Тоска»

Операдағы жағымсыз кейіпкерлер неге тенор дауысты болмайды? Өйткені, Массим­о Джордано сияқты жан-дүниеңді баурап, жүрегіңді суырып алатын даусы бар адам жаман бола алмайтын сияқты. Қазақта тенор санаулы. Сондықтан  фестивальге қатысатын үш операдағы төрт орындаушы – шеттен шақырылған тенорлар. Ла Скала театрының премьері Массимо Джордано – қазір әлемдегі ең сұраныстағы әншілердің бірі. Оны тыңдап отырғанда опера өнерінің дәл сол Италияда пайда болуын заңдылық сияқты қабылдайсыз.

Ол айтады: «Операда сезімдеріңді іркілмей білдіруге болатыны ұнайды». Әсіресе, Пуччинидің шығармаларындағы сезімдер Айвазовскийдің «Тоғызыншы валындағы» сияқты, кемерінен тасып жатады емес пе? Джорданоның арқасында таныс операның бейтаныс саздарын естігендей болдық.

Кезінде бір журналист «Тоска» дегенді «Сағыныш» деп аударып жіберіпті ғой. Опера кейіпкерінің есімін орыс сөзі екен деп қалса керек. Сол айтқан Флория Тосканың партиясын да италиялық әнші Анна Пироцци орындады. Жалпы, экспрессияға бай Пуччини шығармаларына «етті», «ультрадрамалық» дауыстар керек. Өзіміздің Гүлзат Дәуірбаева сияқты. Қойылымның массивті декорациялары суретшінің тамаша жұмысын да атап өткен жөн. Бірақ сол әдемілікке рахаттануға кедергі келтірген бір нәрсе болды. Ол – сахна маңдайындағы аударма. Көзімізге көрінген нәрсенің бәрін оқып үйреніп қалған біз маңдайшаға қараған сайын жүйкеміз тозды. «Созуға болмайды, мұнда қатерлі, Тоска!», «Бұл қажетті зат» («Вот это кстати» дегені), «Мен азаптымын, ол басқаның құшағында мені мазақ етуде!» дейді. Тағы бірде «Мені шат көңіл күтіп тұр» деп қуанады.  Ал, Аннаның даусы, әсіресе, «Бұл сайтанға келісетін өтірік» («ложь, достойная дьявола» дегені), «Қанша сен қорлық көрдің», «Сен берген азап бітті» деген жерлерде шырқау шегіне жетіп, залды сілкіндіріп жатқан еді. «Иә, сатқын делінемін, ақшаны жақсы көремін» деген Скарпьяға да (баритон Альберто Газале) сенейін деп қалғанымыз рас.

Шалажансар аударманы есепке алмағанда, «Тоска» әдемі әсер қалдырды. Оркестрдің бір деммен, біртұтас ағза сияқты ойнағаны – өз алдына бөлек әңгіме. Дирижер – Ренат Салаватовты біздің көрерменге таныстыру да, шеберлігін айтып жату да артық болады .

 

Екінші күн. С.Прокофьев, «Ромео мен Джульетта»

Бұл шығарманы көргенде әңгіме айту, оқиғаны баяндау, кісі болмысын жеткізу, не сурет салу үшін ең тиімді құрал адамның тәні екенін түсінесің.

Прокофьев балет тарихындағы ең драмалық шығармалардың бірін жазды. Адам жанының ең нәзік психологиялық толғаныстарын, Шекспир тілінің байлығын жеткізе білген музыканы орындаушылардың өнері де поэтикалық биікке, мінез ерекшелігіне бай еді. Ромео мен Джульетта (Роман Михалев, Мәдина Баспаева) махаббатының нәзіктігі, Меркуционың       (Арман Оразов) көңілді тентектігі, Ененің (Серина Сунагава) аңқаулығы мен ақкөңілділігі, Падре Лоренцоның (И.Шакирзянов) даналығы, Тибальдтің (Сержан Қауықов) қаталдығы мен қатыгездігі керемет жеткізілді. Мәдина Баспаеваның орындауында Джульеттаның психологиялық өсуі, ерке шолжаң қыздан, махаббатқа лайық көрікті бойжеткенге, одан сол махаббаты үшін құрбандыққа бара алатын аяулы кейіпкерге айналғандағы ішкі трансформациясын көреміз. Италия көшелерінің  шат-шадыман көңіл-күйі, таң шапағының нәзіктігі мен өлім сахналарының драматизмі – бәрі де асқан шеберлікпен орындалды. Ол үшін дирижер Айдар Абжахановқа айрықша алғыс айтуға болады. Балетті қоюшы хореограф Шарль Жюдті театрдың бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев арнайы шақыртыпты. Ал, сценография мен костюмдер италиялық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франка Скуарчапинонікі.

Үшінші күн: М.Төлебаев, «Біржан-Сара»

Фестивальге қатысқан бірден-бір қазақ авторының шығармасы – «Біржан-Сара». Сара партиясын баршаға сүйікті лирикалық сопрано  Нұржамал Үсенбаева орындады. Ал, Біржан партиясына Мария театрының солисі Ахмет Ағади шақырылған. Осыдан он төрт жыл бұрын К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының беташарында дәл осы «Біржан-Сарада», осы жұп өнер көрсеткен. Нұржамал Үсенбаеваның жеке концертінде де оның серіктесі Ахмет Ағади болғаны есімізде. Әсерлі де қызба, әрі лирикалық дауысты Ағадиді опера жанашырлары Біржан партиясын ең тамаша орындаушылардың бірі деп біледі. Кейбірі, мысалы, театр директоры Төлеген Мұхамеджанов «ең үздігі» деп бағалайтынын жасырмайды.

Аналық партиясын –  күшті дауыстың иесі Дина Хамзина орындады. Былтыр «Астана Операның» Мария театрындағы гастролі кезінде петербургтік газеттер: «Біржанның анасын ғажап ойнаған ерекше контральто иесі Дина Хамзинаның жоқтауы, шынайы сезімі есеңгіретті» деп жазғаны есте. Қара ниет Жанботаны Жанат Шыбықбаев, кекшіл Алтынайды Жанат Бақтай, Естайды Бейімбет Танарықов жеріне жеткізе орындады.

Еске салсақ, сонау 1946 жылғы премьерасынан бері «Біржан-Сара» сахнадан түскен емес. Бірақ Ю.Александров сахналаған шығарманың бұл нұсқасы бұрынғыдан өзгерек. Шешім өзгерген, көзқарас өзгерген. Екінші актідегі Біржан мен Сара дуэті қойылымның соңына ойысыпты. Яғни, «Не өмір, не домбыра таңдауыңда!» деген сөз лейтмотив болған бәсекеде өнер жеңіп шығады. Өйткені, Біржанның  өзі дүниеден өткенімен, өнері мәңгі жасайды. Финал – бұрынғыдай қайғылы емес, жарқын. «Өлген» Біржан Сарамен қол ұстасып сахнаға қайта шығады, сөйтіп «Біржан-Сара» есіл кеткен ақынды жоқтау емес, мәңгілік өнерді ұлықтау болып шығады. «Мен музыкалық театрдағы өлім дегенді қабылдай алмаймын» дейді қоюшы-режиссер. Және дұрыс жасайды. Көбінде шет елден келген режиссерлердің көмегіне неге жүгіндік деп қынжылатын жағдайлар болады. Бұл қойылымда басқаша. Ю.Александров операны барынша тыңдарманға жақындатып, бас кейіпкерлердің образдарын, психологиялық портреттерін, олардың драмалық тартысын тереңдете жеткізгендей. Жанбота мен Біржанның текетіресі тұсында сахнаның аяқ астынан түнере қалуы, ал салтанатты той болып жатқанда, алты қанат ақ орданың шаңырағынан найзағайдың жарқылдауы  – осының бәрі Александров мырзаның ұтымды шешімдеріндей әсер етті.

Төртінші күн: Б.Эйфман. «Қызыл Жизель»

Борис Эйфманды қазіргі әлемдік балеттің маңдайдағы жұлдызы, бас хореографы деп біледі. Өз шығармаларына музыканы өзі жазатын (құрастыратын), балетке өз стилімен, өз мектебімен келген оның Абай атындағы опера және балет театрында жұмыс істеуге келіскені – үлкен табыс. Фестивальге қатысқан «Қызыл Жизель» – маэстроның ең шоқтығы биік туындысы деп бағаланып жүр. Чайковский, Шнитке, Бизе шығармаларынан құралған музыкалық қойылымның динамикасы, бүкіл өн бойымен өрілген құштарлық энергиясы санаңда сілкініс жасамай қоймайды. Эйфманнан кейін, «Қызыл Жизельден» кейін дәстүрлі балеттің дәстүрлі қойылымдарына басқа биіктен қарайсың.

Балеттегі оқиғаға, ішкі импульске көбірек мән беретін ол «Қызыл Жизельде» Ресейден жырақтап, психикалық ауруханада қайтыс болған балерина Ольга Спесивцеваның тағдырын баяндайды. Келесі бір мәтін арасындағы мағына – әйел мен ер адамның қарым-қатынасы жайлы. Бірінші актіде талапшыл Ұстаз Нұрлан Байбосынов та, қатыгез Чекист Азамат Асқаров та әйелді адам деп білмей, оны қалай басып-жаншуға, қалай қорлауға болатынын көрсетті. Екі жігіттің де қимылы – нық, қадамы – сенімді. Есесіне екінші акті басталысымен Фархад Буриев әйелді қалай аялауға болатынын көрсетті. Фархад та – қай партияны да техникалық мінсіз орындайтын, сонымен бірге, аса лирикалық биші. Шығармаға ары қарай үңілсек, Кеңес Одағының жабайы көзқарасы өнерді тұншықтырғаны, шын таланттардың жаншылуы көрсетіледі. Алдымен зұлым Чекистің құрбаны болған, одан қашып Францияға жеткенде, сахналасын шын сүйгенде оның сатқындығын көтере алмаған, шексіз кең дүниеде ұлтарақтай орын таппай аласұрған бишінің қасіретін Айнұр Әбілғазина барынша жеткізуге тырысты. Айнұрдың драмалық талантына да барынша тәнті болдық. Қойылымның көпшілік сахнасындағы бишілердің өнерін ерекше атап айтқан жөн. Төңкеріске дейінгі Петербургтегі маңғаз бишілер, төңкерістен кейінгі «уралап» шапқан жұмысшылар, дәуір тексіздігі, француз балетіндегі менмен өнерпаздар, джаз музыкасының ырғағымен жеңіл қозғалған мұңсыз француздар… осылардың қай-қайсын да сомдаудағы кардебалет бишілерінің кәсіби дәлдігін және актерлік шеберлігін атап өткен жөн. Қоюшы-суретші Мартинс Вилькарсис те адаспаған болу керек, костюм суретшісі, Қазақстанда тұрақты жұмыс істеп келе жатқан Вячеслав Окуневке «браво» деуге негіз бар. Ал, Айнұр Әбілғазина шығармадағы негізгі би – «Қызыл Жизельді» қалай шеберлікпен орындаса, шығарманың соңына дейін сол биіктің үдесінен шыға білді. Оның Чекиспен билейтін құштарлық биі де, серіктесімен билейтін нәзік биі де, джаз әлеміндегі шаттығы да, ең соңында Чекистің басымен билеген ессіз биі мен айналар арасына сіңіп, айнаның арғы жағында қалуы да әсерлі болды. Расында, Эйфман балетті жаңа белеске шығарды дегенге келіспеуге шараң жоқ. Шын театр осындай жарқын болу керек және осылай есте қалу керек.

Бесінші күн. А.Хачатурян, «Спартак»

«Спартак» – ең алдымен тақырыбымен қызықты шығарма. Құлдардың көтерілісі мен махаббат хикаясы, тақ тақырыбы мен қызғаныш лейтмотиві қатар өрілген дүние қызық болмағанда қайтсін?! Әйтеуір іш пыстыратын «Спартакты» көреміз деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті. Өкінішке қарай, дәл осы қойылымда динамика, рух пен жігер жетіспеді. Орындаушылардың қимыл-қозғалыстарының бәрі шектеулі, көбінде демонстрациялы түрде қолын сермеп, мойнын созып жүретін де қоятын сияқты. Спартак-Бахтияр Алдамжанға, Фригия-Мәдина Баспаеваға, Ресейдің Үлкен театрынан арнайы келген Красс-Александр Волчков пен Эгина-Екатерина Шипулинаға айтар сынымыз жоқ. Олар әсем ғана емес, барынша қызықты шығарма ұсынуға тырысып-ақ жүр. Бірақ хорегорафтың тапсырмалары жас әртістердің энергиясына ілесе алмайтын сияқты. Үшінші перденің 11-көрінісі (Эгинаның сатқындар қосынындағы лаңы) қойылымнан есте қалған оқиға осы болды. 12-көрініс, реквием – Фригияның Спартакпен қоштасуы әсерлі шықты.  Қоюшы-хореограф  – аты аңызға айналған Юрий Григорович. Бірақ Ресей сыншылары соңғы кезде мэтрді «құлдырау дәуірін бастан кешіп жатыр» деп айтып жүр. Бәлкім, осы пікірмен де келісуге болатын шығар. Әйтпесе, костюмдер мен декорацияға да, оркестр мен дирижер Айдар Абжахановқа да алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

P.S: Фестивальдің қызықтары мұнымен түгесілмейді. Алда әлі Қытай өнерпаздарының концерті, «Аққу көлі» мен «Богема», Мария театрының қос қойылымы бар. Гергиев күнде келмейді, бармай қалуға болмайды. Биік өнердің мәртебелі салтанаты жалғаса береді деген дәмеміз де жоқ емес.

Copyright © Astana Opera, 2014 Фото авторы: Karla Nur

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + four =